Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бар қазақты бір арнаға біріктіргім келеді

13.06.2024, 9:20 1111

Санат  ІЛІЯСОВ:

Бұл – жас саяхатшы Санат Іліясовтың мақсаты. Қазірде әлеуметтік желіде жүздеген мың оқырманы бар кейіпкеріміз шетел қазақтарының өмірінен сыр шертетін контенттер түсірумен айналысады. Ол қалай дейсіз бе? Жалғыз өзі жүріп саяхат жасайды. «Жалғыз жолаушының» жүріп өткен жолын сұрамақ ниетпен өзімен тілдесіп көрдік. Қазірдің өзінде сапарда жүрген бауырымыз телефон арқылы тілдесуге уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап берді.

– Жалғыз  жолаушы  болып  жүргеніңізге  көп  болды ма? Саяхат жасауды қашан  бастадыңыз?  Бұлай  ел  кезудің  мақсатымен  бөлісіңізші.

– Қазір жалғыз емеспін, отбасым, балам бар. Бірақ бойдақ күнімде сапарға жалғыз аттанатынмын. Қазақстан аумағында саяхаттап жүргенімде өзімді «жалғыз  жолаушы»  деп  атадым.  Міне, бұл есім сол кезден қалған.

Саяхаттауды 2021 жылы, яғни 3 жыл бұрын бастадым. Ең алдымен өз еліміздің ішін араладым. Марқакөлден  бастап  Каспий теңізіне дейін авто­стоп­пен жаяу бардым. Осылай тағы бір ай жүрдім.  Кейін ақырындап шетел­ге аяқ  бас­тым. «Жалғыз жолаушы» жобасының көздегені – бар қазақтың басын бір youtube арнаға біріктіру, жақындастыру. Бүгінге дейін онға жуық мемлекетте  болдық.  Сол  жақтағы  қазақтардың  өмірімен  таныстык.

Әлеуметтік желіде шетелдегі қандастар туралы акпарат жоқтың қасы. Олардың қалай, қайда тұратынынан мүлде хабарымыз жоқ. Шет аймақтағы бауырларымызды көрсету үшін осы жобаны қолға алдым. Мен барған елдегі қандастарымыздың балалары өздерінің ата-аналарының қазақ тілінде сөйлей алатынын, қазақы тәрбиеден шыққанын білсе екен деймін. Осы орайда қуантат­ыны, шетелдегі бауырларымыз қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын жақсы сақтаған. Адам өз жерінен каншалықты жырақтаса, отаны­на  сағынышы, махаббаты  ұлғаятын  секілді.

– Сіздің саяхаттаудағы мақсатыңыз ерекше. Алыс-жақын шетелдегі қазақтар­дың  өміріне  куә болып, тұрмысынан хабардар етіп жүрсіз. Бұл ой қайдан келді?

– Иә, шетелге шықтым. Шетелдегі қазақтарды көрдім. Әу басында тек сая­хат ретінде қарадым. Кейін сол жердегі қазақтардың өмірімен таныстым. Олардың өмір салты мені қатты қызықтырды. Осы қызығушылық жұмысыма  айналды. Ел арасында  «халқыңа  қызмет ету – ол Құдайға кызмет ету» деген сөз бар. Әр адам өзінің ішкі қуысын толтырғысы келетіні мәлім. Мен де ішкі қуысымды толтырып, өзімді қажет адам секілді сезінетін жобамен айна­лыстым. Бұл бастамам маған жайлылық сыйлады. Шетелдегі қазақтардың өмірін көрсетіп, мәдениетін дәріптеу мен үшін үлкен қызмет іспеттес. Мұнда мемлекеттік демеуші, арнайы тапсырыс беруші, ұсыныс мүлде жоқ. Барлығы қызығушылықтан басталып, біршама дүние­ні, жақсы идеологияны дәріптеп жүргенімді байқамай қалыппын. Біз үшін қандастар мүлде бөлек адамдар секілді көрінетін. Бірақ олай емес.

Кытайдағы қазақтар ана тілдерінде таза сөйлейді әрі мұсыл­маншылықты сақтайды. Ресейдегі қазақтардың да тілге құрметі көрінеді.

– Әр саяхаттың өз қызығы мен шыжығы бар. Шетелге жалғыз шығудың қиындығын айтып беріңізші. Жалпы, саяхаттау кезінде оқырманның ескеру тиіс нәрселері қандай?

– Әрине, кез келген дүниенің өз қиындығы болады, тіпті үйде де. Адам қиындықтан қорықпауы қажет.Қиындық бізді бір сатыға өсіреді. Саяхат та осынысымен қызық. Одан құтылудың, қашудың жолын емес, керісінше жақсылыққа жалғап, ләззат алу қажет.  Сол сәтте сен саяхатшы боласың. Ал егер турист ретінде сапарға шықсаң, қонақүй, жол шығыныңды алдын ала реттестіресің. Саяхатшы болсаң, аз саяхаттайсың, саяхатшы болсаң, қиындықтардан қашудың қажеті жоқ.

– Енді өзіңіз саяхаттап жүрген шетелдегі қазақ­тардың өміріне тоқталайық. Қанша мемлекеттегі қан­дас­пен  жүздестіңіз?

– Мен Өзбекстандағы Тамды деген жерде болдым. Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «нағыз қазақты көрсең Тамдыға кел». Шәмші атамыз да Тамдының қыздарына арнап ән шығарған. Осы елді мекендегі қазақтардың ұйымшылдығына тәнті болдым. Қысқа оқиға  ретінде  айтып  берейін.

Тамдының қысы өте суық. Мұнда газ жоқ, сол үшін қыс мезгілінде тұрғындар көмір жағады. Ал үйді жақсы жылыту үшін сексеуіл­ді пайдаланады екен. Ауылдың жігіттері уақыт-уақытпен сексеуіл теру­ге шығады. Осындай кезекшіліктің бірінде бір жүк көлігімен сек­сеуіл тиеп ауылға қайтып бара жатқан жігіттерді Экология полициясы (Қазақ­станда оларды орманшы дейді – авт.) тоқтатады. Мұндайда екі шешім бар. Бірі әр сексеуілге айыппұл немесе үлкен жаза беріледі. Поли­ция акт толтырып жатқанда, жүргізуші жігіт «Тамды тарлан­дары» атты ауыл адамдары қосылған телефондағы топқа жазып,  жігіт­терді шақырған. Мұны естіген 200 жігіт оқиға болған аумаққа лезде келе­ді. Тұрғындар болып барлық мән-жайды түсіндірген. Нәтижесінде  айыппұл­дан  босатылды.

Саяхат барысында он шақты мемлекетке табан тіреп, бауыр­ларыммен жүздестім. Қазір Ауғанстан еліне бара жатырмын. Сондықтан сізге дұрыс жауап бере алмай жатырмын. Жолдамын. Алдағы уақытта  осы  сапарым  туралы  әлеуметтік  желіден  көре  аласыздар.

– Ақ жол тілейміз. Сапар сәтінде шыққан сұхбатым деп айтып жүресіз. Әлі  біраз  жол  бар екен жетуіңізге, шетелдегі қандастардың  өмірі  жайын­да  айтып  берсеңіз. Оқырманға  қызығы  да  осы.

– Маған  Моңғолия  қазақтарының  мінезі ұнайды.Нағыз қазақ  дерсің. Өзімен өзі, жайдары, жайбарақат  адамдар. Таспаға түсіріп жүргенде сәлемдесіп барсаң, ең алдымен дастарқанын жайып, қонақ қылып күтеді, танысады, әңгімелеседі. Кейін жұмыс бабына қөше­ді. Өте  еңбекқор  жандар. Әрқайсысының   төрт  түлігі  бар,  өте  көп.

Ресей қазақтарын «орыстанып» кеткен дейді. Жоқ, олай емес.Мен Ресейдің  төрт облысында болдым. Омбы, Алтай, Орынбор және Сама­ра. Мен  көрген  қандастар  қазақ  тілін  толық  біледі,  бесік той, тұсау­кесер  секілді  тойларды  жасайды.

Өзбекстандағы қазақтар ана тілінде жақсы сөйлейді. Бір байқағаным, қандас­тарым  ауқатты  тұрады. Қытайға келсек, қазақ тілінде сөйлегенде орысша  немесе  қытайша  бірде-бір  сөз  қоспайды  және  өте еңбекқор. Ирандық  қазақ­тар  алыста  болса  да,  отбасылық  құндылықтары  қазақы  тәрбиеден  алыс  емес. Маған  бұл  қатты  ұнады.

– Осы  арада  түйген  тәмсіл  қандай?

– Саяхаттау керек. Әлемде қанша мәдениет, салт-дәстүр бар. Осы ғажайып­ты көрген сайын жаңа шекаралар ашылады. Бұл – ерекше сезім. Мұны сөзбен жеткізе алмайсың, тек көзбен көру қажет. Егер менің қолымда ақша болса, мен  тағы  да  саяхатқа  аттанар  едім.

Осы сәтті пайдаланып өз көрермендеріме алғыс айтқым келеді. Себебі мен сапарда болған елдердің қаржысының жарты бөлігін көрермендерім жинап берді.

– Болашаққа қойған жоспарыңызбен бөліссеңіз. Алда саяхаттарыңыз жалғаса ма әлде басқа жобаны дүниеге әкелу ойда бар ма?

– Сұхбаттың басында айтқандай, алға қойған жоспарым –қазақтың басын бір youtube арнаға біріктіру. Қазақтар тарыдай шашылуда. Солардың барлы­ғын жинап, біріктірсем деймін. Мақсатқа  жету жолында еңбектенудемін.

– Жұмысыңызға сәттілік тілейміз! Оқырмандарға өзге айтарыңыз болса, мархаб­бат.

– Оқырмандарыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Бір айтарым, саяхаттаңыз­дар, өкінбейсіздер.

Әңгімелескен  Е.ҚАЛИЕВ

P.S: Шетел қазақтарының өміріне қатты қызыққан кейіпкеріміз олардың салт-дәстүрге беріктігін айтып, таңданысын жасырмады. Ол бір жағынан қызық болып көрінгенімен, екінші жағынан өзіміздің ерекшелігімізді жоғалтып алған ұлттай сезім сыйлады. Өйткені, өз дәстүрін өзгенің айнымай ұстанып жүргенін естігенде таңдану қуаныштан бұрын әттеген-ай дегізеді. Ал қандастардың салтқа беріктігі қатты қуантты.  Айтпақшы,  кейіпкеріміз  әлеуметтік  желідегі парақшасында «Ауғанстандағы  қазақтар» жобасының жабық көрсетілімі болатынын айтып,  оқырмандарымен  жақсы  жаңалығымен бөлісіпті. «10 кітап оқығаннан гөрі, 1 мемлекет көріп шетелге шыққан әлдеқайда артық» деген тіркес бар емес пе?! Бүгінгі буын уақытын бір сәттік ләззатқа емес, осылай құндылықтармен танысуға жұмсаса дейсің. Ол күн де алыс емес сияқты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: