Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрінің, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің, сондай-ақ Қаржы мониторингі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктері төрағаларының қатысуымен ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев комиссия отырысына селекторлық байланыс арқылы қатысты.
Жиында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, қаржы пирамидаларының алдын алу, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «Киберпол» арнайы топтары 2,5 мыңнан астам қылмысты ашқанын, нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелгенін баяндады. Сонымен қатар, 914 қылмыскер ұсталды, жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталды. Еліміздің 5 қаласында 19 SIM-бокс және 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карталары анықталды. «Антифрод-орталық» жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұрған 400 млн теңге бұғатталды. Шараларды күшейту үшін несие беруден ерікті түрде бас тарту, сондай-ақ жәбірленушінің қатысуынсыз ресімделген несиелерді есептен шығару бойынша бірқатар заңнамалық түзету пысықталуда.
Үкімет басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ең ұсақ құқықбұзушылықтарға да әдістемелік реакциялар қажет екенін атап өтті. Көшелердегі, қоғамдық орындардағы жалпы тәртіп шешуші рөл атқарады, қылмыс пен құқық бұзушылықтың жалпы деңгейіне әсер етеді. Премьер-министр өңірлердегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі қаралып, қылмыс деңгейін одан әрі төмендету бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеу міндеті жүктелді. Қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтау шараларын күшейту үшін отбасының цифрлық картасының функционалдығын кеңейту керек. Сондай-ақ, балаларға қатысты зорлық-зомбылық және суицид көріністерін анықтаудың жаңа тәсілдерін әзірлеп, оқу орындарының психологиялық қызметінің жұмысын күшейту қажет. Қаржы министрлігіне кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға жол бермеу жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды. Бұдан басқа, баланың психологиялық және физикалық дамуына зиян келтіретін құқыққа қарсы мазмұнға қол жеткізуді шектеуді көздейтін қосымшаны әзірлеу мәселесі пысықталатын болады.
Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық басымдық ретінде айқындалған. Отырыста Ішкі істер министрлігіне күш-жігерді шоғырландыру бойынша жаңа тәсілдерді іске асыру және құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа әрі тиімді жүйесін құру тапсырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!