Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТРАНЗИШН немесе жаратылысынан жерігендер

16.01.2025, 11:40 234

Қазіргі таңда қоғамда қалыпты көз­қарасқа айналып бара жатқан жастар арасындағы жыныс ауыстыру жайын қозғамақпыз. Қазір медицинаның қарыштап дамығаны соншалық, шипасыз дерт кемде-кем. Ағза ауыстыру, өзгенің өкпе, жүрек, бауырымен өмір сүру қалыпты құбылысқа айналды. Тіпті, еркектен – әйелге, әйелден – еркекке айналу да сөз болудан қалған. Бүгінгі күні транс болып, жынысы мен амал-әрекеттерін ауыстырып жатқандар көбейді. Бұрын олар туралы ақпаратты арасында ғана естісек, бүгінде әлеуметтік желіні ашқан сайын жаратылысынан жерігендерді көретін болдық. Жалпы, транс деген кім? Олар бұл жағдайға қалай келді? Олардың ең алғашқы шығу тарихы қалай? Алды­мен  осы  сауалдарға  жауап  іздесек.

Жыныс ауыстыру медицинада «транзишн» деп аталады. Бұл термин, ағылшын тілінен аударғанда, «ауысу» немесе «өту» деген мағынаны білдіреді. Ал өзін туған жынысына жат сезінетін адам­дарды қоғам «трансгендер» деп атайды. Тарихқа  көз  жүгіртсек,  әлемде алғашқы жыныс ауыстыру операциясы 1931 жылы даниялық суретші Эйнар Вегенерге жасалған екен. Бастап­қыда жұба­йының өтініші бойынша әйел кейпінде сурет кейіпкері болған ол, кейін­нен әйел киімін тастамай, өзін әйел ретінде жайлы сезінетінін айтқан. Ақырын­да, Эйнар жыныс ауыстыру операциясынан өтіп, есімін Лили Эльба деп өзгерткен. ХХ ғасырдың басында мұндай қадамға баратын адамдарға көбіне «шизофрения» диаг­нозы қойылып, оларды психиатриялық ауруханаларда оқшаулап ұстаған. Дегенмен, қоғамның қарсылығы трансгендерлердің санын азайтпады. Керісінше, жасырын түрде жыныс ауыстыру операция­ларын жасайтын клиникалар пайда болды. Әсіресе, 1972 жылы бұл операциялар саны күрт артты. Бұл жылдары «Циклоспорин» препараты ойлап табылып, ағзаның жаңа мүшені қабыл­дамауын тоқтата алатын мүмкіндіктер туды. Осылайша, мұндай операциялар  сәтті  өтетін  жағдайлар көбейді.

Кейбір елдер жыныс ауыстыруды заңдастыра бастады, олардың алғашқыларының бірі – Швеция. Қазіргі уақытта жыныс ауыстыру операцияларының саны бойынша Таиланд көш бастап тұр. Мұнда көптеген трансгендер операция құнының салыстырмалы түрде арзан болуына байланысты келеді. Сонымен бірге, Иран да жыл сайын шамамен 500-ге жуық операция жасап, бұл салада алға шықты.

Біздің елімізде де шетелдегі секілді жыныс ауыстыру­ға заңды түрде рұқсат берілген. 2020 жылы 25 қарашада Денсаулық сақтау министрлігі арнайы бұйрық шығарып, гендерлік сәйкестігі бұзылған адамдарға медициналық куәландыру және жыныс ауыстыру рәсімдерін бекітті. Бұл құжат бойынша жынысын ауыстыру тек 21 жасқа толған және қабі­летті адамдарға ғана мүмкін. Бірақ психикалық немесе мінез-құлық ауытқулары бар адамдарға жыныс ауыстыруға рұқсат берілмейді. Жынысын ауыстырғысы келетіндер алдымен психиатриялық медициналық мекемеге өтініш береді. Психиатр науқасты тексеріп, егер психикалық күйі күмән тудырса, оны медициналық ұйымға стационарлық тексеруге жібереді. Егер психикалық бұзылыстар болмаса, науқас медициналық тексеруден өтеді, содан  кейін  арнайы  комиссияға  жіберіледі.

Медицина бұл тақырыпты толығырақ ашарын ескеріп, Алматы қаласының уролог, реконструктивті-пластикалық хирург маманы Салгаддин Қасымов­пен  пікірлескен  едік.

– Жынысын ауыстыруға арналған медициналық комиссияның құрамында психиатр (біреуі сексопатология маманы болуы тиіс), уролог, гинеколог, терапевт, эндокринолог және психолог бар. Операцияның ұзақтығы 5-6 сағатты құрайды, бірақ жыныс ауыс­тыру бір ғана операциямен шектелмейді, ол бірнеше ота жасауды талап етеді. Операциядан кейін науқас өмір бойы гормондық дәрілерді қабылдауға мәжбүр болады, бұл бауыр мен басқа ағзаларға әсер етуі мүмкін. Алайда, жыныс ауыстырған адам өз генін өзгерте алмайды және гормондық дәрілердің әсерінен бұрынғы гормондар сақталады. Кейбір трансгендер гормондарды шамадан тыс қабылдау арқылы психикасына теріс әсер етеді, бұл суицидке дейін апаруы мүмкін. Сол себепті алдымен пациенттің не қалайтынын, не үшін ота жасатуға бел буғандығын, сондай-ақ қаншалықты тәуекелде тұрғандығын сұрап, ескеріп, содан соң ғана іске көшеміз. Бұл ретте психолог, психиатр мамандар жұмыс істейді. Ал, ота  құнына  келер  болсақ,  шамамен  айтайын, 1-1,5 миллион теңге арасында. Пациенттің денсау­лық жағдайына да  байланысты біз көрсететін ем-шара құны да өзге­реді. Көрші мемлекет Ресейде осыдан 2 жыл бұрын бұл отаға тыйым салды. Өзім өзге ұлт өкілі болсам да әр адамның жеке пікірі, шекарасы болғанын, мұндай жағдайда түсіністік танытып, ситуациясын тереңінен түсінуге тырысамын. Қазір Қазақстанда транстарға көзқарас нашар, қолдау аз әрине. Көзіміз көріп үйренген соң, бұл ретте әр пациенттің жағдайына қарай икемделеміз, әрине, бұл – маманның  көзқарасы, – дейді  дәрігер.

ЖАРАТҚАННЫҢ  ЖАРАТЫЛЫСЫН  ЖОҚҚА  ШЫҒАРУ

Ислам көзқарасы бойынша, жыныс ауыстыру харам деп есептеледі. Құранда адам өмірін сақтау маңыздылығы айтылды, бірақ жаратылысты өзгерту үлкен күнә саналады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бір адамды өлімнен құтқарса, барлық адамды тірілткенмен тең» деп адамдарға өмір сыйлаудың сауабы көп екенін өсиет еткен. Әрине, ағза берген адамның өзіне зиян болмауы керек. Егер қайтыс болған адам басқаны құтқару үшін ағзасын беруді өсиет етіп кетсе неме­се жақын туысқандары рұқсатын берсе, онда ол марқұмның мүшелерін алуға болады. Бірақ дене мүшелерін сау­даға салу – үлкен күнә. Оны сатуға, арам пиғылға пайдалануға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады деп айтылған. Ислам бойынша адамға өзінің жаратылысы ұнамай, ағзасын өзгерт­се, ол күнә саналады. Мысалы, жынысты ауыс­тыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Шари­ғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Сонымен қатар, дәрігер ғалымдар трансгендерлердің пайда болуын гормондық бұзылыстар немесе психологиялық әсерлермен байланыстырады. Бұл жағдайлар әлеуметтік және отбасылық факторлармен де әсер етеді. Қазіргі уақытта трансгендерлердің қоғамда жиі көрінуі, олардың өміріне қызығушылық артып, белгілі бір трендке айналып бара жатқандығы байқалады. Осы себептен қоғамда тәрбиелік жұмыстар мен отбасы құндылықтарын насихаттау маңызды.

Атап айтар болсақ, жыныс ауыстыруды қалыпты деп санайтындардың саны саусақпен санарлық емес. Өкініштісі де осы. Заман дейміз, ендігі заманауи тренд, көш дейміз. Десек те дауасы жоқ дертті қолданысқа қалай енгізгенімізді байқамай да қалдық. Түркі әлемінің бесігі, қазақылықтың қаймағы қалқыған Түркістанның өзінен бір емес бірнеше «транссексуал» шығуда. Блогерліктен дөрекілікті тренд көріп, шатастырып жүрген жастар легі осы транстардың әлеуметтік желідегі парақшасын аңдып  әлек. Аталмыш адамдар өздерінің құқық­тарын қорғап, заң жүзінде әлеуметтік таптан екендігін  ақтап  әуре.

ТРАНССЕКСУАЛИЗМ  –  ДЕРТ  ЕМЕС

Психолог Айжан Әбдіқалықова бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан қарайтынын айтты. Психологтың пайымдауынша, транссексуализм – дерт емес.

– Трансгендерлік – бұл жыныстық сәйкестіктің адамның биологиялық жынысына сәйкес келмеуі. Бұл құбылыс қазіргі қоғамда жиі талқыланып жүргенімен, ол жаңа емес. Мұндай сезімді бастан кешіретін адамдар ұзақ уақыт бойы өздерін түсінбеушілік пен қысымның ортасында сезінеді. Әсіресе, жасөспірімдер кезеңінде мұндай сезімдер күшейе түседі, өйткені  бұл – тұлғалық қалыптасу уақыты. Осы сәтте ата-ана, достар және қоғамның қолдауы өте маңыз­ды. Қоғамда трансгендерлікке қатысты көзқарас әртүрлі болғандықтан, жастардың ойлары да ал­уан түрлі болуы заңды. Бұл мәселені терең түсіну үшін оны тек эмоционалдық емес, ғылыми тұрғыдан қарас­тыру  керек, – дейді  ол.

Аталмыш ауру психологтың пайымынша дерт болмаса, қоғамның көзімен  қарасақ, қисын­сыз  қылықтағы коғамның бұзы­лысы екендігін көреміз. Осы тұр­ғыда қаладағы 15 пен 25 жас аралығындағы 200  жасөспірім мен жастар арасында сауал­нама жүргізгізген болатынбыз. Сауалнама  барысында  келесі  сұрақтар  қойылды:

* Сіз трансгендерлік туралы білесіз бе?

* Бұл тақырыпқа көзқарасыңыз қандай?

* Сіздіңше, қоғам трансгендерлерді қалай қабыл­дауы  керек?

Сауалнама нәтижесі бойынша: 80%-ы транс­гендерлік туралы білетінін және бұл тақырыпты әлеуметтік   желілер мен  жаңалықтар арқылы талқылағанын айтты. Ал 45%-ы бұл құбылысты заманауи қоғамның бір бөлігі ретінде қабыл­дайтынын атап өтті. Сондай-ақ, 30%-ы трансгендерлікке бейтарап көзқараста екенін және әркімнің жеке өміріне араласпау керектігін айтса, 25%-ы бұл мәселені  әлі  де  түсінбейтінін және қосым­ша  ақпарат  қажет  екенін  мойындады.

Сауалнама барысында кейбір жас өз ойымен бөлісті. Мәселен, студент Аяжан:

– Әр  адамның  таңдауына  құрметпен  қарауы­мыз керек деп ойлаймын. Әлеуметтік желіде көп көреміз, танымал блогер ретінде танимыз. Бірақ мен үшін бұл тақырып сәл түсініксіз. Бізді мектепте мұндай  мәселелерге  үйретпеді,  сондықтан  әлі  де  көп  нәрсе  білгім  келеді, – дейді.

Ал, тағы бір сауалнамаға қатысушы, жас кәсіпкер Ерасыл бұл тақырыпқа бейтарап қарайтыныдығын және бұл адамның жеке ісі деп қабылдайтығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, қоғамда барлығына ортақ шека­ралар болуы керек деп санайтынын айта­ды.

Қоры­та келе, ба­тыс­тың бы­лығы бізге де жеткені­мен, адами болмысымыз­ды бүл­діруге болмайтын­ды­ғын  біліп  жүрейік. Саналы ұрпақ тәрбиелеу – отбасының  басты  мінде­ті. Қылықты қыз, мінезді ұл өсіру үшін отбасының берік қағидасын, тәрбиесін заман жетегіне жүгініп-ақ та жасауға болады. Ұлттық тәрбиенің діңгегін түзетейік. Қоғамның қырағы көзі кез келген дүбәра дүниені дүрліктіруі анық. Дегенмен, дін де, қанымыздағы қазақы құндылығымыз да бұл  былыққа  бейжай  қарай  қоймасы  анық.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: