Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсардың» қарқыны қуантады

05.09.2024, 11:40 849

Маусым басында сонша сынаған «Қайсар» жақсы ойын өрнегін көрсетіп, QFL кестесінде 5-орында тұр. Өткен матчта, яғни премьер-лиганың 19-турында оңтүстік дербиде күтпеген жерден жеңіске жетіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Күтпеген жерден деу себебіміз, «Ордабасы» – былтырғы премьер-лига жеңімпазы. Шымкенттік клуб биыл да жаман ойнап жүрген жоқ. Турнирлік кестеде 4-орында тұр. Ойналмаған әлі төрт ойыны бар екенін ескерсек, «Ордабасының» премьер-лиганың бірінші орынына жайғасуы бек мүмкін. Қысқасын айтқанда, «Қайсар» турнирдің үздік үштігінен ойып тұрып орын алатын, соңғы 2-3 жылдың  көлемінде  Еурокубок іріктеуіне  қатысып  жүрген  командадан  айласын асырды.  Жалпы,  қызылордалық  клубтың жеңіліс дәмін аз татып, көп ойында жеңіс тұғырынан көрініп жүргеніне біраз болды. Маусымашар ойындарындағы сәтсіз нәтиже  «қасқырларға»  сабақ  болған  сыңайлы.

Бәріміз білетіндей, «Қайсар маусымды сәтсіз бастады. Сол кездері қызылордалық жанкүйерлер тарапынан команданың ойынына біраз наразылық туындаған. Футболшылардың ойынында шикілік көп екенін, эмблема үшін доп тебетіндердің жоқтығын айтып даурықты. Оның үстіне «Қайсар» құрамында  атой салған Валерий Громыко да алматылық «Қайрат» сапына қосылды. Дегенмен «қасқырлар» мойыған жоқ. Керісінше, маусым ортасына таяу, мамыр айы бастала салысымен бес ойын қатарынан жеңілмей, жұртшылықты таңғалдырды. Бас бапкер Кумыков жаттығуды үдеткен секілді. Премьер-лига клубтарына «Қайсарға» қарсы ойнау қиынға түсе бастағанын сезіндік. Көбіне екінші нөмірмен ойнап, тек керек тұста шабуылдауды місе тұтқан қызылордалық клуб QFL-дің соңғы 14 ойынының тек біреуінде  ғана  жеңіліс  тапты. Оның өзі – күні кеше «кегін» алған «Ордабасы» футбол клубы. Жеңіліссіз серия дейміз-ау, өкініштісі қызылордалық команда көп тең тарқасады. Тең ойынның айыбы жоқ, бірақ бір тең нәтиженің қоржынға тек бір ұпай беретінін ескерсек, алдыға ілгерілеу қиынға түсетіні сөзсіз. Сол себепті қалған ойындарда мейлінше жеңіске ұмтылу қажет. Стилистикалық тұрғыда алып қарасақ, «Қайсардың» үштікке ілінуіне мүмкіндік бар.

«Ордабасыға» қарсы ойыннан түйгеніміз, «Қайсар» жеңіске жетуі үшін ойынды түбегейлі ұстап, допқа иелік ету мен шабуылда белсенді болуы керек емес. Кумыков бұл тұста стратегиялық тұрғыда жақсы жұмыс істегені көрініп тұр. Сондай-ақ, Думан Нәрзілдаевтың ойыны жайында айтып өткен жөн. Думан – «Қайсар» сапындағы ең тәжірибелі ойыншы. «Ордабасы» жейдесінде де топ тепкен Қызылорда футболының түлегі қарсылас команданың қандай тактикамен ойнайтынын жетік меңгерген секілді. Алғашқы голды қақпа торына тоғытып ғана қоймай, стандарт добын сәтті орындап, келесі голдың да соғылуына ықпал етті. Сикач жайында әңгіме тым бөлек. Серб қақпашысы маусым басынан бері жоғары деңгейде ойнап келеді. Сикачтың сейвтері көп ойында «Қайсардың» ес жиып, камбэк жасауына септігін тигізді. Алайда, ойын соңында «Қайсар» қақпашысы командалас қорғаушылармен сөзге келіп, кішігірім жанжал туындаған еді. Команда бас бапкері Виктор Кумыковтың Сикачқа әлдебір нәрсені айтып, сабырға шақырып жатқан видеосы әлеуметтік желіде кең тарап кетті. Әзірге ойыншы да, бас бапкер де бұл жағдай жайында пікір берген жоқ. Не де болса, команданың атмосферасы бұзылмады, арадағы мәселе шешілді деген үміттеміз.

Жалпы, «Қайсардың» ойыны әзірге көңіл қуантады. Бірақ, тым еркінсімеу қажет. Әлі алда бірнеше тур, қиын матчтар күтіп тұр. Маусым аяқталар тұста конкуренция артып, аутсайдерлер кенеттен мотивация алып, қолда тұрған жеңісті жұлып әкетуі мүмкін. Маусым басында көпшілік «бірінші лигаға түсу тоқпақ болып тимеді» деп наразылық көрсетіп еді, керісінше, «қасқырлар» өткен маусымдағы қателіктерді еңсеріп, тың серпіліспен, ерекше ерік-жігермен ойнап жүргендері айқын көрініп тұр. Ойын нәтижесімен қатар «Қайсардың» шабуылшысы Айбар Жақсылықов ұлттық құраманың Норвегияға қарсы ойынына шақырту алып, жанкүйер қауымды одан сайын қуантты. Командаға бөлінген бюджетті ескерсек, «Қайсар» ойыншылары күтілген үміттен артық ойнап жатыр десек те, артық айтқанымыз емес. Бұйырса, сол жағалауда еліміз тәуелсіздік алғалы үшінші заманауи, UEFA стандартына сәйкес жаңа 10 мыңдық стадион бой көтеріп жатыр. Бұл фактор да «Қайсардың» алдыңғы маусымдардағы сапалы әрі әрлі ойынына ықпал ететіні анық. Алда 14 қыркүйек күні қарсылас алаңда «Жеңіс» клубымен матч бар. Бұған дейінгі ойында «Қайсар» минималды есеппен астаналық клубты қапы қалдырған еді. Екінші ойында да үш ұпай еншілеген жағдайда бесінші орынға толық тұрақтауға болады. Себебі, бір саты төмен келе жатқан қостанайлық «Тобыл» мен «Атырау» футбол клубтары қызылордалық командадан бір матч кем ойнаған, оның үстіне тек небәрі екі-үш ұпайға артта. Сол себепті тең нәтижені азайтып, мейлінше жеңіске ұмтылу қажет. «Жеңіспен» ойнап болғасын «Қайсар» «Қайратпен» кездеседі. «Қайрат» – әзірге премьер-лига лидері. Соңғы ойында «Астанаға» есе жіберді. «Қайратпен» болған алғашқы матчта біздің мерейіміз үстем болды. Бірінші кездесуде жеңсек те, турнирлік кестеде топ жарып тұрған клубтың фаворит болары сөзсіз. Сондықтан, кез келген нәрсеге дайын болып, дайындықты үдету керек.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: