Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау тетігі жыл сайын ұлғайтылып, креатив жобалар жүзеге асып келеді. Соның бірі – жаңақорғандық Азамат Құтыбаевтың шеге, тікен сым, қоршауға арналған тор, жұмыс қолғабы секілді құрылысқа және ауыл шаруашылығына қажетті материалдар шығаруды қолға алғанын айтады.
Құрылыс жұмыстарына пайдаланатын қарапайым шегенің өзі қат, сырттан тасымалданатынын көріп, осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген жас алдымен «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Бұл қаражатқа өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, алғашқы өнімдерін шығара бастады.
– Жастайымнан темірге үйір болған соң, осы жобаны таңдадым. Қазіргі таңда бұл жобаның Қызылорда облысында баламасы жоқ. Қазақстан бойынша 4-5 өңірде ғана бар. Сондықтан зерттей келе, осы жобаны қолға алдым. Кәсіпкерлік палатасының тегін оқуының арқасында білімімді шыңдап, жобамды сәтті қорғағанымның арқасында грантқа ие болдым. Бір ғана шегемен шектелмей, қоршауға арналған тор мен тікен сымды шығаруды мақсат етіп отырмын. Өздеріңіз көріп отырғандай, қондырғымыз минутына 260 дана шеге шығарса, тікен сымның бір сағатта 60-70 метрін, тор сеткіні де сол уақытта 60-70 метр өнімді дайын күйінде шығарып береді, – дейді ол.
Негізгі шикізат Қытай мен Ресейден келетіндіктен, қазір цех толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Дегенмен, мұндай құрылыс материалдарына өңірде сұраныстың жоғары екенін айтады кәсіпкер.
– Жұмысымыз жүйелі жүру үшін қалың немесе орташа, қатты және жұмсақ сым кедергі. Оны біздің елімізде бірнеше зауыт шығарады. Біз негізінен Ресейден алдыртуға тырысамыз. Өйткені Қазақстандағы баға мен шетелдегі бағада айырмашылық үлкен. Ал сұранысқа келсек, аудан халқының өзінен тапсырыс жетіп артылады. Өйткені көлемі 70-тен 150 мм шегелер кез келген құрылысқа қажет, – дейді кәсіпкер.
Темірден түйін түйген шебердің қолынан шыққан тұрмысқа, кеңсеге қажетті жиһаздардың кез келген түріне тапсырыс беруге болады. Шеге өндіретін цехтың жұмысын жолға қоя білген Азамат Құтыбаев екі кісіні жұмыспен қамтып отыр. Олардың басты мақсаты – сапалы тауар шығару әрі шетелге мұқтаждықты азайту. Кәсіп иесі алдағы уақытта тағы да бірнеше станок алып, өндірісін ұлғайтпақ ниетте екенін жасырмады. «Жаңақорғанның шегесі» деген мықты бренд қалыптастыруды мақсат еткен кәсіпкерге біз де сәттілік тіледік.
Мақпал МАРҚАБАЙ,
Жаңақорған ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!