Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бір ауыл – бір өнім»: брендке бастаған жоба

01.08.2024, 10:40 462

Нарықта нәтижеге жету үшін тауар мен өнімнің сапалы болғаны маңызды. Бұл бизнестегі бәсекені күшейтеді. Табыс табудың  кілті  де – сонда. Таргеттің  дәуірі  екенін ескерсек, әр кәсіпкер басқару жүйесі  мен  өнімді  өткізудің тиімді  тәсілін  білуі  тиіс.

Иә, қазіргі таңда кәсіпке кірісіп, өндірісті өрге сүйреймін деген жанға мүмкіндік көп. Соның бірі – «Бір ауыл – бір өнім» әлеуметтік жобасы. Өңірдегі бірегей өнімді іздеп, саланың қыр-сырына үңілуге үлкен сеп. Сонымен, кәсіпкерлер де тәжірибелі, межеге жеткенше меселі қайтпайтын көрінеді. Бұған жоба аясында Сыр өңірінде өткен өнім көрмесінде куә болдық. Ал көрме – көптің  көзайымы.

ИНВЕСТИЦИЯ  –  ЭКОНОМИКАНЫҢ   МАҢЫЗДЫ  ЭЛЕМЕНТІ

Елімізде кәсіп ашуға құлықты адамға қолдау бары рас. Тіпті, өңірі­мізде бір-бір істің басында жүріп, кәсібін кеңейтіп жүргендер көп. Бүгін­де ауыл халқы да бос жатқан жоқ. Ежелден төрт түліктің орасан пайда­сын көрген соң, қазір де шаруа­шылығын ширатып, кәсіп көзі ретінде дамыта түскен. Бұл – халық­тың тұрмысын түзеп, әлеуметтік жағдайын реттеуге таптырмас мүмкіндік. Жемісті жобалар да біраз екенін айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы негізінде 3 млрд теңгені құрайтын 406 түрлі кәсіп жолға қойылды. Ал, биыл кәсіпкерлік саласын қолдауға 34,5 млрд теңге қаралды. Бизнестің 1,5 мыңнан аса  жобасы 24,6 млрд теңгеге қаржыландырылған. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының да мақсаты –  сертификатталған әрі сұранысқа ие сапалы өңірлік өнімді шығаруға тұрғындарды кеңінен тарту. Жоба дегеніне жеткен де сыңайлы. Өйткені, кәсіпкерлер  белсенділік  танытып  жүр.

– Өңірге инвестиция тартуда шағын және орта бизнес маңызды рөл атқарады. Кейінгі 5 жылда өңір экономикасына 1,9 трлн теңге инвести­ция, сондай-ақ $ 1,1 млрд тіке­лей шетелдік инвестиция тартылды. Жаңа жобаларға инвестиция тарту, бизнесті қолдау және оны дамыту бағытындағы іс-шаралар мұнымен тоқтамайды. Соның бір дәлелі бүгінгі көрме болды деп айтсам  қателеспеймін.

Өткен жылы  «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесіне аймақ­тан 22 кәсіпкер қатысса, биыл олардың  саны екі есеге артып отыр. Яғни, 49  кәсіпкердің өнімімен танысып  шықтық. Барлығы да жеңімпаз болу­ға лайық дер едім, алайда шарт бойынша тек үшеуі ғана жеңімпаз атанады. Бірақ бұл басқа кәсіпкерлерді қолдамау, мемлекет тарапынан көмектеспеу деген сөз емес. Барлық тиісті қолдауды тиімді пайдаланып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға, өңір кәсіпкерлігін бірлесіп дамытуға әрқашан дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов.

Негізі жоба Жапонияда ойлап табыл­ған. Алғашында 4 өңір таңдалып, сәтті болған соң, қазір еліміздің барлық аймағында жүзеге асуда. Жергілікті шикізатты пайдаланып, экспорт көлемін ұлғайту көзделген. Сыр өңіріне арнайы келген Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) сарапшысы Акихиса Харагучи көрмеге қатысып, өңір өнімдерімен танысты. Іссапар бары­сында біршама кәсіпкерге өндіріс технологиясы бойынша дәріс өткізді. Сонымен қатар, өнімді жылжыту және өткізу, тауар белгілері мен сапа стандарттарын әзірлеу, өндірілген жергілікті өнімді сертификаттау бо­йынша барлық тәжірибесімен бөлісті. 

– Қолда бар алтынның қадірі жоқ. Сіздер жергілікті өнімдерді бағалай бермейсіздер, бірақ біз сырт көзбен көріп, Сыр елінің өндіріс аймағына айналуға  әбден  мүмкіндігі бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, сіздермен тауар сапасын арттыру жолында жұмыс істеуге да­йынбыз, – деді  ол.

Расымен, өзге елді таңдандыра алатындай мүмкіндік пен қабілет бар. Бірақ, оған аса қатты ынталы бола бермейміз. Ал, потенциалды аңғарған мемлекеттер мұны іштен сезіп отыр. Алдағы уақытта бірлесе атқарған жұмыстар жүйелі болса, өндіріс­тің  өркендеуіне жол ашық деген  сөз.

ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ  ҚҰНЫ ТҮСПЕЙДІ

Көрмедегі өнім мен бұйымнан көз сүрінеді. Өңірдің барлық ауданынан келген 49 кәсіпкер сүт-ет өнімдерін, құрылыс материалдарын, ұлттық нақыштағы тауарларды, қол­өнер бұйымдарын, тұрмыстық тауар, ағаш, киіз бұйымдары мен тәттілерін көпшілікке ұсынды. Тіпті, жиылғандар сауда жасап, қалағанын сатып алып  кетті.

Домбыраның үнінде дала дүбірі, қос ішегінде тарихтың тілі сөйлеп жатады. Бұл – халықтың қазынасы. «Әу» демейтін қазақ жоқ дейміз ғой. Ендеше, төгілте орындайтын күйшілерден бөлек, осынау аспапты жаны сүйетін адамға сыйлық ретінде ұсыну қандай жақсы?! Демек, үні таза шығатын, сапалы домбыра жасау маңызды. Өңірімізде аспап жасау­ды отбасылық кәсіпке айналдырыпты. Көрме кезінде күмбірлеген күйге елең ете қалып, кәсіпкермен  тілдесе  кеттік.

– Мұны 2019 жылдан бері қолға алғанбыз. Алдымен, аспапты 100 па­йыз қалай жасау керегін, ноталарды қалай орналастыруды үйрендік. Оюды аспап бетіне сүйектеуді меңгеріп, жоғары деңгейде жасалуына көңіл бөлдік. 1 млн 200 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алдық. Сөйтіп, жолдасым екеуміз Белкөл кентінде шағын цех аштық. Домбыраны Қызылордадағы қараағаштан жасаймыз. Негізі оны кез келген ағаштан жасауға болады, бірақ дауы­сының  таза шығуына мән беру керек. Бір  домбыраның жа­салу процесі – 10 күн. Бірақ, уақытты ұтымды пайдаланып, 10 домбыраны 10 күнде жасап шығаруға тырысамыз. Өнер мектептерінен де, жеке адамнан да көп тапсырыс түседі. Сапалы домбырамен үйреткенге не жетсін?! Өйт­кені, әр нота дұрыс бағытталуы керек. Әйтпесе, 15-20 мың және 30 мың теңгеге домбыра табылады, бірақ нотасы әртүрлі. Қазір сұраныс бо­йынша Астана, Алматы қалаларына жіберіп  жатырмыз. Әр үйдің төрінде бір домбыра ілініп тұруы керек ғой. Ең қымбат домбыра – 200 мың теңге. Жаңғақтан  жасалған, дауысы  өте  жақсы  шығады.  Әр  домбыраға 1  жылға  дейін  кепілдік  береміз.

Әрине, кәсіпті бастағанда қиындықтар болды. Ағашты иген кезде жарылып немесе сынып кетуі мүмкін. Оны ыңғайына қарай жасау керек. Алғашында не кәсіп ашсақ екен, қолымыздан не келеді деп ойладық. Жолдасым бала күнінен ағаштан бұйым жасауға бейім болған. Сондықтан, осы кәсіп балаларымызға да мұра болсын деп ұйғардық. Алдағы уақытта қобыз бен жетіген аспап­тарын жасап, кәсіпті кеңейтпек ойымыз  бар, – дейді Мархабат Ишанова.

Қазір заман басқа, кілемнің түр-түрі болғанымен, табиғи өнімге ештеңе жетпейді. Көзге оттай басылған соң, алашаны ауылдан қалаға арқалап келетіндер жоқ емес. Оюмен көмкерілген  қазақы кілем көздің жауын алады. Ұлттық нақышта бол­ған соң жанынан бейжай өтудің өзі мүмкін емес. 65 жастағы зейнеткер мұны кәсіпке айналдырып, қазақы құндылықты  насихаттап  жүр.

– Жергілікті қойдың жүнінен жасал­ған өнімдер. Қайтарымсыз грант алмадым. Бірақ, фестивальдер­ге қатысып, марапат алып жүрмін. Астана, Алматы, Тараз, Петропавл, Семей қалаларында, Ресейде өткен көрмелерге қатыстым. Бала кезімнен айналысқан сүйікті ісім. Кейін мектепте мұғалім болғанда балаларға үйретумен жүрдім. 2017 жылы Астанадағы ЭКСПО-ға қатысып, алаша тоқуды қолға алдым. Ол кезде алаша тоқитын адам аз. Сұраныс жақсы, бірақ тапсырысқа да қарамай, бос уақытымда тоқи беремін. Көрмеге апарғанда бірден өтіп кетеді. Қазір алашаларым Астана, Семей және Түркістан музейінде тұр, – дейді аралдық  кәсіпкер  Гүлнар  Жүсіп­қызы.

ҚОЛ  ЕҢБЕГІНІҢ  ДЕ ҚИЫНДЫҒЫ  БАР

Қазір арзанқол матаға көбі үйір. Содан болар, таңдаудың табиғи өнімге түсуі екіталай. Көпті көрген үлкендер ғана пайдасына үңіліп, қой және түйе өнімдерінен жасалған тауар­ды алуды құп көреді. Қазалы­лық кәсіпкер көрпе мен төсенішті табиғи өнімнен дайындайды. Әрі мұның саулыққа пайдалы тұсын да атап  өтті.

– Бұл  кәсіппен  айналысқаныма 10 шақты жыл болды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауы­мен осы көрмеге келіп отырмын. Халық осыдан 40 жыл бұрын қойдың жүнін жақсы пайдаланатын еді. Қазір бірен-сараны болмаса, бәрі деп айта алмаймыз. Қойдың жүні киізге, алаша тоқуға, шекпен пен шұлыққа қолда­нылған.  Сол   уақытта  буын  ауруы  болмаған. Өйткені, қой  жүнінің буынға көп пайдасы бар. Ересектер мен балалар жинағын жасаймын. Жас­тықты  матадан, жамылғыны  түйе жүнінен жасаймын. Жеңіл, жылы және жұмсақ. Синте­ти­калық көрпеден он есе артық. Тапсырыс әр айда әрқалай түседі. Негізі бір айда шамамен 10-15 көрпе сатамын. Бір жинақты дайындауға бір апта уақыт кетеді. Жүнді жуып, түтемін, тысы мен сыртқы қаптамасын да өзім тігемін. Қыз жасауы ретінде де көрпе-төсек дайындаймын. Қалтаға қонымды бағада сатамын. Қасымда көмекшім бар. кәсібім дөңгеленсе, тағы жұмыс күшін арттырсам деймін. Техникасыз, өз қолыммен істеген соң өнбейді. Сондықтан гранттан үміттімін. Қаржы алсам, жүнді жуып-түте­тін станок пен арнайы аппараттар алсам жақсы болар еді, – дейді Ұлия Түлекова.

Қыз бала үйден ұзатылатын сәтте салт-дәстүрге сай жөн-жоралғы жасалады. Соның бірі – сырға салу. Қазір кәсіпкерлер қыз жасауымен қатар, сырға салу көрпешесі мен сәнді сәукеле тігіп жүр. Кәсібі бір ізге түскен, тек алғашында қиындық болған. Қой жүнінен дайындаған соң қол талып, көз майыңды тауысатын сәт  жоқ  емес.

– Иә, сырға салу көрпешесі қой жүнінен жасалады. Қыз отырғанда кең көлемді әрі қалың болады. Денсаулыққа пайдасы мол. Сонымен қатар, сәукеле тігеміз. Кәсіпті ашқаныма 1 жылдан асты. 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз грант алдым. Өзім тігіп қоймай, образ да құрас­тырамын. Кейде қыздар өздерінің талғамы бойынша дизайн әкеледі. Қалауынша тігіп беруге әзірміз. Шамамен бір айда 4-5 тапсырыс түседі. Жалпы, көрпешені тігуге 1 апта уақыт кетеді. Қазір қасымда 1 шеберім бар. Өзім үйретемін. Әйтпесе, бірден бас­таған адамға үйрену қиынға соғады. Ауылдық жермен қатар Алматы және Ақтөбе қаласынан да тапсырыс түседі. Сәукеле – 35 мың теңге. Бірақ дизайны мен жұмысына қарай одан да жоғары немесе төмен бағалар да бар. Бұрынғы кезде де сәукеле жоғары бағаланған әрі киелі. Қыздар жалға алмай, сәукелені сатып алуды жөн көреді. Қанша дегенмен өзінің бағы ғой. Табиғи өнімнен жасалады, бірақ кей материалды шетелден алдырамыз. Шығынды тапсырыс өтейді. Тіпті бізде сырға салуға арналған көйлектер  де  бар.

Бұған дейін дефиле мен көрме­лер­ге қатысып, алғыс хаттарға ие болдым. Сондай-ақ, жан-жаққа қонақ болып барып, мастер класс өткіземін. Шәкіртке үйретуге әрқашан дайынмын. Өйткені, білгеніңді бөліскен жақсы, – деді  Тұрсын  Жәнібекова.

ТАБИҒИ  ӨНІМ: ТАҢДАУ  мен  ТАЛҒАМ

Табиғи өнімнен жасалған тағам­дар да көп сұранысында. Себебі, сырт­тан келген өнімнен күдер үзбесе де, тұтынудан бас тартқандар бары жасырын емес. Одан өзіміз дайындайық деген ойға келген. Иә, жұрт дүкендегі шұжыққа бұрынғыдай жүгірмейді. Жергілікті кәсіпкерлер артық  қоспасыз  шұжық пісіріп, ұсыну­ды  әлдеқашан  ұйғарған.

– Шұжықты түйе етінен дайын­даймын. Ешқандай қоспасыз, таби­ғи және халал. Негізі барлық еттен жасауға болады. Бірақ, сұраныс түйе етіне жоғары. Әрі құрамына өзінің өркеш майы да қосылады. Бір сәтте 10 кг шұжық дайындаймыз. Шұжықтың килограмы – 7500 теңге. Қымбат деп айта алмаймыз. Өйткені, еттің өзі қымбат, сүйегімен бірге жүргенімен, сүйекті қоспаймыз. Өзіміздің еңбек күшіміз бар, техно­логиясы да қиын. Талғап жейтін кісілер шұжыққа тапсырыс береді. Бұл дүкендегі шұжыққа қарағанда асқазанды ауыртпайды әрі тойымды. Мұнда шұжықтың бірнеше түрі бар және әрқайсысынң дәмі ерекше, – дейді  Зәуреш  Артықбайқызы.

Көрме қорытындысында қатысу­шыларды Палата жанынан құрылған жұмысшы топ бағалап, үздік деп танылған 10 тауар өндірушінің өнімдерін бренд-комитеттің қарауына ұсынды. Нәтижесінде бренд-комитет «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша облыстың 3 жеңімпазын анықтап, олар республика деңгейінде аймақ абыройын қорғайтын болады.

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: