Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бос орын

19.06.2024, 8:00 190

HALYQLINE.KZ

Ауылда мәдениет үйі директорының орны босады. Бос орынға таласушылар көп болды. Ауыл әкімі Талтаңбай Салпаңбаев сахнада жиналыс жасады.

– Менің балам директор болуға лайық, – деп сөзін бастады көп жылдан бері кітапхана директоры болған Биғаш апай.

– Ойыбай, сенің балаң домбыра да тарта алмайды. О, несі-ай, – деп бұрқ ете қалды Майжан.

Ол – мектеп директорының әйелі. Бұл қызметті көздеп жүргелі көп болды.

– Доғарыңдар, бұл орынға менің ұлым келгені дұрыс. Ол өзі өнерлі, сахнада ән айтады, би билейді, – деді бас маман Қыртық.

– Сіздер неменеге дау шығарып отырсыңдар? Бұл қызметке біз конкурс жариялаймыз, – деді әкім.

– Ауылға конкурспен ешкім жұмысқа келмейді. Өзіміз сайлаймыз, – деп зейнеткер Мыртық заңды белшесінен басты.

– Екі дипломы бар менің балам үйде отыр. Қолынан бәрі келеді, – деп жылады мәдениет үйінің еден сыпырушысы Мәлика.

Мәликаға Әзима, Қалима қосылып, үш дауыста дауыс етті.

Бұл таластың аяғы төбелеске айналатынын сезген әккі әкім айлаға көшті.

– Құрметті ауылдастар, мен сіздерге бір жұмбақ жасырамын, егер кім тапса, соның баласы мәдениет үйіне директор болады, – деді.

– Өте дұрыс шешім, – деді бас маман Қыртық мұрты жыбырлап.

– Қазақтың ұртын рақаттандыратын тағам?

Мәдениет үйіне тыныштық орнады. Жұмбақты дәл тапқан адам бос орынды иеленеді. Әкім шытырман жұмбағымен талай қызметті таныс-тамырларына әперіп жүр. Аңқау халық білмейді.

– Мен таптым, ол сағыз, -деді біреу

– Сағыз тағам емес, қазақтың ұртын рақаттандыратын тағам суға піскен вермишель, – деп қойып қалды Қоңқыш.

– Мүмкін пияз шығар, – деді арақтан аузы құрғамайтын Майлыбек.

– Дұрыс емес, – деді әкім.

Әкімде шешілмейтін жұмбақ көп.

– Сарымсақ болар, – деді тағы бір кісі.

Сонымен жұмбақ шешілмеді. Әкім қуанып отыр. Әйелінің інісіне қызмет дайын тұр.

– Құрт, – деп дауыстады бір кемпір.

– Кімді құртайық? – деді бас маман Қыртық.

– Қазақтың ұртын рақаттандыратын тағам – ол құрт, – деймін.

Жұмбақ шешілді. Әкімнің бет-аузы жыбырлап кетті. Бірақ, шешуін тапқан әжейдің баласы жоқ. Талас қайта басталды. Әзірге орын бос тұр…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Карикатура: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: