Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ашаршылық ақиқаты қашан ашылады?

28.05.2020, 11:35 1918

«Ашаршылық ақиқаты» кітабын шығару кезіндегі түйгендерім

Суретті салған Ғ.Боранбаев

Отыз жылдай болды тәуелсіздікке қолымыздың жеткеніне, отыз жылдай болды өз тарихымызды шынайы зерттеп, өз еркімізбен жинастырып жинақтауға қолымыздың жеткеніне. Бірақ отыз жыл уақытымыз бекер кетті, қазақ үкіметі бұл уақытты пайдаланбады, тіпті пайдаланудан бас тартты деуге болар…

Осы кезеңде ашаршылық жайлы көптеген жаңа деректер, құпиялар ашылды. Біраз сұмдық құпияларды Ресей үкіметі 2000 жылдардың басын­да ашып тастады, аз ғана уақытқа. Артынша дереу жапты, қаншама сұмдық құпиялардың шет жағасын ашып қойғанын дереу түсіне қойды. Путин бұл деректерді 2050 жылға дейін жабуға бұйрық етті. Бірақ сол ашылған аз да болса­ құпияларды қазақ үкіметі жұртшылыққа таратуға тырысты ма? Жоқ. Ештеңені көрмеген болды. Бұл тақырыптың қаншалықты өздері үшін сұмдық қорқынышты екенін қазақ басшылығы сонау 1992 жылы байқатқан еді…

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңес­і Президиумы 1991 жылы арнайы комиссия құрып, комиссия бір жыл жұмыс істеп, «30-жылдардағы Қазақстандағы ашаршылықтың себептері» жайлы Қорытынды жасаған болатын. 1991 жылдың 12 қарашасынан 1992 жылдың қарашасына дейін жұмыс істеген Комиссия ұжымдастыру кезінде ашаршылыққа алып келген нормативтік-құқықтық актілерді зерттеу нәтижесі бойынша Қорытынды жасады. Комиссияның Қорытындысы 1992 жылдың 22 желтоқсанында «Советы Казахстана» және «Казахстанская правда» газеттерінде орысша мәтінде ғана жарияланды. Қорытындымен танысып шыққан сол кездегі президент Н.Назарбаев комиссияның жасаған қорытындысынан шошып кетті деуге болады. Комиссия ашық текстпен қазақ халқына қарсы ГЕНОЦИД саясаты жүргізілген деді. Дереу тапсырма түсірілді, бұл мәселе жабыл­сын, қозғалмасын деген пәрмен берілді. Міне, сол кезден бері ашаршылық тақырыбы елімізде терең зерттелуге жатпайтын тақырыпқа айналды, жабық мәселе ретінде жылына бір рет атап өтілетін 1937 жылғы зобалаң мәселесімен бірге атап өтіледі, сылап-сипап айтылады.

Жоғарыда айттым ғой, ашаршылық жайлы деректер, құпиялар өзімізде де ашылып жатыр. Бірақ сол материалдар жалпы қазаққа жетіп жатыр­ ма? Жоқ. Үкіметтің оларды жалпы жұрт­шылыққа жеткізуге құлқы жоқ. Оларды бірен-саран мамандар мен тарихшылар, зерттеушілер ғана оқиды, пайдаланады. Неге? Не себептен? Себебі, жоғарыдан тапсырма жоқ, президент айтқан жоқ, үкімет қаржы бөлген жоқ. Тарихшы­ мамандар ше, ғалымдар ше дейсіз ғой. Олар да бұйрық күтіп отыр, тарихты жазуға, зерттеуге үкіметтен қаржы күтіп отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорданың кәсіби суретшілері, атақты қылқалам шеберлері­мен сөйлесіп, сөз арасында «неге Қазан төңке­рісі, қызылдардың қырғыны, ашаршылық, Перовс­кінің қанішер жендеті болған Гержод жайлы, Қызылорданың 200 жылдығына арналған суреттер салмайсыңдар?» деп сұраған едім. Сол кезде олардың сөздерінен ұққаным: Мұндай шығармаларды жазуға үкіметтен сұраныс, тапсырма түспеген, үкімет қаржы бөлмеген екен. Тарихшылар да, тарих мамандары да осындай мағынада жауап қайырды. Яғни үкімет тарапынан ашаршылық, қызылдар қырғыны, кәмпеске­ тарихы жайлы жазуға, ғылыми еңбек қорғауға тапсырма түспеген, ақшалай қаржы бөлінбеген.

Өз басым жоғарыда айтылған, ашылған құпия деректер мен материалдар жұртшылыққа жетсін, қарапайым халық оқысын деп «Ашаршылық ақиқаты» деректер мен дәйектер атты екі кітап құрастырдым, көптеген тарихи материалдарды қазақшаға аудардым, оларды үнемі газет беттерінде жариялап келемін. Мен тарихшы, ғылыми атақ жолындағы ізденуші емеспін. Бар болғаны – жай өлкетанушымын. Маған оларды жазуға тапсырма түскен де, ешкім кітап шығару­ға ақша бөлген де жоқ. Тапсырма түспеді деп отыра беруім дұрыс болмас деп ойладым. Кей­біреулердің осы орайда «тарихқа не үшін арала­сы­п  жүрсің?» деген сауалдарына жауабым осындай.

Ашаршылық тақырыбын зерттеу барысында көптеген ойлар мен пікірлерді түйдім, ой елегім­нен өткіздім. Бірінші түйгенім: Біз қазақтар, өз тарихымызды өзіміз зерттеуден, білуден қашып, одан бас тартып жүрген халықпыз. Олай дейтін бір себебім: «Ашаршылық ақиқаты» кітабымды оқығандар «өте ауыр кітап екен, жүрегім ауырды, аяғына дейін әрең оқыдым» дейді де, «балаларыма оқуға бермедім, ондай сұмдықты оқымасын» деп өзінше пәлсапа айтады. Құдды қор­қынышты фильмді көруге балаларына рұқсат бермегендей мінез танытады. Сонда қазақ үшін ашаршылық  ұмытуға  тиіс, жас ұрпақ білмеуі тиіс тақырып болғаны ғой, беті аулақ болсын, ондай тарихты еске түсіріп қажеті жоқ дегені ғой? Бұл қазақтың надандығы ма, сауатсыздығы ма, әлде қараңғылығы ма, не деуге болады? Әлде үкіметіміздің саясаты сондай болғандықтан ба? Осындай сұмдық трагедияны, ешбір халық басы­нан кешпеген қиямет-қайымды, өз тарихын қазақ ұмытса, қазаққа жақсы болады екен ғой. «Басынан кешкен зұлматын ұмытқан халық оны қайтадан кешеді» деп айтқан шешен президенті Дудаевтың сөзі неге бізге сабақ емес! Ашаршылық мәселесі сөз бола қалса қазақ үкіметі, тарихшылары, мамандары мен ғалымдары тартыншақтап, бүгежектеп қала береді. Айтар сөздерін түгел айтпай, жартысын жұтып қалады. Бұл не деген қорқыныш, неге соншама үрей  жиналған  бойымызда?

Екінші түйгенім: Біз жадынан айырылған халық болып бара жатырмыз. Қазіргі жаста­рымыз, әсіресе орыстілділер  қазақтың  басынан өткен трагедияларды – революция, еріксіз отырықш­ылдандыру, кәмпеске, ашаршылық, соғыс­, 70 жылдық кеңестік езгіні білмейді,  30 жылдық өтіріктен бастары есеңгіреп қалған. Бұл саясат бүгінгі күннің ұстанымы болып отыр.

Керісінше, тәуелсіздік үшін күрескендерді қорлау дәстүрі қалып алып барады. Халқы үшін, отбасы мен ұрпағын сақтап қалу үшін зорлықшылармен күрескен ата-бабаларды аяусыздықпен қырған жендеттерді мадақтап «батыр» атап жатырмыз. Оның мысалы ретінде Қызылорда қаласындағы аттарына көшелер берілген Гержодтың қазақ көмекшілерін айтуға болады. Бұл жағдай тәуелсіздігіміз үшін қырылған, жазықсыз құрбан болғандарды мазақ ету емес пе!? Еврей­лер холокосты ұмытпайды, армяндар да өздеріне геноцид жасалды дегенді ауыздарынан тастамайды. Арнайы заңдар шығарды. Егер осы екі ұлт өкілдеріне айтып отырған геноцидтер болмаған деп айтып көрші, сол үшін сізді жауап­к­ершілікке тартады, себебі солай етуге арнайы шығарған заңы бар. Сонда біздің халықта жадымы­зға қоса, намыстың да болмағаны ма?

Бізде ашаршылықты айтсаң болды, орыстілді басылымдар қарсы сөз айтып өре түрегеледі, ашаршылық Кеңес одағының барлық жерінде болған, жалғыз қазақта емес дейді. Олардың ішінде орыстілді қазақтарымыз да аз емес. Осы орайда, отызыншы жылдардағы ашаршылыққа күмән келтіретіндердің ішінде қызылордалық жерлесіміз, қазір Алматыдағы «Орталық Азия мониторы» атты орыс газетінде жұмыс істейтін Жеңіс Дәрменовтың осындайлардың арасында жүргені өте өкінішті-ақ. Бұл жерлесіміз «Массовый голод 1930-х в Казахстане: а был ли геноцид?» деген тақырыпта бірнеше материал жазды.­ Әрине, ол өз пікірімді білдіруге құқым бар дейтін шығар. Бірақ осы азаматтың мұндай материалдарды ресейлік сайттарда жариялап отыруы, қазақ пен орыстың басылымдарын қазақтілді БАҚ-қа қарсы қоюы жалғыз бұл ғана емес, ұлтаралық жанжалдар бола қалса дереу қазақтарды қаралап (мысалы, қазақ-дұнған жанжалында) мақала жазуы өзін қаржыландырып отырған ресейлі­к сайттар мен газеттің жалдамалы қызметк­ері екенін танытып отыр. Мұның өзі ресейлі­к ақпараттық лоббидің елімізде емін-еркін жүргендігін, оларға қарсы сөз айтуға қазақ билігінің дәрменсіз екендігін көрсетіп отыр.

Ашаршылық нәубетін ұмытпаймыз деп тілімізбен қанша сайрап жүрсек те, шын мәнінде ұлтымыздың тарихындағы бұл қаралы нәубетті ұмытпайтындай ештеңе істеген жоқпыз, оны ресми заңмен құжаттаған жоқпыз, оны халқымызды жоюға бағытталған қолдан жасалған нәубе­т деп таныған жоқпыз. Бұл сұмдық зұлмат ашаршылықты кім жасады, қалай жасады, бәрі құжаттарда сақталған, орындаушылардың да аты-жөндері жазылған. Олардың атын атап жаппай­  жария  ету ғана  қалып  отыр. Ол биліктің қолында, бірақ ол Ресейден қорқып отыр…

Әрине, ашаршылықтың ақиқаты бір күні ашылар, геноцид болғанын бір жылдары мойын­дармыз. Бірақ әзір емес, ондаған жылдар өткен соң. Оның өзінде де сол кездегі ұрпақ ашаршылықты аңыз, ертегі, саяси үгіт-насихат есебінде осы бір Ұлы трагедияны сенімсіздікпен қабылдайтын уақыт туған кезде… Ашаршылықтың тірі куәгері, бұл оқиғаны жақсы зерттей алатын­, терең білетін тарихшылар мен мамандар әлдеқашан дүниеден өтіп кетті. Әттеген-ай, осыдан 25-30 жылдар бұрын бұл мәселені сол кісілер тірі кезінде қолға алғанымызда ғой. Сөйтіп билік өз дегеніне жетті, тірі куәлер бүгін қалған жоқ. Билікке де керегі осы еді…

Ашаршылық тақырыбы бұрынғысынша тарих­ымыздың ақтаңдағы болып келеді, жас­тарымыз ашаршылық тақырыбын білмейтін, жадынан айырылған ұрпақ болып тәрбиеленуде,­ келешек ұрпақтың жады не болмақ? Бұл мәселе тек ғана тарихшы мамандардың, қоғам зерт­теушілерінің мәселесі емес, бұл ұлтымыздың, қазақтың, қазақ ұлтының өзекті мәселесі болып қала бермек… Ашаршылық саясатын зерттеу, ашаршылықтың ақиқатын анықтау мәселесі орыстілділердің қолында қалып отыр. Билік те солардың қолында. Бұл жағдай өзгермей, ашаршы­лықтың ақиқатын анықтау мүмкін болмас­ы  анық…

Сағат  ЖҮСІП

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: