Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғылымның мәселесі саясаткерлердің айтқаны бойынша шешіледі

13.01.2025, 11:15 136

HALYQLINE.KZ

Жаһандық саясаттағы ғылымның басымдығы өсіп жатыр. Себебі әлемде университеттер ғылым жасайды. Бизнес оны технологияға енгізеді. Мысалы, ЖИ-ді қолданысқа енгізіп жатқан – кәсіпкерлер мен жеке сектор. Яғни бизнестің сұранысы, экономикалық қызығушылықтар – ғылыми теорияның дамуына әсер ететін үлкен бір фактор. Біздің елде де ғылым мен экономиканы ұштастыруға тырысады. Бірақ ғылым өз бетінше дамуы керек. Ал экономика соның ішінен керегін алады. Ғылым мен технология бір нәрсе емес екенін түсініп, аражігін ажырата алу маңызды. Оның үстіне, бізде алу бар, сату бар. Ортасында өндіріс пен өңдеу жоққа тән. Экономикасы алыпсатарлыққа негізделген елде бизнестің ғылымға елеулі сұраныстарының болмауы да орынды шығар.

Қазақстанның қазіргі ғылымы – КСРО-дан келе жатқан инерция. Оған дейін бізде ғылым болған жоқ. Қолда бар ғалымдарымыз экономикадан бөлек, мемлекеттегі басқа мәселелерге келгенде де елеусіз. Пікірлері сұралады, бірақ ескеріліп жатқаны шамалы. Көп сауалдар саясаткерлердің дұрыс деп тапқаны арқылы шешілуде.

Қазіргі ғалымдардың болашақ ғалымдарды тәрбиелеу жүйесі де ешкімді қызықтырып жатқан жоқ. Университеттер оқытушы ғалымдарды қалай таңдайды, олар қалай оқытып жатыр? Шын мәнінде жекеменшік университеттер ғана студенттерді тарту мақсатында мықты оқытушыларды жоғары жалақы беріп шақыруда. Ал ұлттық, мемлекеттік ЖОО-ларда кімнің, қалай оқытып жатқанына аса назар аударыла бермейді. Студенттер де мемлекеттің ақшасына оқып жатқандықтан маған кім сабақ береді, не үйретеді деп емес, грант алдым, енді диплом алсам деп келеді. Магистратура мен докторантураға да ғылым деп емес, стипендия мен әлеуметтік лифтіде көтерілудің жолы деп қарау құбылысы бар. Осы және ғылымдағы өзге де көптеген қатпарлы мәселелерді ескере отырып, біздегі ғылымды басқарудың тиімсіз моделін өзгертуге тырысқан жөн.

Болыс  СӘБИТБЕК,

ғалым.

«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен (26.12.2024ж)

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: