Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастарды шетел баурап барады…

08.08.2024, 10:20 294

Қазіргі таңда жаһандану үдерісінде жастардың өз елінен басқа мемлекеттерге көшуі жиі кездесетін құбылысқа айналды. Білім алу, мәдениетімен танысу, жаңа мүмкіндіктер іздеу секілді мақсаттармен шетелге кететін жастар саны артуда. Бұл құптарлық нәрсе болғанымен, шетелдің тұрғыны болып қалуға шешім қабылдайтын жастар санының көбеюі елімізге үлкен шығын әкелуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, жастарды шетел баурап бара жатқандай. Көзге көрініп тұрғаны – осы. Енді статистиканы сөйлетсек.

Өткен жылы 15 мың қазақстандық шетелге көшіп кеткен. Бұл цифрдың көп бөлігін жастар құрайды. Жыл сайын осы статистиканың айналасында тұрғындар елден кетіп,  экономикасы жоғары, экологиясы таза елдің тұрғынына айналуда. Қазақстан Республикасының  көші-қон  саясатының  2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында  биыл – 12,3 мың, 2025 жылы – 7,2 мың, 2026 жылы – 3,1 мың, 2027 жылы 100 адам ғана шетелге көшеді деп жоспарлаған. Бұл «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Заңнамасында айтылған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев өткен жылы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында шетелге көшіп жатқандардың санын азайтуға бағытталған іс-шаралар легін баяндап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен  бөлісті.

– Былтыр сырттан келу көші-қоны бойынша оң динамика байқалды. 2023 жылғы  1 желтоқсандағы жағдай бойынша елге 23 мың адам (8,3 мың адамға өсті) көшіп келіп, 15 мың адам елден шықты. Сырттан келу көші-қон өсімі негізінен ТМД  елдері  мен  Қытайға  тиесілі, – деді  ол.

Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 6,1%-ға өскен. Өңіраралық көші-қон бойынша Астана (33 798 адам), Шымкент (2 756 адам) қаласы және Алматы обласында (898 адам) халықтың көші-қонының оң сальдосы қалыптасты. 2022 жылғы қантар-желтоқсанда елге   17 293 адам келсе,  24 239  адам  көшіп  кеткен.  Көші-қон  сальдосы – 6 946 адам. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны  57,5%-ға өсті, кеткендер саны 24,7%-ға азайды.

Жоғарыда  жастардың  шетелге  көшуі жиілегенін  айттық. Басылымның  «Тұлпар»  бетіне осы тақырыпқа байланысты арнайы  жастар арасында шағын сауалнама жүргізіп көрдік. Респонденттердің  70 пайызы елде қалатынын айтқан. Ал 18 пайызы шет мемлекеттерге кеткісі келетінін жеткізсе, қалған 12 пайызы болашағын Корея, Түркия, Қытай, АҚШ, Сингапур, Амстердам секілді елдерден ғана көре алатынын айтты. Бұл – 20-35 жас аралығындағы жастардың пікірі. Бұдан өзге шетелге көшкісі келетін жастардан пікір алып, назарларыңызға  ұсынуды  жөн  көрдік.

Сіз  не дейсіз?

Данияр  ҒАЛЫМҰЛЫ, 27 жаста, IT маманы:

– Шетелде IT саласы жақсы дамыған, мүмкіндік  өте  көп.  IT маманы ретінде шетелде жұмыс істеу және білім алу мүмкіндіктерін ұзақ уақыттан бері зерттеп жүрмін. Көптеген елде IT саласы өте жоғары деңгейде дамыған, бұл маған үлкен қызығушылық тудырады. Шетелдік IT компаниялар инновацияларды бірінші болып енгізеді, ал жаңа технологияларды игеру мен үшін өте маңызды.

Қазақстанда да IT саласы дамып келеді, стартаптар мен технологиялық жобалар жүзеге асуда. Дегенмен, шетелде тәжірибе жинақтау  кәсіби өсуіме үлкен серпін береді деп ойлаймын. Шетелде жұмыс істеген кезде, әлемнің әртүрлі елдерінен келген мамандармен пікір алмасу, әртүрлі мәдениеттермен танысу, жаңа әдістер мен технологияларды игеру мүмкіндігіне ие боламын. Бұл менің кәсіби дағдыларымды жетілдіруге және жаңа идеяларды жүзеге асыруға  мүмкіндік  береді.

Шетелдік компанияларда жұмыс істеу маған  жаңа нәрселерді үйренуге, өзімді жаңа бағыттарда  сынауға,  кәсіби ортада  бәсекеге  қабілетті  болуға  көмектеседі. Әлемнің  жетекші  IT компанияларының жобаларына қатысу, олардың жұмыс әдістерін көру, заманауи технологиялармен жұмыс істеу маған үлкен тәжірибе береді деп сенемін. Сонымен  қатар,  шетелде  алған  білімімді  елімізде қолдану арқылы IT  саласының  дамуына  өз  үлесімді  қоса  аламын  деп  ойлаймын.

Шетелде IT саласындағы білім беру жүйесі де жоғары деңгейде, университеттер мен зерттеу орталықтары жаңа технологияларды дамытуға бағытталған. Бұл орталарда білім алу, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу  кәсіби өсуіме үлкен септігін тигізеді. Шетелде білім алу арқылы  әлемнің жетекші университеттерінде оқып, олардың озық тәжірибелерін игеріп, өзімнің зерттеу жобаларымды  жүзеге  асыра  аламын. Мақсатым – халықаралық  деңгейде танылған  IT  маманы  болу.

Қазақстанда қалған дұрыс екенін түсінсем де, шетелде жұмыс істеу   үлкен мүмкіндіктер ашып, кәсіби маман ретінде өсуіме көмектеседі деп сенемін. Сондықтан, шетелде тұрақтап қалуды және сол жерде өз мансабымды дамытуды жоспарлап отырмын. Бұл маған тек кәсіби өсуге ғана емес, сонымен бірге өзімді жаңа қырлардан танып, әлемнің ең үздік IT компанияларында жұмыс істеуге  мүмкіндік  бермек.

Ерасыл  ЗЕЙНУЛЛА, 25 жаста, кәсіпкер:

– Қазақстанда жоғары табыс табатын кәсіпкер болудың жолын қарастырып жүрдім. Жоғары білім алу үшін шетелдегі оқу орындарын зерттедім, бірақ кейіннен Қытайда өз кәсібімді ашу туралы шешім қабылдадым. Қытайдың экономикасы мен бизнес мүмкіндіктері маған үлкен қызығушылық тудырды. Елімізде де кәсіпкерлікті дамытуға арналған көптеген бағдарлама бар, бірақ мен халықаралық саудада үлкен жетістіктерге жетуді көздедім.

Яғни, Қазақстан мен Қытай арасында сауда жасаумен айналысқым келеді. Қытайдың нарығы өте үлкен және дамыған, бұл кәсібімді кеңейтуге және жаңа мүмкіндіктерге жол  ашпақ. Қытайдағы бизнес инфрақұрылымы мен кәсіпкерлікті қолдау жүйесі өте жақсы дамыған. Мұны өз ісімді дамытуға  мотивация  десем де болады.

Қытайда тұрып, Қазақстанмен тығыз байланыста болу арқылы мен екі елдің арасында сауда қатынастарын нығайтуға өз үлесімді қоса аламын. Қытайда тұру маған жаңа технологияларды, инновацияларды және заманауи бизнес әдістерін игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қытайда тұрып,  жергілікті нарықтың ерекшеліктерін жақсы түсініп, кәсібімді тиімді жүргізе аламын.

Қытайдағы бизнес ортасы өте қарқынды және бәсекеге қабілетті, бұл маған өзімді жаңа қырлардан сынап көруге жағдай жасайды. Қытайдағы бизнес мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мен Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қатынастарын нығайтып, өз кәсібімді дамытқым келеді.

Сол жақта жүріп екі ел арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуға өз үлесімді қоса  аламын.

Аружан  РОМАНҚЫЗЫ, 21 жаста, журналист:

– Шетелде оқуды көптен бері армандап жүрмін. Мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап, әлемнің үздік университеттері туралы ақпараттарды оқып, олардың жоғары білім беру деңгейі мен ғылымға деген көзқарасына қызығушылық таныттым. Шетелдегі білім беру жүйесі әртүрлі бағытта дамыған, студенттерге үлкен мүмкіндіктер беріп, зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалған. Әлемдегі жетекші университеттердің бірінде оқуды армандаймын, себебі  олар  теориялық білім беріп қана қоймай, студенттерді ғылыми зерттеулерге, инновациялық жобаларға тартады. Оған қоса, шетелдік жоғары оқу орындарының заманауи зертханалары, озық технологиялармен жабдықталған аудиториялары бар. Мұндай ортада білім алу тек қана теориялық білімімді тереңдетіп қоймай, практикалық  дағдыларымды  да  жетілдіреді деп  сенемін.

Шетелге тек білім алу үшін ғана емес, сол жерде тұрып, мансаптық өсуді де ойластырып жүрмін. Әлемнің әртүрлі елдерінде алған тәжірибем, жаңа ортаға бейімделуім, өзге мәдениеттермен танысуым маған үлкен көмек болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, шетелде түрлі компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау, жаңа технологияларды игеру – мен үшін өте маңызды. Мұндай мүмкіндіктер маған кәсіби жағынан дамуға, өз саламда бәсекеге қабілетті болуға жол ашады.

Болашақта менің арманым – халықаралық деңгейде танылған маман болу. Осы мақсатқа жету үшін шетелде білім алып, жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Әрине, Қазақстанда да білім беру деңгейі жоғары, бірақ әлемнің әртүрлі елінде білім алып, тәжірибе жинақтау маған үлкен артықшылық береді деп сенемін. Шетелде алған білімімді, тәжірибемді елімізге оралып, өзімнің саладағы жетістіктерімді Қазақстанда қолданамын деп жоспарлап отырмын.

Менің ойымша, шетелде оқып, жұмыс істеу тек  жеке дамуыма емес, еліміздің дамуына да өз үлесімді қосуға мүмкіндік береді. Осылайша, мен өз елімізді халықаралық деңгейде таныта аламын, ал шетелде жинақтаған тәжірибем мен білімім Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі деп сенемін.

Пікір жинақтаған  Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: