2024 жылы Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті 84 аудиторлық іс-шара арқылы қаржылық бақылау жүргізген. Оның дені – мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарының сақталмауы салдарынан болған рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар. Жүргізілген 84 аудиторлық іс-шараның 56 аудит материалы бойынша қаржылық бұзушылықтар анықталған немесе қаржылық бұзушылықтардың үлесі 67 пайызды құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Ербол Күзембаев мәлімдеді.
– Өздеріңізге белгілі, Ішкі мемлекеттік аудит органдары – Мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуына бақылау жүргізетін уәкілетті орган. Департамент тарапынан анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау туралы білім, құрылыс, денсаулық сақтау және тағы басқа саланың жауапты тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда, Комитет және оның аумақтық Департаменттері тарапынан білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарымен қазынашылық органдары арқылы жүргізілген ақша аударымдарына 11 тәуекел бейіндері бойынша онлайн мониторинг жүргізілуде. Атап айтқанда, 1 жылда 1 жеке тұлғаға қаражаттың аударылуы, қызметкерге тиесілі емес карт.шотқа ақша қаражатын аудару, 1 қызметкер бойынша 2 немесе одан да көп карт.шоттарына аударым жасау және тағы басқа. Өз кезегінде, Департамент тарапынан бюджет қаражатының дұрыс, мақсатты жұмсалуына, мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуына бақылау үнемі жүргізіліп отыратын болады, – деді Ербол Қабаштайұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!