Зәуре ӨКСІМБАЕВА,
I топ мүгедегі:
– Зәуре, әлеуметтік желіден байқаймыз, қашанда тағдырластарыңыздың мәселесін шешіп беруге дайын жүресіз. Жалпы, мүгедектердің мұңын жеткізу, мәселе айту жайына тоқталайықшы…
– Бала кезден I топ мүгедегімін. Сол кішкентайымнан сал ауруымен ауыратындықтан, маған мүгедектердің кедергіге толы өмірі өте таныс. Қайда барсақ та, қиындыққа тап боламыз. Көп мекемеде пандустар тек сыртында ғана орналасқан, ішіне кірсең, тек сау адамдарға арналған баспалдақтар болады, одан өте алмай қиналасың.
Мүгедектердің жұмысқа тұру мәселесі де өте қиын. Квота аз бөлінеді. Қоғамдық жұмысқа Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамына 14 адамға ғана квота бөлінген. Себебі, Қызылордада 500-ге жуық қоғамдық бірлестік бар. Оның 20-ға жуығы мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істейді. Әрқайсысының 15-20 адам ғана алуға мүмкіндігі бар. Яғни, субсидия арқылы қаржыландырылады.
Мысалы, мүгедектерге 2 жыл бұрын толық емес жұмыс күні деген жеңілдік бар еді, бірақ айлығын толық төлейтін. Қазір азанғы 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін 8 сағаттан аспайтын жұмыста болу міндеттеледі. Бұрынғыдай аптасына 36 сағат толық емес жұмыс күні деген ереже алынып тасталған. Сондықтан, өз мамандығымыз бойынша жұмыс табылып жатқан жоқ, қоғамдық жұмыстың қаржысы жыл аяқталмай таусылып не бөлінбей қалады. Мен екі дипломым бола тұра жұмыс таба алмай жүрмін. Мен сияқты мүгедектер жұмыс жоқтығынан үйде отырып қалып жатыр.
– «Қос мамандығым бар» деп қалдыңыз. Біріншісі – журналист, екіншісі заңгер екенін жақсы білеміз. Осы орайда, мүгедектігі бар балаларды бағып отырған ата-аналарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Мүгедектігі бар баланы бағып отырған ата-аналар мынадай қателік жасайды. Мүгедек баласын аяйды ма, білмеймін, әлде сау адам секілді өмір сүре алмайды деп есептей ме, әйтеуір математика, физика, химия, т.б. күрделі пәндерден босатып, оқытпай қояды. Салдарынан ертең білім грантына құжат дайындағанда, ең негізгі оқулықтарды оқымағандықтан, ол бала грантты ұта алмайды, жоғары оқу орындарында оқи алмайды. Осы қателіктерді ата-аналар жиі жібереді.
Мүгедектерді оқытатын, мамандық алатын оқу орындары аз. Көбіне Шымкент қаласындағы қаржы мен Кентаудағы етікші, тігінші мамандығын оқытатын екі колледжге жібереді. Сонда қыздар – тігінші, ұлдар етікші мамандығын алып шығады. Басқа көп оқу орнында мен білетін жеңілдіктер қарастырылмаған. Сосын колледждер көбіне ақылы түрде оқытады.
– Соңғы дерек бойынша, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар 56 мың адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 25 мың отбасы тұрғын үй алуға кезекте тұр. Бұл – республикаға тән статистика.
– Келісемін, мүгедектерге көп кездесетін кедергінің бірі – тұрғын үй. Бірақ, бұл кедергі жыл сайын жойылып келеді. Тұрғын үй заңнамасында 20-25 жыл кезекте тұрып пәтер алсақ та, оны жекешелендіре алмайтын едік. 2024 жылдың 4 желтоқсанынан бастап Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң бойынша, I-II топ мүгедектері үйлерін жекешелендіре алады. Басқа санаттар үйдің 30 пайызын төлеп, қалғанын 10 жыл бойы төлеп тұратын еткен. Тағы бір жаңалық, III топ мүгедектеріне тұрғын үй кезегіне тұру мүмкіндігін 2012 жылы алып тастап еді, сол жеңілдікті қайта қалыпқа келтірді.
– Жақсы жаңалық екен. Айтпақшы, мәжілісте де тағдырластарыңыз отыр ғой, олар мәселе көтере ме?
– Әрине, мәжіліс депутаты, тағдырласым Таңсәуле Серіковке алғыс айтамын. Себебі, ол менің ұсынысымды қабылдап, университет оқуына бөлінген 2 пайыз квотаны 4 пайыз етіп көтеруге атсалысты.
Былтырдан бастап 20-ға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматты Мәжіліске депутаттыққа қабылдады. Сол әртүрлі партия атынан Кенжеғұл Сейтжан, Таңсәуле Серіков, т.б. кісілер заң шығаратын органда біздің құқықтарымызды қорғап жүр. Мен де сонда барсам, тағдырластарымның мұң-мұқтажын айтар едім.
– Облыстағы инватаксилердің жұмысы көңіліңізден шыға ма? Мұны сұрау себебім, жуырда ғана Үкімет басшысы Олжас Бектенов республикадағы инватакси қызметін сынға алған еді.
– Мысалы, «Қызылорда қаласы бойынша 5 инватакси жұмыс істеп жүр» деп айтылады. Оның қызметін жұмысқа баратындар мен оқитындар пайдаланады. Облыс бойынша барлығы 13 инватакси бар. Оларды мемлекет қаржысынан емес, демеушілердің қаржысымен облыс басшылығы меморандум арқылы қол қойып, өтініш жасап, алып беретін. Ол такси жүргізушілеріне жалақы, көлікке жанар-жағармай қаражатын жергілікті билік бюджеттен бөледі. Қазір 13 инватаксидің нақты жүріп тұрғаны – 3 не 4. Ол Қызылорда қаласы бойынша нақты оқитын, жұмыс істейтін 600-ге жуық мүгедекке аздық етеді. Біз инватакси қызметін күнделікті қолдана алмаймыз. Екі күнде бір, кезектесіп пайдаланамыз. Кейде заматында шақырсақ, үлгере алмайды.
– Екі ай бұрын «Мінбердегілерге мүгедек мұңы жете ме?» деген тақырыпта мақала жазған едік. Онда жаяу жүргіншілер көпіріндегі жеделсатылардың қолжетімсіздігі туралы сөз қозғадық. Оны қайталап айтпай-ақ қояйық, басқа қандай мәселе бар?
– Біз пайдаланып жүрген арбалар 5 не 7 жылға пайдалануға беріледі. Қытайдан шығарылатын болғандықтан, олар әрі кетсе 3 жылға ғана шыдайды. Сондықтан, оны өзіміз сатып аламыз. Мен 2019 жылдан бері демеушілер арқылы қажетті заттарды (арба, таяқ, жаялық, т.с.с.) алып, тағдырластарыма жеткізіп беремін. «Жан Шуақ» қоғамдық қоры берген арнайы сыйлық 1 миллион теңгенің бір бөлігіне де көмекке мұқтаж жандарға керекті затын алып бердім. Жалпы, қайырымды жандарға өз жағдайын жеткізуді сұрайтындар өте көп.
Бүгінгі күні әр өңірдің белсенді мүгедек азаматтарымен бірігіп, депутаттар не министрлермен онлайн конференцияға қатысып, мәселені бірге талқылаймыз, мұң-мұқтажын ашық жеткіземіз. Тіпті, сол арқылы жеңістерге де жетіп жатырмыз. Жалпы, мүгедектерде белсенділік төмен. Тағдырластарымның 80 пайызы өмірге әлі бейімделе алмай жүр.
– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан Рыскелді ЖАХМАН
Тақырыпқа тұздық
Бұған дейін Үкімет отырысында мүмкіндігі шектеулі жандардың басында болатын қиындықтар ашық талқыланған еді. Сонда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің өзі «Мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі мәз емес. Бұл – өте маңызды мәселе. Бақылауға алу керек» деп ашық айтқан-ды.
Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде 148 мың мүгедектігі бар адамның жұмысқа орналастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, еңбекке жарамды мүгедектігі бар жандардың тек 39 пайызы ғана өзіне жұмыс таба алатыны белгілі болған. Соңғы 3 жылда балалар арасындағы мүгедектік 11 пайызға өскен. Негізі себептің бірі – туабітті аурулардың жоғары болуы.
Жыл басынан бері бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға 851 жеңілдіктегі ипотекалық қарыз берілгені туралы ақпарат бар. Солай бола тұра, бас ауыртарлық баспана мәселесі жарымжан балаларды тәрбиелеп отырған азаматтардан да айналып өтпей тұр. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың айтуынша, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар 56 мың адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 25 мың отбасы тұрғын үй алуға кезекте тұр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!