Бүгінгі сатира
Жұмыссыз жүрмін. Бірден, министр болып шыға келсем бе? Әлде, Алматы қаласының әкіміне барып, «кешіріңіз, орныңызды босатып, маған бере тұрасыз ба?» деп айтып көрейін, екі аяғымды бір туфлиіме тыға қойсын! Немесе, «неше жыл сенатор болып келесіз? Жастарға орын берсеңізші? Сізде бет, орысша айтсам, нет» деп бір сенаторға өтініш жасап көрсем бе? Жындыхананың қай жерде екенін көрсетіп, жолға шығарып салатын шығар? Прокурор келіп, «інішек, жұмыссыз жүргеніңе жаным ашып кетті. Менің орныма отыра ғой?» деп өліп кетсе де, айтпаса керек. Біздің елде жұмыссыздық жайлаған. Жұмыс табылғанның өзінде, құдықтай құлқындарына бірдеңе тыға салу керек. Мектеп директоры соңымнан қалмаса ше?
– Не керек сізге?
– Айналайын, бір өтішінім бар.
– Ол қандай өтініш?
– Мектеп директоры едім. Орныма директор боласың ба?
– Е, жоқ, мұғалімдерден ақша жинай алмаймын.
– Орынбасарың болсам, өзім жинап беремін.
– «Жас мұғалімдерді жұмысқа аламын, пара талап етемін» деп, сотталып кетер жайым жоқ.
– Бірге сотталамыз.
– Директор болмаймын! Түсінесіз бе? Болмаймын!
– Әлде, қалалық білім басқармасының бастығы боласыз ба?
– Неге маған қадалып қалдыңыз?
– Жұмыс іздеп жүр екенсіз?
Осылай ойлап қоямын. Сот төрағасы «орныма сот боласың» деп жалынып жүрсе? «Мамандығым келмейді ғой?» дегеніме қарамай, сот төрағасы етіп қойса? Парақор судьяларды қызметтерінен босатып, ашық сот өткізуді күн тәртібіне қоя білсем. Одан да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы болсам ше? Осы орындағы шенеунік өз орнына мені ұсынса? «Рақмет, керегі жоқ, өзіңіз де, парақорсыз ғой!» десем де, төрт-бес жігітін жіберіп, қолымды қайырып, желкелеп әкеліп, өз орнына қонжита қойса… Туу, не ойлап кеттім? Ойлағаным үшін, үкімет айлық беретін болса…
Мұхтар ШЕРІМ
Фото: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!