Республикалық ғылыми жобалар байқауында Қызылорда қаласындағы NIS оқушылары марапат төрінен көрінді.
Білім бәсекесі Ақтөбеде жаратылыстану-математикалық бағытында өтті.
Алтын жүлде иегерлері – Аяжан Төребек пен Әділхан Жантурин. Олар инсульт алған науқастардың моторикасын қалпына келтіруге арналған интерактивті тренажер жасап шығарды. Сондай-ақ, І орынды жеңіп алған Еламан Мирзахан атмосфералық ауадағы адам ағзасына зиянды PM2.5 бөлшектерін анықтайтын Dabyl құрылғысын әзірледі.
Күміс жүлде Надира Атымтай мен Дара Сактапбергенге бұйырды. Олардың RauSAT 2.0 нано-спутнигі жарықтылық, қысым, температура, теңіз деңгейінен биіктік секілді қоршаған орта көрсеткіштерін бақылауға арналған. Сонымен қатар, бұл құрылғы Жердің жасанды серіктерінің ғарыштағы бағдарын басқаруға көмектеседі.
Қола жүлдені иеленген Гүлім Болатқызы мен Ерасыл Айдарбек ғарыштық байланыс саласына арналған ерекше құрылғы ойлап тапты. Олар «Ақпаратты алыс қашықтыққа жіберу үшін лазер сәулесін пайдалану» тақырыбын зерттеп, деректерді тиімді тасымалдауға мүмкіндік беретін инновациялық модель ұсынды.
«Радиотолқындар алыс қашықтыққа деректерді жеткізуде кеңінен қолданылады, әсіресе ғарышта. Алайда, олар ұзақ қашықтықта әлсіреп, кешігуге ұшырайды. Бұл мәселені шешу үшін лазерлік технологиялар қолданылып, деректерді жіберу жылдамдығы мен дәлдігі арттырылуы мүмкін», – дейді жоба авторларының бірі Ерасыл Айдарбек.
Айта кетейік, байқауға қатысқан сырбойылық оқушылардың барлығы жүлдемен оралды. Олардың ғылыми жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Әділжан Науан.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!