Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаладағы қарқынды істер бәсеңдемейді

11.02.2025, 15:15 61

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл елордадан Қызылордаға кіреберіс бағыттағы Сағымбаев көшесі толықтай жаңғыртылады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеді.

– Жоспарымыздағы тағы бір жоба – Сырдария жағалауының бойынан Ескі базар мен «Мерей» мөлтек ауданы аралығына жаңа жол салу. Оған байланысты қажетті құжаттары әзірленуде. Жуырда аспалы көпір аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпіріне қайта жаңғырту жұмыстарын бастаймыз. Жолдарымыздың аясы кеңігесін, көлік кептелістерінің азаятыны белгілі. Дегенмен, жыл сайын қаламызда автокөліктердің саны артып келеді. Жыл қорытындысындағы мәлімет бойынша, облыс орталығына тіркелген көліктердің саны 88 мыңнан асқан. Бұл санның әлі де артатындығы анық. Осының барлығы ескеріле, облыс әкімінің үйлестіруімен теміржол асты автокөлік өткелін салу жобасы қолға алынды. Бүгінде Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірінің құрылыстары жүргізілуде, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Қызылордада халық демалатын, әсіресе жаздың аптабында саялайтын орындарды абаттандыру, саябақтар мен сквер-аллеяларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар балаларын ертіп баратын, алаңсыз демалатын, үлкен-кішіге бірдей ыңғайлы, қауіпсіз саябақтар, парктер көп әрі қолжетімді болуы үшін жобалар әзірленіп, тиісті жұмыстар жасалуда.

– Қазір қалалық мәдени және демалыс паркі қайта жаңғыртылуда. Кеше ғана Тұңыш Президент, Денсаулық саябақтарына да жаңғырту жұмыстарын бастадық. Бұл аумақтарда күрделі жұмыстар жүргізіліп, соңғы үлгідегі аттракциондар қойылады. Су бұрқақтары, амфитеатр, жаяу жүргіншілер мен веложол салынып, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары ашылады. Маңызды жобаларымызда Батырхан Шөкенов атындағы саябағы мен Қорқыт Ата мемориалы аллеясы бар. Осы аумақтарда биыл абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді, – деді қала әкімі.

Елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Газдандыру тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға оң әсерін тигізетіні белгілі. Өткен жылы Қызылорда қаласына іргелес Ақжарма ауылдық округі газға қосылды.

– Халық игілігі жолындағы шаруаларымыздың бірі – елді мекендерді толық газ желісімен қамту. Өткен жылы қалаға іргелес жатқан Ақжарма ауылдық округі «көгілдір отынға» қосылып, тұрғындардың көптен бергі талап-тілегі орындалды. Бүгінгі күні «Сабалақ» саяжайын және қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру ісі жалғасуда. Ендігі кезекте Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту негізгі жоспарға енгізіледі. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, биыл шаһарымыздың Бас жоспары қайта бекітіледі. Жаңа Бас жоспар қала жанындағы саяжайларды қамтиды. Басты құжатқа сүйене отырып, біз «Эдельвейс», «Еңбек», «Орбита» секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: