Шавкат Рахмонов – қазақстандық аралас жекпе-жек шебері. Мансабында мүлде жеңілмеген, сондай-ақ, еш жекпе-жегін төрешілердің шешіміне дейін жеткізбеген спортшы. Шавкаттың әлемнің ең үздік лигасы UFC-ге қосылғанына біраз уақыт болды. Ол атаулы промоушенға 2019 жылы кіргенімен, алғашқы жекпе-жегін 2020 жылы өткізді. Сол уақыттан бергі Шавкаттың UFC-дегі нәтижесі – 6:0. Ал жалпы мансабында 18 жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде жеңіс тұғырынан көрінген. Шавкатқа артылар үміт көп, палестин жауынгері Белал Мухаммад британдық Леон Эдвардсты жеңіп, титулға қол жеткізгенінен кейін отандасымыз бен жаңа чемпион арасындағы жекпе-жек ММА комьюнитиінде көп талқыланып жатыр.
Бәріміз білетіндей, Шавкат жартылай орта салмақ дәрежесіндегі ең қаһарлы жауынгерлердің бірі болып саналады. Ешқандай жеңіліссіз, салқынқанды, универсал файтердің жекпе-жегін бақылау қай-қайсымызға да қызық. Оның үстіне Шавкат – ММА үшін әлі жас. Бұл жекпе-жек түрінде жас аса рөл ойнамайды. Гловер Тейшейра 42 жасында кіші ауыр салмақ титулын иемденуі – бұл сөзімізге дәлел. 29 жастағы Шавкатты да алда біраз нәрсе күтіп тұр. Сол амбициялардың бастысы – чемпиондық титул. Қазіргі таңда ММА комьюнитиінде Шавкаттың чемпиондық жекпе-жек өткізуге лайық, лайық еместігі жөнінде біршама пікір айтылуда. Шавкат жартылай орта салмақ рейтингінде үшінші орында тұр. Белалдың жақында ғана титул иемденгенін ескерсек, оның биыл жекпе-жекке шықпайтыны анық. Шавкат егер биыл төбелеспесе, бір жыл актив болмағанының белгісі. Ал, бұл лиганың президенті Дана Уайт медиаға шорқақ, белсенді емес файтерлерді аса суқаны сүймейтіндігін білеміз. Сол себепті, Шавкатқа көбірек әлеуметтік желіде пост жазып, потенциалды қарсыластарының шамына тие бергені жөн секілді. Оның үстіне ағылшын тілін де меңгеруі қажет.
Бірақ, Шавкат өзінің Белалдың кезекті қарсыласы екендігін дәлелдеуді бастап-ақ кетті. Қазір Белал Мухаммад пен Шавкат Рахмонов жекпе-жекке кірісіп кеткендей, бірақ X әлеуметтік желісінде. Отандасымыз алғашында трештокқа берілген жоқ. «Лайықты жеңісіңмен құттықтаймын, Белал! Титулды бірінші маған қарсы қорғап, сөзіңде тұрасың деген үміттемін» деді ол. Артынша, «Белалды жекпе-жектен қашты, оның белсенді чемпион болмайтынын білгенмін» деп сынады. Ал Белал мейлінше Шавкаттан тартыншықтап әлек.
Сонымен қатар, лиганың Джон Аник, Джо Роган, Даниэль Кормье секілді эксперт-талдаушылары да Белалдың кезекті қарсыласы ветеран, қатарынан үш жекпе-жек жеңілсе де, соңғы рет титулға таласуға Камару Усманды лайық деп есептейді. Алғашында Шавкат нигериялық спортшымен белдеседі деген де сыбыстар шыққан. Бірақ, Усманның да қатарынан төртінші рет жеңіліп, претендент қатарынан шығып қалуға зауқы жоқ. Шавкатқа төменгі рейтингтен ұсыныс тастап жатқандар да жоқ емес. 11-нөмірлі ямайкалық жекпе-жек шебері Хоакин Бакли Шавкаттың ызасына тиетін видео да жариялады. Ал Конор Макгрегордың отандасы Иэн Гэрри де Майкл Пейджді жеңгеннен кейін жеңіліссіздер арасындағы жекпе-жек қызық болатынын айтып, Шавкатқа ұсыныс тастаған. Бірақ, Шавкат Гэрриді өзара жаттығу кезінде тас-талқанын шығарғанын ескертті. Отандасымыз Шавкаттың титулдық жекпе-жекке шығуын тек қазақстандықтар емес, сондай-ақ АҚШ пен Еуропа фандомы да асыға күтіп отыр. Оған Шавкаттың әлеуметтік желілерге салған әр постына жазылған «Белалдан белдікті тартып ал», «Шавкат, дивизионды мына ішпыстырарлық файтерден құтқар» деген пкірлер дәлел. Бәрін уақыт көрсетеді, бірақ, қашан болсын Шавкаттың алғашқы болып UFC белдігін отанына әкелетініне сенеміз.
А.АБАЙҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!