Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел қорғаны – Жанқожа

08.11.2024, 16:20 226

HALYQLINE.KZ

«Елді ер, толқынды жел қозғайды» дейді дана халқымыз. Мемлекет тірегі – халық болса, сол халықтың бостандығы жолында жанын аямаған, сын сағатта қол бастап, еліне қорған болған ерлердің есімі тағылымды тарихымызда, ел санасында да мәңгілік мәртебеге ие. Бүгін Арал ауданында сондай жаужүрек батырларымыздың бірі, ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толу мерейтойына арналған «Ел қорғаны Жанқожа» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудандық мәдениет үйінде өткен конференцияны аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жүргізіп, баба рухына арналған танымдық іс-шараның мәні мен мазмұнын айшықтай түсті.

Жиында алдымен облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз алып, батыр баба рухына арналған танымдық іс-шараның мазмұнына тоқталып, оның ерлікке тән жорықтары мен ел қорғанына айналған батырлық болмысына тоқталды. Жиынға қатысушыларды бабалар мерейтойымен құттықтап, рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тіледі.

Мұнан соң ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібаев «Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр» тақырыбында баяндама жасады. Сосын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филилогия факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосанов «Жанқожа батыр жырының тарихи негіздері және нұсқалары» туралы айтып, қазақ әдебиетіндегі тарихи мұралардың бірі саналған жыр туындылары жайында жан-жақты сөз сабақтады.

Жанқожа батыр жайында 10-нан аса тарихи жыр-дастандар шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Орнықбай сынды ақын-жыраулардың туындыларын ерекше атаймыз. Жанқожа жайындағы тарихи жырды Н.Г.Веселовскийден бері қарай С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, Б.Жүсіпов, т.б. ғалым-әдебиетшілер зерттеді. Қалай болғанда да Жанқожа батыр туралы тарихи жырлар мен аңыз әңгімелер Сыр бойы халқының жүрегінен өшпес орын алғаны анық.

Тағылымды кездесуді одан әрі жалғаған журналист, филология ғылымдарының кандидаты Н.Көбегенұлы «Жанқожа батыр туралы тарихи өлең жырлардың жаңғырығы және өміршеңдігі» жөнінде айтып, Жанқожа батыр туралы жазылған өлең-жырларға шолу жасады. Батырдың әдеби қаһарман ретіндегі көркем бейнесі ақындардың шығармалары арқылы талданды.

Тарихқа көз жүгіртсек, Жанқожа батырдың ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастыруында қаншама серіктес, үзеңгілес батырлар мен билердің тұлғасы танылады. Солардың бірі әрі бірегейі Бекмырза хан. Қазақ халқы Хиуа хандығы мен Қоқан хандығының қысымына, сондай-ақ патшалық Ресейдің отаршыл саясатына қарсы күрескен кезеңде батыр жасағының басында замандасы Бекмырза хан батырды қолдап, оның жанында жүргендігі айтылады.

Бұл туралы кеңінен тоқталып, «Бекмырза – Жанқожа батыр серігі» тақырыбында баяндама жасаған тарихшы-өлкетанушы Б.Қуатов Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтерілісте әділдік пен адалдық үшін күресте қол бастаған Жанқожа батыр мен Бекмырза ханның арасындағы нағыз батырларға тән достық, бауырмалдық байланысты айғақтай түсті.

Конференция соңында Арал өңірінің тарихы мен осы аймақта өмір сүріп, өшпес із қалдырған тұлғалар жөнінде ұзақ жылдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан тарихшы Болатбек Қыстауұлы Қуатовтың «Халқы қалаған хан Бекмырза» және «Арал ауданындағы қуғын-сүргін зобалаңы» атты екі кітабының тұсауы кесілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: