Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балаға махаббатты да, қаталдықты да таныта білу керек

05.12.2024, 10:00 641

Ержан  ИСКЕНДЕР:

Жаһандануға негізделген нарық бәсекесі артқан мына қоғамда ұлттық болмысымыздың жоғалуы, шын мәнінде, қауіпке айналды. Отбасы құндылықтарын еш уақытта материалдық құндылықтан жоғары қойып көрмеген қазақ үшін дәстүрлі отбасылық тәрбие өз бағытынан тайып барады. Ендігі мақсат – қазақ отбасындағы әкенің беделін арттыру. «Осы жолда не істеу керек, қандай мақсат-міндеттер мен жобаларды басшылыққа алған жөн?» деген сауалдарға жауап алу үшін «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ержан Искендерді әңгімеге  тартқан  едік.

ОТБАСЫНЫҢ  РӨЛІ  ТӨМЕНДЕГЕН  КЕЗДЕ  БАЛА  СЫРТҚЫ  ОРТАНЫҢ  ӘСЕРІНЕ  БЕЙІМ  БОЛАДЫ

– Қайырлы күн, Ержан аға, сұхбатқа келісім бергеніңізге рақмет. «Әкелер одағының» атқарып жатқан жұмыстарын  көрсеткіміз  келеді. Сол жөнінде өзіңіз толығырақ қам­тып өтсеңіз. Жалпы, аталған қоғамдық бірлестіктің негізгі миссиясы мен мақсаты қандай? Қоғамдағы әкелердің рөлін арттыру жолында қандай  жобалар жүзеге  асырылуда?

– «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2012 жылдан бастап ашылып, жұмыс істеп келеді. Ал, біздің өңірімізде өткен жылдың  маусым айында қолға алынып, ресми түрде қыркүйек айынан бастап тіркелді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысы қалып­тасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» деп ерекше атап өтті. Ал, әр отбасында елін сүйетін, ұлтына жаны ашитын, еңбекқор азаматтың тәрбиеленіп шығуында ата-ананың, әсіресе  әкенің  орны  ерекше.

Өздеріңізге белгілі, 2023 жылдың  маусым айында елімізде ал­ғаш рет «Әкелер күні» мерекесі енгізіліп, аталып өтті. Осы мереке қарсаңында республикалық «Әкелер одағының» Қызылорда облысы бойынша филиалы ашылып, өз жұмы­сын  бастады.

Әлеуметтік зерттеулерге сү­йенсек, ата-аналар жұмысбасты­лықпен балаларына тиісті уақыт пен көңіл бөле бермейтіні анықталып отыр. Балалармен бірге үнемі уақыт өткізу көрсеткіші әйел адамдарда 44,5% болса, ерлерде 25,6%-ды құраған. Бұл жағдайлар әке  беретін  тәрбие мен назарының  жетіспеуіне  әкелуде.

«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген халық даналығы бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Әке – отбасының асыраушысы, әрбір үйдің басшысы әрі жақсылыққа бастайтын тәрбиешісі. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы – баланың үлгі-өнеге алатын, бой түзейтін нысанасы. Сондықтан, «Әкелер одағының» негізгі мақса­ты – ұлттық болмысымызға сай ер-азаматтың қоғамдағы және отбас­ындағы орнын айшықтауға, сонымен қатар, өмірлік ұстанымында адамгершілік пен адалдықты ту еткен жігерлі азаматтарымызды қалыптастыруға ықпал ету.

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшелігі арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, тәрбиелесе, қыз баланы болашақ ана, отбасының ұйытқысы, ағайынның берекесін келтіретін  даналыққа  баулыған.

Жалпы, әке мен бала арасындағы байланыстың беки түсуіне отба­сында ананың да қосатын үлесі аз емес. Мысалы, Құнанбай мен Абай арасындағы ғажайып байланыс баршаға мәлім. Құнанбайдай әкенің сыншылдығы мен қаталдығының өзінен балаға деген мейі­рім көрінеді. Ал жас Абай оқудан ауылына келгенде әуелі анасы Ұлжан­ға амандаспақ болғанда, Ұлжан  ананың баласына әкесі Құнанбаймен бірінші амандасуы керегін айтуы да – үлкен тәрбие­нің белгісі. Десе де, қазіргі таңда қоғамда болып жатқан бұзақылық, ажырасу, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйел-аналардың қоғамда теріс қылықтармен көзге түсуін осы қастерлі ұстаным­дардың әлсіреп бара жатқандығының  көрінісі  деуге  болады.

Негізінен отбасының рөлі төмендеген кезде бала сыртқы ортаның әсеріне бейім болады. Дала мен өзге орта ережелері басымдық алғанда ата-ананың тәлімі азайып, абырой-беделі кеми бастайтыны шындық. Бірақ, осы одақтың жұмысын бастап, ұл балалар тәрбие­сіне байланысты мәселелермен айналысып жүргенімізге көп уақыт болмаса да, қоғамда жанашыр азаматтардың табылып, қолдау көрсетіп отырғандығы қуантады. Болашақ ер-азаматтарымыздың жігерлі, білімді, елін сүйетін тұлға болып қалыптасуына бейжай қарамайтын  әкелеріміз  де  жоқ  емес.

Өткен жылдың қыркүйек айын­да және биылғы маусым айында облыстық «Әкелер форумын» ұйым­дастырдық. Оған облысы­мыздан 300-ге жуық белсенді әке балаларымен бірге қатысты. Форум ұлттық құндылықтар дәріптеліп, ұлттық ойындар асық ату, ат ерттеу, садақ ату, зергерлік бұйым­дар жасау, т.б. ер балаларға арнал­ған танымдық іс-шаралармен қатар, әкелерді қоғамдық жұмыс­тарға, оқу орындарының тәрбие жұмыстарына араласуға шақыруға бағытталды.

Қазіргі таңда оқу орындарында ер  балалармен кездесулер, әкелермен бірлескен іс-шаралар ұйым­дастырудамыз. Ендігі жоспарымыз – аудандық, ауылдық жер­лерге шығу. Сонымен қатар, бүгінде барлық мектепте Әкелер кеңестері құрылған. Осы ретте, Әкелер кеңесінің жұмысы жүйе­лендірілген «Білім-инновация» ли­цейі­нің тәжірибесін қала мектептеріне енгізу мақсатында қаладағы мектептердің Әкелер кеңестері төрағаларын осы лицей базасында жинап, жұмысымен таныстырдық. Жақында ғана республикалық Әкелер форумының біздің өңірде өткізілуінің өзі бекер емес. Қазақы қаймағы бұзылмаған Қызылорда өңірінің ұлттық тәрбиені жүргізудегі ұстанымдары мен одақ жұмы­сының барысы бағаланып, рес­пуб­ликалық деңгейдегі форумды Сыр елінде өткізуге ұсыныс түсті. Ұсынысты Қызылорда облысының әкімдігі де бірден қолдады. Бірле­сіп осы іс-шараны алып шықтық. Оған республикамыздың барлық аймағынан 200-ге жуық әке келді. Біздің облыс аудандары, ауылдық жерлердегі белсенді әкелерімізді қатыстырдық. Түрлі деңгейдегі спикерлер тартылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері де қатысты.

– Сіз басқарып отыр­ған ұйымның қазіргі қоғамдағы әкелер үшін ең үлкен пайдасы неде деп ойлайсыз? «Әкелер одағының» отбасы­лық құндылықтарды  ны­ғай­туда­ғы басты  жетістіктерін  атап  өтсеңіз.

– Жаңа айтып өткенімдей, біз үкіметтік емес ұйымбыз және ешқандай қаржыландырусыз ерікті түрде жұмыс істейміз. Одақ құрамында бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық әке жиналды. Олардың барлығы – болашақ ұрпақтың тәрбие­сіне, ұлттық құндылықтарымыз­дың дәріптелуіне және патриот азаматтардың қалыптасуына жаны ашитын  белсенді  азаматтар.

Одақтың қоғам үшін пайдасына келетін болсақ, жастарға, әкелерге айтылған әрбір ұстанымымыз бен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу туралы әңгімелерімізге қоғам назарын аударта білсек деймін. 100 балаға немесе әкеге айтқан әңгімеміз бен істерімізді соның 10-ы құлағына құйып, жүрегіне жетсе, соның өзі пайда деп есептер едім. Бұл тек бір кішкене мысал ғана. Сондықтан, одақтың пайдасы туралы айтпаса да түсінікті  деп  ойлаймын.

Ал, одақтың өңірде ашылғанына 1 жылдан енді асса да, 100-ден аса әкенің ерікті түрде біріккенінің өзі жетістік деп айтар едім. Одан бөлек, қаншама кездесу, қолдаулар жасалып жатыр. Кей көмектерді ашып көрсетпейтін жағдайлар да бар. Біріксек алынбайтын қамал болмайтыны анық. Әзірге әкелері­міздің  бастамасы  жаман  емес.

– Ұйымның болашаққа арналған жоспары қандай? Әкелердің беделін көтеру бағытында қандай жаңа бас­тамалар  бар?

– Одақтың биылғы жылға арналған  жоспарын толығымен орындадық деп айта аламын. Енді әкелермен бірлесіп желтоқсан айында кезекті отырысымызды өткізіп, келесі жылға арналған жоспарларды бекітеміз. Жаңа айтып өткенімдей, алдағы уақытта аудандар мен ауылдық жерлерге шығу жоспарда тұр. Ауылдық жерлерде айтары бар ақсақалдарымыз бен әкелеріміз баршылық, сол кісілерді осы бағытта жұмыс істеу­ге тартсақ деген ниетіміз бар. Соны­мен қатар, Отбасы орталығымен бірлесіп, некеге тұруға немесе некені бұзуға өтініш  берген жас азаматтармен алдын ала әңгімелесу өткізу, мүмкіндігінше қолдау көрсету ойымыз­да бар. Одан бөлек жалғызбасты әкелермен  де  жоба  бастамақпыз.

ТЕЛЕФОН  –  БАЛА  КҮТУШІСІ  ЕМЕС

– «Отан отбасынан басталады» деген ұлы сөздің астарында терең мән жатыр. Қазақ халқы үшін отбасы – тәрбие мен руханияттың бастауы. Қазіргі қоғамда осы құндылықтар қалай сақталып отыр деп ойлайсыз? Сіздің ойыңызша, отбасы құндылығының  негізі  неде?

– Отбасы құндылығының негізі – ол сыйластық, түсінушілік, махаббат, ең бастысы, әрбір отбасы мүшесінің өз орнында өз міндетін орындауы деп айтар едім. Дана халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген керемет сөз бар. Осыдан артық теңеу жоқ деп ойлаймын. Ана мейірімін төгіп, балаға бар жылуын білдіріп, дұрыс бағыт беріп отырса, әке отбасындағы жауапкершілігін көрсе­тіп, қамқорлығын танытып, қолдауын білдіріп отырса, атасы мен әжесі өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық салт-дәстүрді ұстанып отырса – бұдан артық құндылық жоқ деп ойлаймын.

Отбасында бәріміз сол әке­міздің көңіл күйін, махаббатын қабағына қарап түсініп өстік. Анамыздың аялы алақанын сезініп өстік. Қазіргі қоғамда отбасыларда ұлттық құнд­ылықтар сақталып, заманауи үлгіге бейімделу үстінде деп айтар едім. Бұл мәселелер, алдында да айтып өткенімдей, отбасындағы тәрбиенің әсерінен болатыны сөзсіз. Бүгінде ұлттық құндылық­тарымызды басты орынға қоятын отбасылар  да  аз  емес.

Өкініштісі сол, өмірде барлы­ғы кемел адам болмайтыны сияқ­ты, ата-аналардың бәрі идеалды бола бермейтіні де жасырын емес, кей жағдайда «әттеген-ай» дейтін тұстар болып жатады. Ер-азамат­тарымыздың, тіпті аналарымыздың да отбасы алдындағы міндеттерін атқара алмай жатқанын да көріп жатамыз. Мұндай жағдайда, қоғам тарапынан қолдаулар болу қажет деп ойлаймын. Егер бала отбасында тиісті тәрбие мен үлгі­ні ала алмаса, оған қоғам болып ат салысуымыз қажет. Мектеп, қоғамдық ұйымдар, ағайындар, тіпті көршілер де қол ұшын созуы қажет. Қазақ халқында ақсақал­дарымыз кез келген мәселені ортақ талқыға салып шешіп отырған ғой. Сондықтан, ондай кемшіліктер бар деп мойындап отыра бергеннен гөрі тамшыдай болса да қол ұшын созған дұрыс деп ойлаймын. Әрбір балаға дұрыс бағыт көрсете отырып тәрбиелесек, бұл мәселелерді қалпына келтіруге болады. Тек өзімнің баламды ғана тәрбиелеймін деп емес, туған елімнің әрбір баласын тәрбиелеуге ат салысамын деп сезіну керек. Әрбір қоғам мүшесі соған ат салысып және саналы ұрпақ біздің еліміздің болашағын қалыптастыратынын сезіну қажет деп  ойлаймын.

– Жоғарыда атап өткеніңіздей, бала тәрбиесінде ананың әкеге қара­ғанда үлесі жоғары екен. Балаға отбасы құндылықтарын сіңіруде ата-ананың рөлі қандай болуы керек? Әке ретінде өз тәжірибеңізден қандай  мысал  келтіре  аласыз?

– Отбасында жұбайым Нейля­мен 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырмыз. Әрине, ұлттық салт-дәстүрді ұстанамыз. Анамызбен бірге тұрамыз. Анамызға құрмет көрсету арқылы балаларға да дұрыс үлгі көрсетіп келе жатырмыз деп ойлаймын. Балаларымызбен сырласып, бірге уақыт өткізуге тырысамыз. Балаға ата-анасы қасында болып, ішкі жан дүниесін бөлісе алса, одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Сонымен қатар, балаға махабатты да, оған қоса қаталдықты да таныта білу керек. Себебі әр адамның өмірінде әртүрлі жағдай болуы мүкін ғой. Сондықтан, бала әр жағдайға да­йын болуы керек, біліп өсуі керек. Балаға тек махаббат сыйлап, бетінен қақпай өсірсек, кейін  үлкен өмірде болмашы қиыншылықтарға, кедергілерге шыдамай  сынып  қалуы  мүмкін, тез беріле салуы мүмкін. Сондықтан бала кезден бастап, түрлі эмоцияға, жағдайға бейімделіп өскені дұрыс деп ойлаймын. Қаталдық болғанда, ол бір балаға қатыгездік көрсету емес, ақ пен қараны, бар мен жоқты, болады мен болмайдыны ажырата белетіндей қаталдық болуы  қажет,  менің  ойым­ша.

– Өзіңіз білетіндей, жаңа технологиялардың қарқынды даму толқынындамыз. Келер келешектен осы тұрғыда күтеріміз көп. Әрине, жаңа заманауи өмір стилі қалыптасуда, бұл жақсы, көштен ілгері қалмаймыз. Алайда, бала тәрбиесі мен отбасы құндылығына келгенде бұл замана­уи өмір салтының теріс тұсын да жоққа шығара алмайтынымыз рас. Осы тұста отбасы құндылық­тарын нығайтуда ұлттық дәстүрлер мен заманауи көзқарастарды үйлестірудің маңызы қандай? Әке ретінде сіздің отбасыңыздағы басты құндылық  қандай?

– Жаңа көзқарас, жаңа үйле­сім – ол заман талабы. Жаңа заманның талабына сай даму керек, онсыз болмайды. Жаңа техноло­гиялар, жаңа ашылуларды өз салт-­дәстүрімізге сай келістіріп алуға кез келген уақытта болады. Ең бастысы, ұлттық рух, салт-дәстүрге, үлгенге құрмет, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді тоқтатпау керек. Осы құндылықтарды ұстана отыра, ең алдымен мен балала­рыма үлгі болуға тырысамын. «Бала – ата-анасының айнасы» демекші, барынша осы ұстаныммен жүруге тырысамын. Ұлттық дәстүрді ешқашан назар­дан тыс қалдырмаймыз. Әр баланың өз ынтасы, таланты, әр іске икемі болады. Әрине, отбасындағы тәрбие, ұлттық салт-дәстүрімізді, үйдегі ұстанымдарымызды балаларымыз жалғастырады деп ойлаймын. Ал, мамандық таңдауда әр баланың қабілетіне және ынтасына қарай бағыттаған дұрыс. Жоғарыда айтып өткенімдей, заманмен бірге ілгерілеу, заманауи өмір салтымен ұлттық құндылықтарды ұштастыру керек. Батысқа немесе басқа жаққа еліктеп, ұлттық салт-дәстүрді ұмытуға болмайды. Заман талабына сай оқу керек, үйрену керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты сөзді мен ылғи айтып жүремін. Бұл тек тілге ғана емес, тәрбиеге, дәстүрге де қатысты ұстаным деп есептеймін. Отбасының беріктігін сақтап қалуда ешқандай жаңа қадам немесе жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Тек ата-бабамыз қалдырған ізбен жүріп, тәрбиені қолдан бермей, ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, ата-аналар үлгі боларлық іс-әрекеттер танытса болғаны. Үйде болғанда, қолдағы телефонға емес, үйдегі балаға көңіл бөлу қажет. «Телефон – бала күтушісі  емес»  дегім  келеді.

ЕШБІР  ЗАҢДА  «ЖАЛҒЫЗБАСТЫ  ӘКЕ»  ДЕГЕН  ҰҒЫМ  ЖОҚ

– Қазіргі қоғамда жас әкелер қатары артып кетті. Отбасының жағдайына қарайласып күні-түні жұмыс істейтіндерден бөлек, әлі студент атанып жүрген әкелер де бар. Жалпы, әке атану ер-азаматқа қандай өмірлік жауапкершілік жүктейді және сол бір үдеден шығу үшін не  қажет  деп  ойлайсыз?

– Қазіргі қоғамда жас әкелер көбейді деп айту қашалықты дұрыс, оны білмедім, бірақ студенттік кезде, 18-19 жаста отбасын құру бұрыннан бар жағдайлар ғой. Мұндай жағдайларда отбасының дұрыс қалыптасып кетуіне жастардың ата-анасы араласуы, қолдауы қажет деп ойлаймын. «Үйлену оңай, үй болу қиын», жастар бір-бірін жақсы көріп отбасын құрды, енді әрмен қарай ол отбасында әкенің де өз жауапкершілігі, ананың да өз жауапкершілігі болады. Өмірге сәби келгенде ол – тіптен бөлек жауапкершілік. Кей жағдайда жастарымыз осы тұста қателік жасап, ажырасып та кетіп жатады. Сондықтан, жастарға отбасын құруға дайын болу қажет дейміз, бірақ ерте отбасылы болған жағдайда да, жаңа айтып өткенімдей, оның ата-анасы, бауырлары, жақындары қолдау көрсетіп, жол көрсетіп, ақылын айтып, демеп жіберу қажет деп ойлаймын. Себебі, жастық кезеңде білместіктен қателіктер жіберуі мүмкін.

Енді әке атану қандай жауапкершілік жүктейді деген сұраққа келсек, әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы – ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. Ер бала ең алдымен әкенің өнегесінен нағыз ер адам қандай болу керектігін қабылдайды. Сондықтан, осының өзі – әкеге үлкен жауапкершілік.

– Жалғызбасты әкелер тақырыбын қозғайықшы. Жалғызбасты ана дегенді көп естиміз, олар енді қоғамға икемдірек болады ғой. Бірақ осы жалғызбасты әке дегенде мұң пайда болады. Ондай  әкелер  туралы  не  айтар  едіңіз?

– «Ана – сая болар бағың болса, әке – асқар тауың» дейді қазақта. Адам рухани өсуі үшін оған ең бірінші кезекте ананың аялы алақаны, қоршаған ортаның шексіз мейірімі қажет. Құлаққа түрпідей тиетін осы тіркес «жалғызбасты ана» деген сөзге қарағанда тым сирек қолданылғанымен, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер – бүгінгі қоғамның шындығы. «Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған олар өз міндеттерін қалай атқарып отыр? Мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Қандай санатқа жатқызылған? Жеңілдіктер бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеген болатынбыз. Ол үшін бірқатар мекемеге жүгінуге тура келді. Мұндайда ең алдымен статис­тикалық мәліметтерді жинауымыз керек қой. Алайда, бірден белгілі болғандай, жалғызбасты әкелердің статистикасы мүлдем жүргізілмейді екен. Тек ажырасулар санының ғана есебі жүргізіледі, жалғызбас­ты әкелердің саны жоқ. Сонымен қатар, асыраушысынан айырылған отбасылар, атап айтсақ, ата-анасының біреуі қайтыс болған отбасылар туралы ақпарат бар, бірақ анасы немесе әкесі қайтыс болғандығы туралы бөліп көрсетілмейді. Тек жалпы саны бар. Сондықтан тек Отбасы орталықтары мен әкімдіктерге жүгінген әкелерді ғана біліп отырмыз. Ал, жүгінбегендерін, өкініштісі сол, біле алмаймыз. Мысалы, Қызылорда қаласы бойынша жүгінген әкелер саны тек 10-нан асады. Ал, облыстық әділет департаментінің мәліметінше, облыс бойынша «көкек аналарымыздың» саны 200-ге жуық. Бұл тек арнайы алимент өндіруге берілген ресми құжаттар бойынша белгілі. Жүгінбегендерін  біле  алмаймыз.

Ешбір заңда «жалғызбасты әке» деген ұғым жоқ. Ендеше, оларға ешқандай жеңілдік те жоқ. Әкелерге, біріншіден, баспанасыз жалғыз­басты әкелер толық емес отбасы ретінде жергілікті атқарушы органның үй кезегіне тұра алады. Екінші­ден, отбасыларға айлық табысы кедейлік шегінен аз болса, атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Үшіншіден, баласы жарымжан болса, мүгедекті күткені үшін төлене­тін жәрдемақы бар. Бірақ, бұл – тек жалғызбасты әкелерге ғана емес, осындай санаттарға енгізілген адамдардың барлығына төленетін төлемдер. Жалғызбасты әке деген жеке санат та, оларға ғана арналған арнайы жеңілдік те жоқ. Мұндай жағдайда ер адам үй шаруасын да, өз жұмысын да істеуге мәжбүр. Ежелден түздің адамы саналатын еркек кіндіктіге бұл оңай емес. Әке жақсы тәрбие бере білгенмен, ананың мейіріміне бөлеу, әттең, олардың қолынан келмейді. Ана  бола  алмайды.

Ер адамдардың басым бөлігі өзге­лерден  жәрдем  сұрауға арла­нады. Тіпті,  өздеріне  тиесі­лі  көмектен де бейхабар болуы да мүмкін, ал сұрап білуге намысы жібермейді. Оның үстіне ішкі күйзеліс бар. Сондықтан оларға заңгерлік, психологиялық, мораль­дық, материалдық көмек көрсететін жоба қажет. Осы орайда, біз «Әкелер одағы» жаңа жоба бастағалы отыр­мыз. Барлық ауданға барып, жалғызбасты әкелерді жинаймыз деп отырмыз. Себе­бі, мұндай ақпараттар қалаға қарағанда аудандық жерде қолжетімдірек. Сондықтан, ауданнан бастауды жөн көрдік. Жаңа айтып өткенімдей, әкелер көмек сұрауға арланады, ішкі күйзеліс­тен шыға алмайды, сол үшін әкелерді ең алдымен психологиялық тренинг пен психолог қабылдауларынан өткіземіз. Содан кейін, олардың ішкі дүниесі да­йын болған кезде барып, әңгімелесу жүргізіп, пробле­маларын анықтап, көмектесу жолдарын қарайтын бола­мыз. Бұл – үлкен жұмыс, десе де қолға алып, осы жұмысты бас­тауды жоспарлап отырмыз. Мейірімі мол ананың – жүрегі жылы, қолы кең, кеңпейілді атаның – жүзі жылы, жолы кең. Әке қамқорлығы мен ана мейіріміне қанып өскен ұрпағымыз көп болсын!

– Сұхбатыңызға рақмет, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға сәттілік  тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: