Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қатарынан қос жеңіліс. Ұлттық құраманы не түлен түртті?

17.10.2024, 10:40 126

Футболдан Ұлттар лигасының В деңгейіне көтеріліп, жанкүйерін қуантқан ұлттық құрама жігіттері бұл жақта ұзақ тұрақтамайтын секілді. Осы аптада өткен екі ойында да жеңіліс тапқан Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа ресейлік маман Черчесов келгелі жөнді ойын өрнегін көрсете алмай келеді. Әрине, ұлттық құраманың толассыз жеңілісіне, турнирдегі соңғы орнына көзіміз үйренгелі қашан. Алайда, 2022 жылы Магомед Адиев құрама тізгінін қолы­на алған тұста аяқдопшыларымыз Еуропаның белді командаларымен текетіресіп, тіпті Германияда өткен Еуропа чемпионатына шығуға сәл қалып, айды аспаннан бір-ақ шығарған еді. Содан кейін бе, ұлттық құраманың жақсы ойынына көзіміз үйренісіп, сәйкесінше жеңістен де дәмелі болып қалғанбыз. Жаргон тілмен айтқанда, «планканы» көтеріп қойды Адиев мырза. Белгісіз себептермен құрамадан кетіп, ресейлік «Ахмат» футбол клубына аттанған маманнан кейін келген Черчесовтан да біраз үміт болған. Олай дейтін себебіміз, Черчесов – тәжірибелі бапкер. Турнирде жүлдеге ілінбесе де, 2018 жылы өткен Әлем чемпионатында сенсациялық нәтиже көрсетіп, атақты «Қызыл фурия­ны» қапы қалдырған Ресей ұлттық құрамасын баптағаны көзі қырағы футбол жанкүйерлеріне мәлім. Черчесовты құрамаға алып келдік, ал ол болса келе салысымен БАҚ-ты дүр сілкіндірді. Нақтырақ айтқанда, баспа­сөз конференциясында қазақша сұрақ қойған журналист Нұрсұлтан Құрманға қыңыр жауап беріп, басы дауға қалды. Бұл мәселені ҚФФ бапкерді қазақша үйреніп жатыр дегенге келтіріп, сабақ алып жатқан Черчесовтың бір-екі бейнежазбасымен артын жапқанмен, ойындағы нәтижені  өзгерте  алмасы  анық.

Таяуда ғана Ұлттар лигасының турлары болып, клубтық футбол екі аптаға жуық демалыс алды. Ұлттар лигасының 3-туры аясында қарсылас алаңда Австрия ұлттық құрамасына қарсы ойын сұмдық нәтижемен тамам­далды. Есеп – 0:4. Алғашқы голды ойынның небәрі 10-минутында Кристоф Баумгартнер соқты. Бірінші таймнан-ақ австриялықтар белсенді ойнап, Шацкий қорғаған қақпаға біраз шабуыл жасады. Доп ұстау көрсеткіші бойынша да дес берген жоқ. Мұндай ойын сценарийін әубастан сездік. Арнаутович, Забитцер, Алаба секілді адуынды ойыншылар доп тебетін команданың фаворит болатыны бесенеден белгілі. Десек те, бір гол жібергеннен соң, екінші таймда үш голды қатар өткіземіз деп ойлаған жоқпыз. Екінші таймда австрия­лықтар есепсіз үш гол салды. Станислав Черчесовтың қарамағындағы құраманың кезекті жеңілісінен кейін Словения, Норвегия және Авс­трия орналасқан топта тек бір ұпаймен соңғы орыннан жылжымадық. Черчесов  ойын­нан кейін құраманың  ойынына тән­ті болмаса да, Словенияға қарсы жеңі­ліске қарағанда әлдеқайда жақсы ойын көрсеткенін айта­ды. Сөзіне сүйенсек, қазақстандық аяқдопшылар жаймендеп комбинация жасап, Еуропа футболына бейімделу үстінде. Бірақ, бір қателіктен  кейін  қаймығып  қалып  жатыр.

Араға үш күн салып, ұлттық құрама кезекті ойынға шықты. Бұл жолы қарсы алаңда емес, үйде. Бұрын­ғыдай Астанада емес, Алматыда. «Астана Аренада» біраз уақыт бойы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына байланысты құрама команда үйдегі ойындарды Алматы қаласында  өткізіп жүр. Содан бері билет сату-­алу мәселесі туындағаны белгілі. Норвегияға қарсы матчта жалған билет жасаушылар шын билет алғандардың жолын кескен бола­тын. Бірақ, бұл ойында билеттер жеке өткізіліп, бірінші ойындағыдай мәселе туындамады. Бірінші тайм сылбыр аяқталды. Екі команда арасынан да аса белсенділік байқамадық. Игорь Шацкий ойын бойы біраз соққыны қайтарды. Осы тұста қазақстандық қақпашының жоғары ойынын атап өткен жөн. Матчтың 55-минутында Словения құрамасының ойыншысы Ян Млакар есеп ашты. Ойын барысында Словения­ның айып алаңында ереже бұзу факторлары болғанын, қарсылас команда дөрекілік көрсеткенін жасырмаймыз. Дегенмен, бұл жағдайларға рефери көзжұмушы­лықпен қарады. Осылайша екінші ойын да өз мәресіне жетті. Әдет­тегідей, Қазақстан ұлттық құрамасы атап айтарлықтай нәтиже көрсетпеді, тек Словенияға қарсы бірінші ойынға қарағанда жөнді ойнадық деп өзімізді жұбатамыз. Ал бас бапкер Черчесов В лигасындағы командалардың жоғары деңгейде екендігін айтып, «жеңіліске түсінісушілікпен қараған абзал» деп, сөз тарқатты. Бір таңғаларлығы, аталған бапкер бұған дейін құраманың негізгі ойыншылары болған Максим Самородов пен Біржан Оразовқа сенім артпайтын секілді. «Неге екінші таймда Самородов, Оразов секілді ойыншылар алаңға шыққан жоқ?» деген журналистің сауалына «Мен ол екеуінің Австрияға қарсы қалай ойнағандарын өз көзіммен көрдім, маған фамилиялар емес, ойыншылар керек» деп жауап қатты. Бәріміз білетіндей, бұл ресейлік маманның баспасөз мәслихаттарындағы бірінші қағытпасы емес. Осы ойыннан кейінгі брифингте қазақша сұрақ қойған журналиске «Французша сөйлеп тұрсың ба?» деп мысқылдаған-тұғын. Артынша ҚФФ басшылығы бұл жағдайға «Журналист ПСЖ футбол клубының формасында болған соң, бас  бапкер  осылай  қалжыңдап  жауап  берді»  деді.

Әзірге Черчесов өзінің медиадағы имиджін тек негативті тұстарымен толтырып жүр. Ойын көңіл көншітпейді, бірақ журналистерге тәкаппарланып,  құдды Әлем чемпионатын жеңіп алғандай жауап беретіндігі футболсүйер қауымның ызасына тиюде. Тіпті «осы бастан-ақ орнын босатсын» деушілер де жоқ емес. Қалай болғанда да Австрия, Словения сынды құрамаларға қарсы Адиевтің жігіттері қалай ойнағанын білеміз. Құрама команда Черчесов футболына дайын емес секілді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде қақпашы ретінде «мемге» айналған бапкер енді бапкер ретінде «мем» болғандай. Неде болса, ұлттық құрамадан жақсы нәтиже күтеміз, бірақ мына  ойынмен  Ұлттар лигасының В тобынан үмітімізді үзе беретін секілдіміз…

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: