Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көргені жоқ па, надандық па?!»: Құлбек Ергөбек тұңғыш түріктану музейін жауып тастаған ректорды сынады (видео)

24.02.2025, 21:00 35

HALYQLINE.KZ

Жазушы, әдебиет сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек Adal Adal youtube арнасына берген сұхбатында Түркістан қаласындағы Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейі жабылып қалғанын айтты.

«Халықаралық қазақ-түрік университетінен Бейсембай Кенжебайұлының атындағы түріктану музейін ашқанмын. Кезінде өзіме берілгелі тұрған қызметтік пәтерден бас тартып, ректорға қолқа салып, сол ғимаратты түріктану музейіне айналдырдым, өз қаражатыма жасақтадым. Мен музей ісінің білгірі Өзбекәлі Жәнібековтің шәкіртімін, сондықтан жақсы музей жасадым деп ойлаймын және ол дүниежүзіндегі тұңғыш түріктану музейі болатын. Бірақ төрт жыл бұрын қазіргі ректорымыз Жанар Темірбекованың көргені жоқ па, әлде білімсіздік пе, надандық па, сол музейді жауып тастады. Түркияда 15 жыл жүріп Топкапыдай музейге кірмеген-ау шамасы. Әйтпесе музейге шабуыл жасамау керек еді. Музей 15 жылдай жұмыс істеді, ашуға да біраз уақыт кетті. Музейді ашу қиын, жабу оңай. Ал Жанар Темірбекова өзі текті тұқымнан. Оның әкесінің ағасы Сәдуақас Темірбековпен сыйлас болған едім. Жаны жайсаң зиялы адам болатын. Өмірбек Жолдасбековтің ректор болуына да ықпал еткен еді. Философия ғылымдарының кандидаты еді. Бірақ бір ұрпақ үшін бір ұрпақ жауап бермей ме… Мағжан ақын «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дейді. Толқыннан толқын туғанмен, толқынды толқын қумай тұр. Біз ата дәстүрімізге ие бола алмай отырғанымыз ғой. Ол музейді жабу деген сөз жалпы түрік дүниесінің ынтымағына шабылған балта, керілген керме, жасалған қиянат деп ойлаймын», – деді Құлбек Ергөбек.

Жазушы-ғалымның айтуынша, қазіргі таңда музейдің жәдігерлері жайсыз жерде жатыр.

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: