Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәріміз бастықпыз!

27.11.2024, 9:50 38

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Таңертең ұйқыдан оянып, сыртқа шықсам, ауылда тірі жан баласы көрінбейді. Пистонбектің үйіне барсам, есігі ашық-шашық, көшіп кетіпті, Патронбайдың үйіне барсам, олар да көшіп кеткен, Бытырабек те көшіп кетіпті! Мылтықбай, Зеңбірекбай, Пушкабектер жоқ! Құдайым-ау, маған айтпай, қайда көшіп кеткен? Қане, үкіметтің солтүстік облысының ауылдарына жасап жатқан қамқорлығы? Миллиондаған қаражат бізге жетпей, желкесі неге қиылады, осы? Баламды жетектеп, мектепке келсем, оқушылар көрінбейді. Тірі пенде жоқ. Содан, ауыл әкімі кеңсесіне келсем, әкім Дронбек кемсеңдеп жылап отыр екен.

– «Не газ жоқ, не свет жоқ, не жол жоқ, не су жоқ, не сеть жоқ» деп ауыл адамдары бір түнде көшіп кетіпті. Енді кімге әкім боламын, а? – дейді көзінің сорасы ағып.

– Маған әкім болыңыз, – дедім мен.

– Мыжбан, сен мектеп директоры боласың, – деді ол.

– Мұғалімдер мен оқушылар жоқ, оның үстіне, мамандығым – гинеколог.

– Бола салшы? Айлығыңды ала берсең, болды емес пе?

Содан, ауылдың медпунктіне келдік. Есігі ашық, ешкім жоқ. Әйелім медпункт меңгерушісі болып шыға келді.

– Ауылда балабақша ашамыз! – деді бір күні ауыл әкімі.

– Қалай сонда?

– Оның бастығы сенің сексендегі шешең болады…

– Айтып көрейін…

Не керек, сексендегі шешем балабақша меңгерушісі болып шыға келді. Айлық алып жатыр, әйтеуір. Әкімнің әйелі пошта бастығы, шешесі ауылда орман жоқ болса да, орман шаруашылығы мекемесінің бастығы. Бәріміз бастықпыз! Бірақ, ауылда ешкім жоқ! Кіммен ұрысып, кіммен жұлысарымызды білмей, жынды болып жүрміз…

Мұхтар  ШЕРІМ.

Шымкент  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: