Қызылорда қаласында жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан республикалық турнир басталды.
Шараға қала әкімі Нұржан Ахатов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биыл аталған турнир 29-шы мәрте ұйымдастырылуда.
«Ауған соғысында ерен ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің бірі – жерлесіміз Батыржан Шалғынбаев. Батыр өліммен бетпе-бет келсе де, өжет мінез танытып, ерліктің туын жықпады. Өрімдей жас жігіттің қайтпас қайсарлығы ел ішінде аңызға айналды. Батырын ұлықтаған Сыр өңірі жауынгер-интернационалистің есімін ардақтап, еске алу мақсатында жыл сайын турнир ұйымдастырып келеді,»- деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Турнирге 32 команда, 480 спортшы қатысуда. Нәтижесімен 4 жүлделі орын айқындалады және «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Шабуылшы», «Мерген ойыншы», «Үздік ойыншы», «Үздік төреші» номинация иелері анықталады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!