Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Олимпиада ойындарына неше рет егіз боксшы қатысты?

27.06.2024, 10:00 176

Париж Олимпиадасының басталуына тура 1 ай ғана уақыт қалды. Қазақ­стан тарихында тұңғыш рет егіз боксшы Нұрбек және Айбек Оралбайдың (суретте) Олимп жолдамасын иеленгені белгілі. Осыған орай, әлемде төртжыл­дықтағы тартысты турнирде неше рет егіз боксшы бақ сынағаны туралы  ізденіп  көрген  едік.

Шыны керек, бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласындағы әлемдік іріктеу кезеңінде биылғы бәсі биік бәсекеге жолдама жеңіп алған Оралбайлар ерекше жайттың авторы атанған-ды. Өйткені, бұл – қазақ боксы тарихындағы тұңғыш оқиға. Десе де, әлемде бар жағдай болып шықты. Сонымен, тарих­қа көз салсақ, 1936 жылғы Берлин Олимпиадасында даниялық егіз боксшы Кай Фредериксен мен Вигго Фредериксен бақ сынаған. Өкініштісі сол, 51 және 54 келі салмақта жұдырықтасқан даттық екі спортшы да жүлдегерлер сапынан көріне алмады. Солай бола тұра Олимпиадада жұдырық­тасқан  тұңғыш  егіздердің  тізімін  бастады.

Ал 1980 жылы өткен Мәскеу Олимпиадасында Павел Скшеч және Гжегож  Скшеч есімді польшалық егіз төбе көрсетті. 81 келі салмақта Павел күміс жүлдеге ие болса, Гжегож +81 келіде 1/4 финалға дейін барды.

Сондай-ақ, 2008 жылы Қытай астанасы Бейжіңдегі Олимпиадада Пуэрто-­Рико елінің МакУильямс Арройо мен МакДжо Арройо есімді егіз боксшысы бақ сынады. 51 мен 54 келі салмақтағы қос боксшы үшін жарыс сәтсіз аяқталды.

2021 жылы (2020 жылы өтуі тиіс Олимпиада ойындары кейінге қалдырылған болатын – ред.) Токио Олимпиадасында ұлыбританиялық бір отбасының қос ұлы шаршы алаңға шықты. 63 келіде Люк Маккормак жарысты ерте аяқтаса, 69 келідегі сыңары Пэт Маккормак күміс жүлдені мойынға тақты.

Басталуына санаулы күн ғана қалған Париж Олимпиадасында қазақстандық егіз боксшы – 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай, 92 келіде Айбек Оралбай ел намысын қорғайтын болады. Егер екі боксшы да жүлдегерлер сапы­нан көрінсе, бокс тарихындағы жүлде алған тұңғыш егіз тізімінің көшін бастайды.

Еске салайық, Қазақстанда әлемге танымал ағайынды боксшылар жетерлік. Егіз Геннадий мен Максим Головкиндердің алғашқысы танымал болғанымен, екіншісі Олимп төрінде бақ сынай алмады. Әлемдік деңгейде айтарлықтай жетістікке жеткен Мерей Ақшалов пен Мейірім Нұрсұлтановтың да ағайынды екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Сондай-ақ, Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар да әуесқой бокста жасындай жарқырады, әлі де аламанда атой саларына сенеміз. Кейінгі уақытта Ермахан мен Ерасыл Жакпековтер, Махмуд  пен  Төрехан  Сабырхандар  шаршы  алаңның  шырайын келтіріп  жүр.

Рыскелді  ЖАХМАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: