Париж-2024 олимпиадасына да санаулы уақыт қалды. Әртүрлі спорт түрі бойынша 92 қазақстандық Франция астанасында ел намысын қорғағалы тұр. Оның төртеуі – қызылордалық. Биыл әлемдік додаға аттанғандар қатарына бокстан 92 келі салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қоңқабаев, грек-рим күресі бойынша 60 келі салмақта бақ сынасатын Айдос Сұлтанғали, сондай-ақ, дзюдодан 100 келі салмақ дәрежесінде Нұрлыхан Шархан және 81 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар енді. Байқап тұрғандай, бәрі дерлік – жекпе-жек шеберлері.
Қамшыбек Қоңқабаевтың мансабы бәрімізге мәлім. Ол – бокстан ҚР спорт шебері. 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, 2021 жылы Токио қаласында өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Байқағандарыңыздай, Қамшыбекке біраздан бері алтын бұйырмай жүр. Оның басты себебі – аталған салмақтағы өзбек боксшысы Баһадүр Жалолов. Баһадүр көптен бері отандасымыздың жолын кесіп жүр. Бірақ, Қамшыбектің тыңғылықты дайындықта жүргені, Баһадүрге қарсы арнайы стратегия құрғаны анық. Сондықтан да, көпшілік бұл жолы Қамшыбектің алтын алатынына кәміл сенімді. Букмекерлік кеңселердің есептеуінше, Қамшыбек – Баһадүрден кейінгі алтынға үмітті боксшы.
Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда дүние есігін ашқан. Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері. Биыл Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлде иеленіп, Париж олимпиадасына жолдама алған. Бұл – Айдостың алғашқы олимпиадасы. Ол олимпиадада барын салатынын, қайтсе де жүлдегерлер қатарынан көрінетініне сенеді. «Олимпиадада бақ сынауды алдыма мақсат еттім. Арманым орындалды. Жеңіске жетуге бар күшімді саламын» дейді ол.
Жалпы, қызылордалықтардың дзюдо спортынан өзге өңірлерге қарағанда бәсі жоғары. Бұған биыл 4 жылда бір келетін додаға жолдама алған Нұрлыхан Шархан мен Абылайхан Жұбаназар дәлел болып отыр. Нұрлыхан Шархан 2023 жылдың соңында Азия ойындарының қоласын жеңіп алған-тұғын. Сол Азия ойындарында Нұрлыхан Токио олимпиадасының алтын жүлде иегері, жапондық Аарон Вольфті қапы қалдырған болатын. Нұрлыханның да бұл – алғашқы олимпиадасы. Дзюдошыл қауым қызылордалық жас спортшының жүлдемен қайтатынына сенімді.
Абылайхан Жұбаназар – қазалылық дзюдошы. 81 келі салмақ дәрежесінде олимп шыңына жолдама алған ол тек дзюдомен емес, сонымен қатар, самбо және қазақ күресімен де айналысады. Абылайхан 2022 жылы Grand Slam турнирінде қола жүлде иеленді. «Олимпиада – әрбір спортшының арманы. Алдымда асқақ арман бар. Ел намысын абыроймен қорғасам деген мақсатым бар», – дейді спортшы.
Айтілес АБАЙҰЛЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!