Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жасыл Қызылорда» қаланы жасыл желекке бөлейді

01.08.2024, 9:40 329

Қоғалы көлдер, құм, сулар

Кімдерге қоныс болмаған?

Саздауға біткен құба тал

Кімдерге сайғақ болмаған? – деп кезінде Махамбет батыр жырлаған еді. Сол тұмса табиғаттың тазалығы бүгінде сақтаулы ма? Жасыл желектің жайы ше? Ертеде жолға шыққан жолаушының жапан түздегі панасы сол талдың саялы көлеңкесі еді. Ал, қазір табиғатқа тат түсірмей, қаншалықты қастерлеп отырмыз? Түбіне балта шабылмаған ағаштар қалды ма? Жаз мезгілі болған соң көпшілік ыстықта көлеңкені аңсайды, қапырықтан құтқарар жасыл ағаштың самал желін іздейді. Ауылдың жазира даласының жасыл кілеміне аунап, ауқымды жерге түсер ағаш көлеңкесіне жантая кетудің өзі тыныштық сыйлайды. Мұндай жайлылықты ауыл адамдары жақсы түсінеді. Онда осынау сезімді қалада сезінудің қиындығы неге көп? Осы іспетті сауалдар бұрын көпті жиі мазалайтын. Ал, қазір  күрделі  мәселенің  күрмеуі  шешілгендей.

Иә, далаға шықсаң, ыстық ауа ауыз құрғатып жібереді. Сырдың табиғаты сондай. Шыжыған шіліңгір шілдеде күн көзіне қолшатыр ұстамай, жасыл ағаштың көлеңкесімен жүруді кім аңсамайды дейсіз?! Қызылорданы әріден талсыз қала дейді. Орталық көшелер болмаса, қаланың шет аймағынан тал табу қиын болатын. Енді, өңірдің өңін ашып, көркейту мен көгалдандыру жұмысына «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі кірісті. Жасыл желекті баптап, құрт-құмырсқадан қорғаудың  тәсілін  жасап  жүр.

– Облыс әкімінің тасырмасына сәйкес 2023 жылдың қыр­күйек айында «Жасыл Қызыл­орда» КММ құрылып, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап өз жұмысын атқаруда. Басты бағыты қаламызды көгалдандыру мақсатында каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жерасты ұңғыма және насостар арқылы аяқсу беру, сквер, аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, көгалды күтіп-ұстау, қураған ағаштарды кесу болып табылады. Осы аталған жұмыстар жыл басынан бері жүзеге асып келеді.

Қаладағы талдарға мониторинг жұмыстары да тұрақты жүргізіледі. Мониторинг барысында қураған талдар анықталған жағдайда кесіп алынады. Қызыл­орда қаласы аумағына 2024 жылдың көктем айларында 8000 көшет отырғызу жоспарланған болатын. Бұл меже артығымен орындалды, яғни 12 000 дана ағаш көшеттері отырғызылды. Оның ішінде ауа райына қолайлы, құрғақ, ыстық, шөлге төзімді Сыр талы, терек, қарағаш және сәндік (катальпа, айлант, ясин) ағаш көшеттері аяқсу тұрақты беріліп тұрған С.Бейбарыс, Қорқыт ата, Сағымбаев және қаламыздың орталық көшелеріне отырғызылды, – дейді «Жасыл Қызылорда» КММ директоры Болат Бисенбаев.

Расымен, сала басшылығы жан-тәнімен әрекет етсе, сәйке­сінше жылдам көрсеткіш орнаса, сенімділік нығаяр еді. Табиғатпен тіл табысып, оны өрнектегенде берер сыйынан қапы қалмаспыз. Гүлдендіру, жайқалту – біздің міндет, парыз. Әйтеуір, жоспарланған жұмыстың жемісін бергені жағымды. Есеп беруге келгенде ентікпей, іске келгенде шорқақтық таныту жарамайтыны айтпасақ та түсінікті. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халық даналығы. Нақылды нысанаға алған жұртшылық та тал егуде тосылмайтындай. Мәселен, Тасбөгет кентінде ағаштар қатары сирек емес. Жайқалып тұрғандарын көз шалғанда көңіл қуанады. Көркін көргенде сүйсінбей өту мүмкін емес. Әр тұрғын есігінің алдына, яғни көше бетке тал еккен. Бұл – жыл сайын қайталанатын құбылыс. Олар күтім жасауда да қарап қалған емес, кешкілік ыждағаттылықпен суарады. Деген­мен, ақсаңдап тұрған аяқсу мәселесі тұрғынның қолын байлайтыны бар. Олар аяқсу мәселесі толық шешімін табар болса, ағаш отырғызып, тал егуде тұралап қалмайтындығын тілге тиек етеді. Иә, кім жасыл желектен жалт бұрылғысы келеді.

Бұл мәселе де кезең-кезеңі­мен шешімін табуда. Қаламыз­да орналасқан «Жібек жолы», «Сарқырама», «Табиғат» және қалалық каналдары наурыз айын­да толық тазаланып, қала­ішілік арық жүйелеріне де көңіл бөлінген. Жалпы, қалаға Сырдария өзені және каналдар арқылы арнайы 19 жерден  насос қондырғыларымен аяқсу берілуде. Яғни, «Жібек жолы» каналы бойында орналасқан су сорғыш қондырғысы арқылы Назарбаев, Астана даңғылы және «Сырдария» мөлтек ауданы, шамамен 6 шақырым болатындай каналдар мен арық жүйелері аяқсумен қамтылған. Ал, «Сыр ана» монументі жанындағы су сорғыш қондырғысы арқылы С.Бейбарыс көшесі және «Береке» саяжайы шамамен 1,5 шақырымды құрайтын каналдар мен арық жүйелері арқылы аяқсумен қамтылды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік көшесі бойында орналасқан су сорғыш қондырғысы қаламыздың ең ірі ішкі каналдардың бірі «Сарқырама» және орталық көшелерде орналасқан арық жүйелері мен Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы аталған мәселені реттеді. Тіпті, аяқсу жетпейтін аумақтарда егілген жасыл екпелерді арнайы көлікпен аптасына 3 мезгіл суарау жұмыстары қолға алынған.

Бірі «тал қалсын» деп талпынып, тыраштанып жүрсе, енді біреу жайқалғанды жайпап өтіп, пайдаға асыруды көздеген. Мұндай фактілер қайбір жылдары тіркелгені жасырын емес. Көз алдында құлпырған табиғаттың бөлшегіне балта шабу адамгершілікке жатпайтыны ақиқат. Айдың күннің аманында тамырына тоқтау салып, ағаштың түбінен шорт кесу, жасыл желекті жұлмалау – әдепсіздік. Әрі бұған көрілетін тәртіптік шара да бар. Сондықтан, таза аумақты ластап, қоғамдық орынды қоқысқа толтыруда  ойланған  жөн.

– Бүгінде мекеме мамандары қаладағы канал мен арықтардың тазалығын тұрақты бақылауда ұстап келеді. Аралау барысында канал мен арықтардың іші бөтел­ке сынды қоқыс қалдықтары­на толу жағдайлары жиі болады. Осындай ластанған аумақ анық­талған бойда мамандар арықтарға тазарту жұмыстарының жүргізілуін қамтамасыз етеді. Тіпті, тұрғындардың аяқсу жүретін арналарға түрлі тұрмыс­тық қатты қалдықтарды тастауы арықтардың бітелуіне де әкелген. Мұны мекеме  мамандары   түзетуде.

Қоқыс тастап, қаланы лас­таған азаматтар заң талабы бойынша айыппұл өтейді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – 5 АЕК мөлшерінде (18 460 теңге)  айып­пұл салынады. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы әрекеттер тағы қайталанса, айыппұл  мөлшері  10 АЕК-ке (36 920 теңгеге) ұлғая­ды, – дейді Б.Бисенбаев.

Қанша дегенмен, жасыл желекке жұтынап, қапырықта қапылсақ та қиналатын өзіміз. Олай болса, еңбекті елеп, қоғамдық орынды таза ұстап, баптаған ағаштың реңін бұзбаған ләзім. Сұлулықсыз сорлатудың да салдары  ауыр.

«Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпа­ғына мұра болып келе жатқан мол қазына. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақ­тау, қамқор болу – басты міндеттің бірі» деп Ы.Жақаев айт­пақшы, басшылық міндетін ұмытпаса, халық парызын орындай алса, тұмса табиғаттың біз аңсаған көркін қайтара аламыз. Әйтпесе, қамқорлықтан гөрі қастандық көп жерде өсу тұрмақ өнудің тұрпаты байқалмасы хақ.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: