Түн ауа Қазалыға жолға шықтық. Жол тайғақ болған соң қолға іліккен билетке тапсырыс беріп, жүрдек пойызға асыға міндік. Іші үңгірген тыныштық. Жұрттың бәрі қалың ұйқыда жатса керек. Орныма отырайын десем, әлдекім жайғасып қойыпты. Әрі-бері түртіп, ақыры ояттық. Орта жастағы келіншек екен. Аққұба келген өңі күлкісімен дидарласқандай. Көзін тырмалай ашты да бізге сұраулы көзбен қарады. «Жоғарысына шыға алмаймын, сендер жассыңдар ғой» деді ол нәзік үнмен. Келіскен сыңай танытып, серігімнің қасына жайғастым. Әлгі келіншекке қарама-қарсы отырмыз. Өзі де ыңғайсызданды да әрі-бері орынды босататынын жеткізіп әлек. Кішкентайымыздан үлкеннен аттап өте алмаған біз қалайша тұрғызып жіберейік? Әне-міне дегенше қараңғы «қапас» нұрлана түскендей. Жолсеріктің билетімізді көріп, төсек жабдығымызды тапсырғанынан соң әңгіме одан әрі жалғасты.
Фируза – мектептегі ұлағатты ұстаз. Арал өңірінің тумасы. Отбасымен сол жаққа қарай бағыт алыпты. Біздің тілші екенімізді ести сала қызығушылығы одан әрі арта түсті. «Мен де әдебиетке, шығармашылыққа жақынмын» деді ол сөз арасында күлімдей. Сондай арқа-жарқа әңгімеден уақыт зырғып, бір сағатты артқа тастаппыз.
– Қандай жанрда жазып тұрасыз? – деді ол сұраулы жүзбен.
– Өзіме жақыны – журналистік зерттеулер, қаз-қалпындағы, тылсым жайындағы әңгімелер жазу, – деп едім:
– Тылсым? – деді ол таңырқай қарап. – Оның бары рас қой, иә? Сенесіз бе? – деді тағы да.
Ентелей жатқан ол әңгіменің қызығына еніп, еңсесін көтерді. Алдында тұрған құтыдан бір-екі рет су ұрттады да тағы маған сұраулы жүзбен қарады.
– Тылсым бар. Бірақ әркімнің сенуі, сенбеуі өз еркі ғой. Кейбір сөздер қажытады, әсілінде. Сол үшін көрген тылсым оқиғаларды ашып айта бермеймін, – дедім жанарымды төмен түсіре.
– Мен сенемін. Сенемін… Бала күнімде…
Ұзақ үнсіздік орнады.
– Не болып еді? Сіз де елес көрген бе едіңіз? – дедім сұрақты төпелей.
– Туып-өскен шаңырағымызда елес дегенің мүлдем жоқ-тын. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз тұратын ауылдағы үйлер астында зират барын естіген ақсақалдар жиналып, Құран оқытты. Содан бері үйімізде бір қыздың елесі пайда болды. Бастапқыда байқамадық, баламыз ғой. Бір күні үйге анамның апа-сіңлілері қонақтап келді. Дастарқан үстінде отырсақ, арғы бөлмеге таңырқай аузын ашып қарап қалған. «Кім, кім?» дей береді анама. Ал, ол болса үнсіз, «ешкім емес, жай көрінген ғой» дейді ауық-ауық. Бізді қорқады деді ме, тіс жарып айтпады. Тағы бір күні үнді фильмін көріп жатырмыз. Бөлме жарықтарын өшіріп қойғанбыз. Кенет түпкі бөлмеден бірдеңе қозғалғандай болды. Жапа-тармағай қарасақ, аққұба келген, шашы ұзын, оны тас қылып өріп қойыпты, әдемі сары көйлек киген қыз келесі бөлмеге өтіп кетті. Аңқиған күйі қарап қалыппыз. Анамыздан сұрап едік, бұл жолы айтып берді.
Бірде үйде жалғыз қалыпты. Салат, тосап басылған банкілерді кереует астына жайғастырып отырса, біреу ыңылдай ән айтыпты. Әлгі банкінің әйнегінен қараған ғой, сөйтсе бір қыздың сұлбасы әлгі ыңылдаған әнімен етегін тербелте, айнала билеп жүр екен. Қыздарымның бірі дейін десе, біз нағашымыздың үйіне кетіп қалғанбыз. Солай орнынан қозғалмастан отырып қалған анам бар күшін жинап, артқа қарайлайды. Сөйтсе әлгі сары көйлекті қыздың елесі бір рет орнынан көйлегін желбірете айналады да көзден ғайып болады. Мұны естіген біз қорқып қалдық. Бірақ анамыз қорықпауға шақырып, мән бермеуімізді айтты. Уақыт өтіп жатты. Әлгі сары көйлекті қыз қауіп болса, терезені қағып ескертетін. Әсіресе түнде терезе пердесі ашық қалса, сол терезені тарсылдататын. Біз соны тез түсініп, терезелерді жауып қоятын едік. Бойжетіп тұрған кезім. Жігітпен енді-енді сөйлесіп жүрген шақ қой. Сыртқа шықсам, әлгі жігіт дәл есіктің алдында тұр. «Анам көрсе ұрысады ғой, не істеп тұрсың?» дедім жалма-жан. Ал, ол болса «Жаңа ғана ішкі жақтан шығып, бері кел деп иландың ғой» деді еш саспастан. Мұның әлгі қыздың елесі екенін бірден ұқтым. Үйге ішімдік ішіп келген адамды жақтырмайтыны да бар еді. Өзі түпкі бөлмеден пайда болады. Бірде сол бөлмеге туыс ағамызды жатқыздық. Тойдан шыққан ғой, аздап ұрттағаны бар. Түн ортасында ойбайлап жатқан дауысы қатты шықты. Бәріміз жүгіріп барсақ, «сары көйлек, сары көйлек» дей береді. Су ішіп, есін жиғанда әрең айтты. Қалың ұйқыда жатқан оны әлдененің жанында болуы оятып жібереді. Көзін әрең ашса, терезе жақтағы бөлме бұрышынан сары көйлекті қыз шыға келіп, ағамызды буындыра бастайды. Солай үйге ішіп келген туыстарымызды сонда жайғастыратынбыз. Қызық көрдік пе, әйтеуір бәрінің еті сіңген, бір күліп алатын. Солай біз де өз орнымызды тауып, жан-жаққа кеттік, отбасын құрдық. Бұрынғыдай үйде анам да жоқ. Балалық шағымыз өткен қара шаңырағымыз қаңырап бос тұр, сыртында қара құлып, – деп сөзін түйіндеді ол көзінен еріксіз аққан жасты сүрте.
Тағы тыныштық. Бұл жолы көрші орындағы жолаушылар оянып, біздің әңгімеге ұйып қалыпты.
– Қазір сол сары көйлекті қыздың елесі бар ма екен? – дедім үнсіздікті бұзып.
– Үйімізге бармағалы көп болды. Бірақ сол елеске ұқсас сары көйлекті, аппақ, бұрымды қыздың елесі бұл жолы үйде емес, сыртта жүрген көрінеді. Бір топ болып жиналып, ішіп, көшенің тыныштығын бұзатын бұзақыларға көрінеді-мыс. Бұрынғыдай біздің үйде шаттық, береке жоқ. Мүмкін ол да қаңыраған бос үйде жалғыз жүргісі келмейтін шығар, кім білсін?! – деді келіншек ой тұңғиығына батып.
Әңгіме аяқталысымен пойыз терезесіне көз тастадым. Жалт-жұлт еткен жарық шамдар, түн жарымы болса да тіршілігі қайнап жатқан Қазалыға да жетіппіз. Біздің аялдама осы жерден. Затымызды жинап, Фируза апаймен қоштастық. Әлеуметтік желілерден бізді іздеп табатынын, сырлы әңгімеге рақметін айтып ағынан жарылып жатыр… Ал, сол сәтте көз алдымда әлгі сары көйлекті қыздың елесі көлбей өткен еді…
Айнұр ӘЛИ,
Қазалы ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!