Оқу-білім үздіксіз дамуды талап етеді. Оған дұрыс көңіл бөліп, қажеттіліктерін қамтамасыз ету маңызды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында да татымды тірліктер, жағымды жаңалықтар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сырдарияның сол жағалауынан 900 және «Ақмаржан» ықшам ауданынан 300 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да білім ұялары шаһарда көптеп бой көтереді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеді.
– Елімізде алғашқылардың бірі болып есігін айқара ашқан білім ұялары балаларымызға теңдессіз тарту болды. Биыл дәл осындай заманауи тағы үш мектептің құрылысы аяқталып, игілікке табысталады. Аймақ басшысының тегеурінді талабымен үш ауысымдық мектептер мәселесінің толық шешімін тапқанын білесіздер. Бұған дейін 4 білім ұясының жанынан қосымша ғимараттар салынды. Ескі мектептер күрделі жөндеуден өтіп, қайта түлеуде. Осының барлығы білімге салынған инвестиция – болашақ негізі екенін ашық айтуымыз қажет. Мұндай ширақ шаруалардан бөлек, аймақ басшысының үйлестіруімен, «ҚазГермұнай»компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы»пайдалануға берілді. Жарқын жобалар қатарын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты толықтырады.«Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен салынып жатқан музыкалық колледж де биыл ашылады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясының» құрылысы да биыл аяқталатын болады, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!