Өмір-керуенінде үзеңгілес құрбы-құрдас, бір ұжымда еңбек етіп, әріптес жандардың болуы – заңдылық. Бірақ солардың бәрімен бірдей ұзақ уақыт аралас-құралас болып кетуіңіз мүмкін бе? Әрине, жоқ. Ол үшін жаныңа жақын тұтып, емен-жарқын араласуыңа себеп болар қасиеттің керегі анық. Ол – адам бойындағы досқа деген адалдық пен мінез байлығы десек, қателеспеспіз. Сондай жанның бірі емес, бірегейі, мақаламызға арқау болып отырған – Күлдірсін Сейтжанқызы.
Сонау сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында дәм-тұз бұйырып, қазақтың білімі мен ғылымының қарашаңырағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстік. Көптің ішінен өзінің ешкімге ұқсамайтын қалыптарымен таңғалдырып, махаббат символындай қол ұстасып, қашан көрсең, керемет жұп боп жүретін Күлдір мен Шәкең елден ерекшеленетін. Оларды көбіміз қазақ емес, өзге ұлттың өкілі деп те ойлағанымыз жасырын емес. Содан ҚазМУ-ді бітіріп, Сыр еліне тағдыр айдап, сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы пединститутқа жолдамамен қызметке келгенімде, бұл екі кісімен қызметтес боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмепті. Сөйтсем Шәкең мен Күлдірсін Сейтжанқызы Сыр елінің азаматтары екен, міне, Жаратқан сол жандармен жиырма жылдан аса дос, құрбы ретінде араласып, барлық қызық-қуаныштарымызды бөлісуді нәсіп етті.
Қасиетті шаңырақ С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде танымал ғалымдардан тыңдаған дәрістер, олардың ғылымдағы жетістіктері мен өз мамандығына деген қатынастары шәкірттеріне өмір сабақтарын да қоса дарытып жататын. Ұстаздары мен отбасы өнегесі Күлдірсін Сарышованың да оқу оқып, дәріс тыңдаған, білімін шыңдаған уақыттардың бәрінде де өзін-өзі табуға, ізденуге сеп болды. Көңіліне берік бекіген басты мақсаттың бірі ғылым жолы екенін Күлдірсін Сейтжанқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аспирантурасында оқып жүрген кезінде анық сезінді. Ол 2006 жылы «Қазақ тіліндегі эмоцияны бейнелейтін фразеологизмдер» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Сөйтіп, ғылым әлемінің қиындығы мен қызығы, тауқыметі мен талабы оны қазақ тілінің қоғамдық, әлеуметтік қызметін негіздейтін, жандандыратын жаңаша сипаттағы антрополингвистикалық бағытта іргелі еңбек етіп, яғни танымдық жүйе мәселесін зерттеуге деген тың ізденістерге әкелді. Соның нәтижесінде бірнеше мақала мен «Эмоцияны бейнелейтін қазақ фразеологизмдері» (2011) атты монографиясы жарық көрді.
К.Сарышова оқытушылықпен қатар 2007-2008 жж. «Сырдария кітапханасы» көптомдығының редакциясында – редактор, 2012 жылдан республикалық, ғылыми-танымдық «Базар жырау» журналында – жауапты хатшы, Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі қызметтерін атқарды. Ұлттық тестілеу орталығында ҚАЗТЕСТ-ке арналған тест тапсырмаларын әзірлеу тобының жұмысына қатысты. Көзге көрінбейтін, десе де артында қаншама қыруар еңбек, төзім мен білімді қажет ететін, шыдамдылықты талап ететін жұмысты бір сәтке де қабақ шытпастан орындап, содан ләззат алатын қаршадай қыздың білім мен ғылым дегендегі салиқалылығы көпті таңғалтып, бас шайқататын. Ондайда ашуланып, шаршаудың орнына өз жұмысынан рақат тауып, «Ғылымға адалдық керек, менің зерттеу, сараптау, саралаудан жаным қуанышқа бөленеді» деуі оның шын мәнінде ғылымға жаратылған жан екенінен хабар береді. Содан да болар, Сарышова туралы айтқанда ғылым деген қасиетті сөз қоса қабаттасып, өз-өзінен тілге орала береді.
Міне, аузын ашса – көмекейі көрінетін, ақылын ашуына жеңдірмейтін, жел сөзге бір иығы түгілі, жеңін де бермейтін, адамгершілік бітім-болмысы ешкімге ұқсамайтын Күлдірсінмен бірге келе жатырмыз. Жүйрік аттай жүйткіген уақыттың жалынан қалыспай, алдына қойған арман-мақсаттарының биік тұғырынан көріну жолында жанкештілікпен еңбек етіп келеді. Өз ісіне мығым, қайраттылығы мен табандылығы – білімінің айнасы. Оның жанының үлбіреген ұлпа қардай таза, гүлдей нәзіктігін сезінгенде, нағыз қазақи әйелдің тұлғалық келбетін өлеңмен өріп, жалпақ жұртқа паш еткің келеді. Мұндайда ақын боп, оның ғылыммен суарылып, біліммен өрілген бекзат болмысын суреттеп-ақ тастағың келеді, оған өзінің қажырлы еңбегі, адами қасиеті куә.
Университет қабырғасында оқытушылық қызметті атқара жүріп, студенттермен емен-жарқын әңгімелесіп, қолынан келген көмегін ешкімнен аямайтын ол ұстаз ғана емес, ана ретінде жастардың жүрегіне жол таба біледі. Ондайда оның: «Жастардың жаны таза, жүрегі от қой, студенттермен ашық әңгімелескеннен рақаттанамын» деуінен студенттерді білімге, ғылымға қызықтыра білетініне, шынайылығына көз жеткізуге болады.
Күлдірсін – біздің ұжымда отыз жылға жуық оқытушылық қызметте. Қанша адам болса, сонша мінез болатыны белгілі. Осы уақытқа дейін Күлдірдің біреудің бетіне жел боп тигенін, болмаса кемшілігін бетке немесе сыртынан айтқанын өз басым көрмеппін. Аузынан тек жақсы сөз шығады. Ол маңайындағы жандарға тәрбиелілігімен де, әдемі сөзімен де шуақ шашып жүреді. Адамдардың көңілін қалдырмайды. Қашанда жылы жымиып, күліп тұрған адамға еріксіз езу тартып, жауап қатасыз ғой. Сондықтан да болар, Күлдірге де ешкімнің дауыс көтеріп сөйлегенін ешқашан байқамаппыз. Өзін сыйлатып, өзгеден де сый-құрметін аямайтын ол осы қалпынан арада қанша жылдар өтсе де, өзгермеді. Табиғатынан рухани жан дүниесі бай, қазақтың кең даласындай жомарт жүректі Күлдірдің бүгінгі таңда ғылымдағы, оқытушылық қызметтегі жетістігі адами құндылықтарды бойына сіңіре білуінен деп топшылауға болады. Осы орайда Ж.Баласағұнның: «Адам бойында жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген қанатты сөзінің мәнінің тереңдігін ұғына түсесің. Мен Күлдірдің бақыты – ғылымдағы, оқытушылық қызметіндегі жетістігі ғана емес, өмірдегі жетістігі – ана деген ардақты атқа лайықты, саналы ұрпақ тәрбиелей білгендігі дер едім. Бақыттың, байлықтың, дәулеттің қайнар бұлағы – ұлы мен қызында. Тәңірім солардың рақатын көрсетсін деп тілеймін. Қарақан бас қамын күйттеуден, күйбің тірліктің тізгінінен аса алмай жүргендер бірге қызмет еткен әріптесті де, өмірдің қызықты кезеңдерін бірге өткізген құрбы-құрдасты да ұмытып кететіні жасырын емес. Күлдір бұл тұрғыда да тұғырынан түспеген. Бір кездері бірге қызметтес болған жандардың қайғысына ортақтасады, қуанышына алаөкпе боп жүгіре жөнеледі. Шәкең – белгілі араб тілінің маманы, елге құрметті азамат. Жан жары Шәрбай десе, жүрегі бөлекше соғатын Күлдірсіннің адам, әйел ретіндегі болмысы – бөлек әлем. Ата-анадан жастай қалса да, Күлдірмен бірге өскен үйелмелі-сүйелмелі әпке-сіңлілердің арасындағы бір-біріне деген бауырмалдықты, жанашырлықты көргенде, қазақ қыздарының осыншалықты қайсар, осыншалықты нәзік, десе де тәрбие тінін үзбей, ерге бергісіз өмір сүріп отырғандарына қарап сүйсінесің, тәубе дейсің.
Кез келген ортада ойып тұрып өз орнын ала білген Күлдірдің мерейі үстем болуы кісілік келбетінің кірбің шалмағандығында екені даусыз. Оның адамшылығы мен қызметтік жетістігін тәптіштеп айтудан жалықпаймыз. Тұлға деп таныған құрбымыздың тұла бойына тұнған адамдық қасиетін де айта бергіміз келеді. Содан да адами құндылық азайып бара жатқан қазіргі қоғамда Күлдірсін Сейтжанқызының адамгершілік қасиетін дәріптеудегі мақсатымыз да сол – қоғамдық көзқарасқа ықпал ету. Рухани байлық адамдық келбетті қалыптастырады. Оның кемелденуі – білім мен білік, көрегенділік пен ақыл, парасаттылық. Осынау ұлы қасиеттің бәрін Күлдір бір бойына қалай сыйдыра білген деп ойларсыз. Иә, Күлдірдің бітім-болмысы табиғи, адами құндылықтың ассоцияциясын құрайды. Ізгілік пен игіліктің жаршысындай адамзат атаулыны пәк көңілімен қашанда құшақ жая қарсы алатын Күлдір – сыйластық пен татулық, достықтың нәзік жібін жалғай білетін ерекше жан. Біздің жиырма жылдан аса сыйластығымыз – сөзімізге дәлел. Жаны таза, жүрегі кең жандардың жаныңда жүргенін мақтаныш тұту ләзім. Күлдірдей игі жақсылар – көпке үлгі, өнеге. Оқытушының жас ұрпаққа берер тағылым-тәрбиесі тал бойынан көрініп тұрса, айтар ақыл-өсиеттен мейлінше маңызды әрі ықпалды болары анық. Күлдір өзіндік мінсіз адамгершілік қасиетімен де, кішіпейілдігімен де жастарды тәрбиелеуде деп ойлаймын.
«Ұлы адамдардың ұлылығы – қарапайымдылығында» дегенді санамызға сіңіріп өссек те, астамшылыққа, тәкаппарлыққа бой ұрып қалатынымыз бар. Пендешіліктен жоғары тұру, құрбы-құрдасты жақыныңдай жаныңа үйір ете білу – үлкен кісілік, бекзаттық. Адамға қуаныш сыйлап, жақсылық тілеп тұруы оның адамдық қасиетінің жоғарылығы деуге болады.
Міне, табиғаттың үлкен сыйы – мінез байлығына ие болған Күлдірсін Сарышованың адами келбетінің бір парасын ғана жазбамызға арқау еттік. Сол адамдық келбетіне көлеңке түсіп көрмеген Күлдірдің жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбиені өзіндік кейіп-кескінімен ұдайы көрсетіп жүргені анық. Ұлағатты ұстаз қасиеттерінен нәр алып өскен өскелең жастың бойына иненің жасуындай болса да ізгіліктің дәні себілетіні даусыз. Мерейлі мерекесін ғалымдық, ұстаздық жолындағы көп жетістіктермен қарсы алған Күлдірсін Сейтжанқызына белесің биік, айналаң аман, әрқашан мерейің үстем болсын дегіміз келеді.
Гүлмира БАЯЛИЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың
қауымдастырылған профессоры
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!