Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала қауіпсіздігі бәрінен маңызды

19.06.2024, 17:25 216

Бүгінде бала өмірінің қауіпсіздігі бәрінен маңызды болып тұрғаны жасырын емес. Оларды түрлі қауіп-қатерден қорғауда ата-ананың атқаратын міндеті зор. Әсіресе, жаз айларында оларға ерекше көңіл бөліп, назар аудару керек. Себебі, суға түсу маусымында балаларға келер қауіп көп. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Өңірлік коммуникациялар қызметінде сала мамандарының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

– 2023-2024 оқу жылында жасөспірімдер мен балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, олардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын нығайту мақсатында «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Барлық білім беру ұйымдарында 410 шара, 330 сыныптан тыс жұмыстар жүргізілді. Азаматтардың жаппай баратын және демалатын орындарында «Баланың жолдағы қауіпсіздігі – барлық құндылықтардан жоғары» атты бейнероликтер көрсетіліп, жадынама мен буклеттер, балаларға арналған шағылыстыратын элементтерді тарату акциясы өтті.

Сондай-ақ, бүгінгі күні жоспарға сәйкес, облыс бойынша білім беру мекемелеріне іргелес орналасқан аумақтардың қауіпсіздік талаптарына жауап беретін қажетті жол инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша аудандық, қалалық бюджеттен 346 дана жол белгісі мен 199 шақырым жол жолақтары, 88 жаяу жүргіншілер жолағы сызылып, 38 дана «Абайлаңыз балалар!» макеті қойылды. Ал, 2024-2025 жаңа оқу жылына дейін 84 мектептің алдына «Балалар», 68 мектептің алдына «Жылдамдықты шектеу» жол белгісі, 73 мектеп жанына жылдамдықты бәсеңдететін жасанды ойлы-қырлылық онатылып, 91 мектептің алдына жаяу жүргіншілер жолағы сызылатын болады,- деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бектұр Қали.

– Қазіргі таңда облыс аумағында 6 615 бала тынығатын 8 лагерь жұмыс істейді. Білім басқармасының ұсынған мәліметіне сәйкес, лагерьлерде балалармен жұмыс істеуге жіберілген 164 мамандардың соттылығының жоқтығына тексеру жүргізілді. Айта кету керек, осы лагерьлерде тегін демалу үшін ішкі істер органдарының есебінде тұрған жасөспірімдердің тізімі жергілікті білім бөлімдеріне жолданды. Сондай-ақ, жазғы тынығу кезеңінде лагерьге баратын оқушыларды аудандарға және еліміздің өзге қалаларына экскурсиялар мен арнайы турларға автобуспен апару кезінде ілесіп жүру үшін қызметтік автокөлікпен бірге қызметкерлер де жұмылдырылуда, – деді Қызылорда облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рауан Әлдешов.

– Қызылорда облысы көлемінде жыл сайын азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында өрттен, суға түсу маусымында судағы адамдардың әсіресе, балалардың қазасы өзекті болып отыр. Жасөспірімдердің қаза болуының негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы және ата-аналардың немқұрайды қарауының себебі болып отыр. Балаларға арналған қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету бойынша жағдайларды жасау және ұйымдастыру мәселесі бойынша ата-аналардың жауапкершіліктерін арттыру, сондай-ақ балалар өліміне қатысты қайғылы жағдайларды болдырмау, олардың жақсы өмір сүруіне қолайлы ортаны құру мақсатында шаралар қабылдау туралы тиісті мекемелерге хаттар ұсынылды. Қаза болу мен жарақаттанудың алдын алу мақсатында, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өрт қауіпсіздігі шараларын оқыту, өрт кезінде дұрыс әрекет ету бойынша жалпы білім беру орындарында тұрақты түрде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде, – деді Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Жасұлан Түйменов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: