Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Терезе

17.10.2024, 6:00 114

HALYQLINE.KZ

Мен күн сайын таңғы алтыда оянамын. Бір крүжке шәй құйып аламын да, терезе алдына барамын. Сосын темекімді тұтатып, қарама-қарсы орналасқан үйдің терезесіне көз тастаймын. Дәл алтыдан жиырма минут кеткенде әлгі терезенің пердесі ашылып, жетпістер шамасындағы әйел гүлін суара бастайды. Содан кейін ол терезесін ашып, төменге қарай айғайлайды да, әлденені лақтырып жібереді. Ал төменде құйрығын бұлғаңдатып ит тұрады. Ит әйел лақтырған тағамды жеп жөніне кетеді. Бұл кезде әйел де итпен қоштасып, бөлмесіне еніп көзден ғайып болады.

Бұл көрініс күнде осылай, бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Бірақ бейтаныс әйел екеуміздің ешқашан көздеріміз түйіспеген екен.

Мен күн сайын таңғы алтыда оянып, шәй толы крүжкемді алып, терезені бетке аламын. Содан кейін шылымымды шегіп қарсыдағы терезеге көз тастаймын. Бірақ бүгін әдеттегідей терезе пердесі ашылмады.

Арада бір сағат өтті, ештеңе болмады. Үш сағат өтті, перде ашылмады.

Бір апта өтті. Таңертең темекімді тартып тұрып сол терезе жаққа бұрынғы әдетімнен тағы да көз тастадым. Бір кезде перде қозғалды да, екі жаққа жарыла ашылды. Мен бір орнымда сеспей қатып қалдым. Себебі қуанып кеттім. Бірақ қуанышым лезде су сепкендей басылып қалды. Терезеден бір жас жігіт қарап тұрды да, маған ыммен сыртқа шығып кетсеңіз дегендей ишара жасады.

Мен төмен түсіп, сол үйдің кіреберісін бетке алдым. Әлгі жігіт шығып, маған гүл отырғызылған құмыраны ұстатты. Мен «бұл не үшін?» деп сұрадым. «Мына қағазда солай деп жазылған» деді де маған тілдей қағазды ұстата берді. Сол жерде ашып оқыдым.

«Сәлеметсіз бе! Сіз бен біз мүлдем таныс емеспіз, бірақ мен сізді күнде таңертең көремін және сіздің жақсы адам екеніңізді де байқаймын. Менің сізге аздаған өтінішім бар. Егер сіз бұл хатты оқып тұрсаңыз, онда мен енді бұл өмірде жоқпын деген сөз. Өтініш, менің достарыма бас-көз болыңызшы. Қазір қолыңызға ұстап тұрған раушан менің өмірімде маңызды орын алған гүл еді. Ыдысының астын қарасаңыз, оған қалай күтім жасау керектігі туралы нұсқаулық бар. Сосын, менің подъезімнің маңында Белка деген ит жүреді. Оның менен басқаға керегі жоқ. Жалғыз. Сізден өтінерім, сол итті анда-санда болса да тамақтандырып тұрыңызшы».

Мен күнде таңғы алтыда оянып, крүжкеме шәй құйып алып, терезеге қарай жүремін. Пердемді ашып, раушанды суарамын. Сосын темекімді тұтатып, сыртқа көз тастаймын. Ал төменде, далада Белка ойнап жүр, жанында таңғы серуенге шыққан әйелім.

Аударған  Нұр  ЖАМАЛ.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: