Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дос бар жерде, дұшпан да бар…

05.09.2024, 11:00 229

Адамзаттың бәрі бір-біріне тек жақсыны ойласа, «дос», «дұшпан» ұғымдары қалыптаспас еді. Айналамыздағы адамдар біз туралы тек жақсы немесе тек жаман нәрсе ойлайды деп айта аласыз ба? Ешқашан! Өйткені, жер бетіндегі 8 миллиард адамның саусақ іздері ешбір қайталанбайтыны секілді, адамдардың ойы да әралуан. Оны болжап білу мүмкін емес. Тіпті, бетіңізге күле қарап, ту сыртыңыздан «пышақ ұратындардың» әрекеті де таныс шағар. Айтқым келгені, дос бар жерде дұшпан да бары – әуелден ақиқат дүние. Оны катастрофа етіп алудың қажеті жоқ, жай ғана өмірдің заңдылығы ретінде қабылдаңызшы, өміріңіз  жеңілдей  түседі.

Сонымен қоса, адам табиғатындағы қарама-қайшылықты толығымен жою мүмкін емес. Бір жағынан, біз достыққа ұмтыламыз, екінші жағынан, сол достықтың өзінде де ішкі көреалмаушылық пен екіжүзділік ұшқынын байқаймыз. Өмірде алға ұмтылған сайын, біреудің қолдауын тапсаңыз, екіншісі күліп, сыни көзбен қарайды. Мұны жүрекке жақын қабылдаған сайын, зардабын шегетін өзіңіз. «Адам – мәдениетті аң» деген пікірді философтардың көбі айтты. Демек, жан-жануардан айырмашылығымыз мәдениеттілігіміз бен ақылымыздың барында ғана ғой? Бұл үшін ашуланбаңыз, жаңа айтқанымыздай көп нәрсені жүрекке жақын қабылдауға болмайды. Осы секілді ойлар сіздің басқа көзқарасыңызды тірілтуі керек. Сонда дос пен дұшпан ұғымдарын тең қарау үрдісі қалыптасады. Десе де айтқандарымыздың дұрыс не бұрыс екенін ешкім білмейді, себебі барлығы өмірді бірінші рет және бір-ақ рет сүріп жатыр…

Атақты философ Зигмунд Фрейд адам психикасын зерттегенде адам ішіндегі бейсаналы (подсознание) күштер мен қорқыныштардың қалай әрекет ететінін көрсеткен. Фрейдтің пайымдауынша, адамдардың бір-біріне деген қатынастарының астарында саналы түрде жасырынған дұшпандық немесе бәсекелестік жатыр. Адамдардың бәрі тек «дос» деп ойлау – аңғалдық болар еді. Өмірдің шындығында дос пен дұшпан қатар өмір сүреді.

Өмірдің ащы шындығы – адамның өз табиғатында. Біздің барлығымыз бен сенімдеріміз өмірдің қиюласпайтын заңдылықтарына негізделген. Қаншалықты өзіңізді қоршаған адамдардың пейілін болжап, оларды тек «дос» немесе «дұшпан» деп бөліп қарауға тырыссаңыз да, бұл бөліністің нақты шекарасы болмайды. Өйткені, әр адам өз ішіндегі сезімдер мен ойлардың шатасқан лабиринтінде адаса жүріп, сол анықтағанын өз ыңғайына сай көрсетеді. Түсінесіз бе?

Қоғамның әрқилы бетпердесіне үңілгенде, көпшіліктің сыртқы мәдениеттілігі ішкі қайшылықтарын бүркемелейді. Философиядағы «мәдениетті аң» ұғымы да осыны меңзейді. Яғни, жануарлық инстинкттерді ақыл мен мәдениет жасырып тұрғанымен, тереңде бұғып жатқан қарама-қайшылықтар үнемі біліне береді. Осы тұста, дос пен дұшпанның қатынастары бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым секілді, олар сіздің өмір жолыңызда қатарласа жүріп, әртүрлі рөл ойнайды. Мұны басқара білу мен қабылдау да – өнер.

Фрейдтің көзқарасын еске алсақ, біздің санамыздың астарында саналы түрде байқалмайтын дұшпандық пен ішкі күрес жатқанын көреміз. Мұның түбінде адамдардың мінезіндегі тұрақсыздық жатыр. Бір сәтте сізге қолдау көрсететін адам келесі сәтте басқаша әрекет етуі ғажап емес. Оны біз өзгертуге тырыспағанымыз абзал. Өйткені, өмірдегі «ой-шұқырлар» сіздің жаныңызды қамшылап, рухани өсудің жолына жетелейді. Бастысы, ойдың тұтқыны болмаңыз. Айтқымыз келгені – сол.

МҰНАРА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: