Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда футболшы дайындау мүмкін болмағасын, Португалияға кеттім

27.06.2024, 10:50 664

Фазылбек  ӘБСАТТАРҰЛЫ:

Ұлт футболы жайлы көзқарас әртүрлі. Ұлттық құрамада тұрақтылық жоқ, ал клубтық дәрежеде өнер көрсететін командалар еурокубоктарға іліге алмай жүргеніне біраз болды. Сондай-ақ, жемқорлық фактілері де азаймай тұр. Айта берсең, қазақ футболында былық көп. Біршама уақыт үміт күттірген футбол индустриясы байырғы күйіне қайта оралып, прогрестің орнына регреске келе жатқан секілді. Осы тақырыптың төңірегінде Португалия мемлекетінде қазақ балаларын доп тебуге үйретіп, халықаралық турнирлерде жол бастап жүрген бапкер Фазылбек Әбсаттарұлымен тілдескен едік. Ол  футбол индустриясымен 2016 жылдан бері таныс. Сол жылы Астанада «Арландар» футбол клубын ашқан. Оның басты мақсаты – қазақ футболын дамытып, ел экономикасына сәл де болсын үлес қосу.

БАРЛЫҚ  МӘСЕЛЕНІ  КӨТЕРДІМ, АЙТТЫМ

– Ассалаумағалайкүм, ең алдымен осыдан бірер жыл бұрын футболдың отаны Бразилияға аттанған жас футболшылар жайында сөз қоз­ғайықшы. Бәріміз білетіндей, шетелге аттан­ған 78 жеткіншек үкілеген үмітті ақтай алмады. Кәсіби футболшы бола алғандар санаулы. Кейбірі ең болмағанда сол жақтан тіл меңгеріп, аудар­машы қызметін атқарып жатыр деседі. Жалпы, қалай ойлайсыз, бұл жерде кінә кімнен? Бразилия футбол мектебінің методикасы жөнді болмады ма, әлде баруға тиісті бала таңдаудан оңбай қателестік пе? Немесе мұның астарында бөгде  мәселе  жатыр  ма?

– Бұл – әбден жауыр болған тақырып. Көп жазылды, айтылды. Қазір оны қайта қозға­ғаннан  ешқандай пайда жоқ.

– Фейсбуктегі бір жазбаңызда федерация­ға қаншама хат жолдадым, нәтиже шықпады деген­ге келтірдіңіз. Біздің футбол федерациясына қандай ұсыныс айтып едіңіз?

– 10 жыл ішінде футболға қатысты барлық мәселені жаздым. Оның қайсыбірін айта берейін.

– Бұл жобаны жүзеге асырғалы 7 жылға таяу уақыт болды. Сол жылы «Арландарда» болған балалар бүгінде жігіт жасында, ең болмағанда «Барселона» ойыншысы Ямалмен құрдас болу керек. Үмітті ақтап, кәсіби футболға қадам басып, шетелдік клубтарға шақырту алған қанша ойыншы  бар?

– «Арландар» тұрмақ, бюджеті №1 ең үлкен «Астананың» өзінен жыл сайын 30-35 шамасында футболшы бітіріп шығады. Солардың өзі футболшы дайындай алмай отыр. Қара­пайым мысал айтайын, сол «Астана»  өзі дайын­даған бірнеше оқушыдан біреуінің негіз­гі құрамда ойнағанын білмейді екенмін. Мысалы, бітіріп шыққан 500 футболшының қаншасы негізгі командада ойнады? Сондықтан, біз қыр­дық, жойдық десек, өтірік болып қалады. Қазақстанда футболшы дайындау мүмкін болмаған  соң, Португалияға  кеттім.

КИІМ  АУЫСТЫРАТЫН  ЖЕРДІҢ  НЕ   ЕКЕНІН  БІЛМЕЙТІН  БАЛА  КӨП

– Жалпы, біздің жігіттердің футзалға немесе 8 ойыншыға арналған кіші футболға жаны құмар. Халықаралық турнирде бомбардир атанған Біржан Оразов секілді ойыншылар бұл сөзімізге дәлел. Бірақ неліктен үлкен футболға келгенде тосылып қаламыз? Аяқдопшыларымызға кардио жетіспей ме, әлде тәртіптің аздығынан, жаттығу­дың  жетіспеушілігінен  бе?

– Жаны құмарлықтан емес. Жауабы өте қара­пайым, футбол алаңы жоқ. Ол түгілі Астана қаласындағы «Астана», «Жеңіс», «SD Family» сияқты клубтар алаң таппай Алматы, Көкшетау, Шымкент секілді қалаларға барып ойнайды. Ал Қазақстан бойынша облыс орталықтарындағы жалғыз стадиондардың тозы­ғы жетіп, көбі сертификаттаудан өте алмай отыр. Себебі, барлығы Кеңес одағы заманында салын­ған. Жаңадан салынған жалғыз «Астана Аренаның» өзі – жасанды алаң. Ал стандарт бойынша алаңда табиғи шөп болуы керек. Яғни, стандартқа сәйкес футбол алаңы жоқтың қасы. Болса, 1-2-еу ғана шығар. Енді табиғи шөп пен жасанды шөптің айырмашылығы туралы жазсақ, кітап болып кетеді… Премьер-лигадағы кәсіпқой футболшылардың өзі стандартқа сәйкес алаңда ойнай алмай жүргенде, (1, 2-лига туралы айтпай-ақ қояйық), біз секілді кәсіби емес клубтар мен әуесқой командарлардың дайындалып жүрген жерлері туралы жазудың өзі ұят. Киім ауыс­тыратын жердің не екенін білмейтін бала көп. Алаңдарында өтірік болса да, жасанды шөп сияқты бірдеңе тұрғанына қуанамыз. Ал оның астындағы цементтің бұлшықеттерді, бүйректі, т.б. зақымдап жатқаны туралы айтқанда, қылмыс жасап жатқанмен бірдей боласың… Қазақстанның 70-80 пайыз жерінде алты ай қыста футзалда, алты ай күн жылыда ешқандай стандартқа сай емес  жерлерде доп тепкен баладан  қандай  футболшы  шығуы  мүмкін?

ФУТБОЛДЫ  ДАМЫТАМЫЗ  ДЕСЕК

– Жақында ғана ұлттық құрамаға бас бапкер болып Ресей ұлттық құрамасының экс-бапкері Черчесов тағайындалды. Ол – ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де мемге айналған адам. Бұл жайында пікіріңіз қандай? Сізде мүмкіндік болса, кімнің  кандидатурасын  құп  көрер  едіңіз?

– Әлемнің үздік барлық жаттықтырушысын әкелсеңіз де, бірдеңе өзгере қоюы мүмкін емес. Оны жаттықтырушылардың өзі де мойындар еді. Себебі іргетасы жоқ жерге олар қалай үстіне бірдеңе салуы мүмкін? Егер футболды дамытамыз десек, алдымен ғылым мен білімнен бастаймыз. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ғылым бар жерде ғана даму бар. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ол үшін ең алдымен маман­дар дайындау үшін Еуропаға оқуға жіберу керек, әлемнің үздік футбол академияларына  балалар жіберу қажет. Міне, осыдан кейін ғана  даму жолына түседі. Басқа жол жоқ. Сондықтан, бапкер таңдаудан бұрын футбол ілімін қалыптастыру қажет. Біз 33 жыл ішінде осының ешқайсысын жасамадық. Ал Бразилия асқан балаларға келер болсақ, Бразилия Еуропа емес. Сондықтан да нәтиже шықпады.

– Қазіргі футбол бұрынғыдан өзгеше. Кезінде техникаға аса мән берілді, Кройфф алып келген стильді Зидан, Иньеста сынды ойыншылар жалғастырып, футбол құдды өнер дәрежесіне жетті. Ал қазіргі футбол модернистік кезеңнен постмодернизмге өткен секілді. Бүгінде әмбебап, физикалық тұрғыда мықты ойыншылар бағаланады. Тотальді футбол көрсететін командалардың мерейі үстем. Осы тұста балаларды қандай стильге  бағыттаған дұрыс дегім келеді?

– Қолғабы жоқ боксшыдан, ракеткасы жоқ теннисшіден стиль жөнінде не сұрауға болады? Футболда да дәл сол секілді. Алаңы жоқ жерде футбол болмайды. Ал алаңды қатыра алмай жүргенде, стиль жайында ойлауымыз не теңіміз? Алдымен футбол менеджментін қатырып, құрылымын жасап алайық, кейінірек стиль жайында ойлана жатармыз.

– Португалияда жүргеннен кейін отандастарымызбен қатар, өзге ұлт өкілдерімен де етене таныс боларсыз. Португалия баласы мен қазақ баласының менталитетінде айырмашылық бар ма, жоқ па?

– Бұл туралы кітап жазбаса, мына жерде қысқа жауап бере алмаймын. Не ексең, соны орасың дейді. Біз еге алмай, өсіре алмай отыр­мыз. Әйтпесе балаларда кінә жоқ. Португал балалардың артықшылығы көп болса, демек олар  соны  егіп, өсіріп  отыр…

«АТЛЕТИКО  МАДРИД»  ЖОБАСЫ – ІСКЕ  АСПАЙТЫН  ЖОБА

– Жақында ел президенті «Атлетико Мад­рид» футбол клубының президентімен кездесіп, елде мадридтік клубтың академиясын салу жобасын қолға алды. Бұл жоба жайында ойыңыз қандай? Шетелдік клубтың филиалын ашу балаларды футболы дамыған елдерге тағылымдамаға жібергеннен  тиімді  деп  ойлайсыз  ба?

– «Атлетико Мадрид» жобасы – іске аспайтын жоба. Себебі, ешқандай іргетасы, негізі жоқ. Футбол – әлемдегі аудиториясы ең үлкен спорт түрі. Сол үшін саясаткерлер саяси ұпай, электорат үшін ұпай жинағысы келеді. Уақытша сәт үшін. Интернеттен қарасаңыз, Қазақ­станда Құдай-ау, «Милан» да, «Барселона», «Фенербахче», «Галатасарай», «Бешикташ» та, т.б. барлығы бар. Нәтижесі қайда? Өткенде Қырғызстан президенті де «Барсело­наны» айқайлатып тұрып ашты. Ал одан не пайда? Тетіктерін іске асырмаған соң. Ондай клубтардың барлығы франшиза арқылы ақша алып отырады. Инфрақұрылымы сәйкес емес. Сәйкес болса да, жүйе қалыптастыру қиын. Мыса­лы, Гарвард университетінің ғимараттарын Қазақстанға жиырмасын салса да, ол Гарвард сияқты бола ала ма? Ол бар жоғы ғимарат, қабырғалар ғана.  Түсіндіре алған шығармын. Сол секілді «Реал Мадридтің» кампусын салғанмен, оны қалыптастыруға 40-50 жыл кетеді. Неге? Себебі, ол жерге ғылыми қадам керек.

– Жоғарыда «Бразилия Еуропа емес. Олар футболды ғылыми тұрғыда дамытып жатқан жоқ» деп қалдыңыз. Футболды ғылыми дамыту дегеніміз қандай? Бұл тұрғыда Еуропаның өзгелерден басымдығы неде?

– Әрине, Бразилия Еуропа емес. Оларда ең болмағанда ортақ тіл де жоқ. Олай дейтініміз, бразилиялықтар португал тілінде сөйлейді. Ал, жалпы ол жақтағы футбол тәртіп мен әдістемеге емес, көбіне талантқа немесе династияға қарайды. Бразилияда доп тебе алмасаң, өзіңді асырау қиын. Ал енді футбол ғылымы дегенді түсіндіру қиын нәрсе. Мәселен, Еуропада эмпириялық зерттеу әдісі жақсы дамыған. Бұл әдіс арқылы скауттар ойыншыға баға береді, потенциалын анықтайды. Және де апробация жайында да ерекше атап өткен жөн.

– Сұхбатыңызға рақмет, «Арландар» биіктен көріне  берсін!

Сұхбаттасқан 

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: