Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бір емес, екі емес, сыздауық та жарылады»: Дәулеткерей Кәпұлы Аманжол Әлтайға неге ренжігенін айтты (видео)

01.07.2024, 8:20 350

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы «Adal Adam» YouTube-арнасында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайға неге ренжігенін айтты.

«Айтыстың шаруасына қатысты келіспей қалдық. Бұл жерде жеке бастың шаруасы жоқ. Мүмкін, ұйымдастырушылардың түсінбеушілігі болып қалған шығар. Қазылыққа барғанда алдымда менің аты-жөнім жазылмаған, көтеретін балым жоқ. Қазылар алқасының мүшесі деп қатыстырады, бірақ одан кейін мен қасымдағы қазының балын көтерсем, «Дәулеткерейдің балы есептелмейді, ол сарапшы» дейді. Басында сарапшы деп, кейін қазы деп келіскенбіз. Ол жерде басқа да бір нәрселер бар. Бұл жерде Аманжол Әлтай деген қазақтың тамаша ақыны, өнерпазы, бір кафедрада істеп келе жатырмыз 2000 жылдардан бері, Әужеке дегеннен басқа сөзім жоқ, алдынан кесіп өткен жерім жоқ. Мүмкін ұйымдастырушылардың сәл жіберген қателігі», – деді ақын.

Дәулеткерей Кәпұлы өзіне жасалған осындай қарым-қатынас партиямен байланысты болуы мүмкін екенін де жеткізді.

«Мен «Ауыл» партиясындамын ғой. «Аманат» партиясында емеспін. Екеуі де – елдің партиясы. Бізде оппозициялық партия жоқ ғой. Мені «Аманат» партиясының мүшелері оппозиционер көріп қалатын кездерін байқаймын. Аманжол да бір-екі айтыста, осы наурызда, Қызылжарда қазылар отырған жерде Жүрсін Ерманды таныстырып, Ғалым Жайлыбайды таныстырып, одан кейін мен отырмын, менен аттап кетіп, депутаттар, өзімнің достарым Жанарбек (Әшімжан) пен Ринаттарды (Зайытов) таныстырып, соңында мені таныстырады. Мені аттап кетіп, соларды таныстырған адамның көңіліне келеді ғой. Ақынның көңілі бір аяулы дүние ғой. Ақыры айттық қой, мен ақталып отырған дүнием емес. Адамның ішіне жиналады. Мағжан айтады ғой «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған, Еркімен өзі-ақ отқа барады да». Халық дұрыс түсінсін деген әңгіме», – деді ол.

Сонымен қатар, ақын өзін шеттеткен, көңілін қалдырған тағы бір жағдайды еске алды.

«Былтырғы қыста Астана қаласында өтетін үлкен айтысқа байланысты бүкіл қазылар алқасы мен ақындарды Парламент Мәжілісіне шақырып, төраға Ерлан Қошанов мырзамен кездестіреді. Таңертең барлық ақын, барлық қазылар барады, түстен кейін айтыс. Мені шақырмай қояды, өйткені менің партиям басқа. Мен халықтың ақынымын ғой. Осындай нәрселер менің ішіме Әужекеңе (Аманжол Әлтай) айтуым керек нәрселерді түсірді. Мен ішімде сақтап қалсам, менікі зымияндық. Аманжол менің аға-досым, жақсы түсінеді. «Аманаттан» бұрын «Нұр Отан» кезінде де, мен басқа партияның мүшесі ретінде «Мирас» қоғамдық қорының мүшесі едім. Осы былтырғы сайлаудан кейін, қоғамдық ұйымнан менің атымды алып тастайды. Осыны маған басқаша «Дәулеткерей, сен басқа партиядансың, мына жерде саған отыруға болмайды» айтса болады ғой. Бұл жерде партияға бөлініп айтылып отырған әңгіме емес, мемлекеттің шаруасы, руханияттың шаруасы қозғалатын жер ғой. Осындай ғана әңгімелер. Басқа дым да жоқ арамызда. Оны халық дұрыс түсінсін. Ақталып отырған жоқпын. Бір емес, екі емес, үш емес, сыздауық та жарылады. Сондай нәрсе болды, ол рас. Аманжол Әлтайдың жеке басында шаруам жоқ. «Жігіттің өзімен талассаң талас, басындағы бағымен таласпа» деген ұстанымым бар», – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Айта кетейік, Дәулеткерек Кәпұлы өзінің facebook парақшасына «Аманжол Әлтай, мені қорлаудың «Аманат» партиясы арқылы істеп жатқан жобаң сәтті жүріп жатыр!» деген жазба қалдырған болатын. Артынша оны өшіріп тастады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: