Биыл халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толып отыр. Даңқты баба есімін ұлықтау, ұрпақ жадында мәңгі сақтау мақсатында Қазалы ауданында түрлі іс-шара жоспары жасалып, әр жерде атап өту қарекеті де басталып кетті.
«Екі дүниең абат, қос тойың қабат болсын» дегендей, биыл Қазалы ауданына қарасты батыр атымен аталатын ауылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысы бой көтеруде. Аталмыш 300 орындық құрылыс жұмысы биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қазіргі таңда Жанқожа батыр ауылындағы ауқымды құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Білім ордасының құрылысы толықтай аяқталғаннан кейін «Жайлы мектеп» жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады деп жоспарланған. Сондай-ақ оқушылардың сапалы білім, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға толық жағдай жасалады деп көзделуде.
Өткен жылы ұлттық жобаға енгізілген мектептер құрылысының жер учаскелерін нақтылау және орналастыру бойынша «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқармасына жүктелген. Бұл ретте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының ұлттық жоба және өңірлік даму жөніндегі орынбасары, Басқарма мүшесі Амангелді Саттаров, Ұлттық жоба және өңірлік даму департаменті құрылыс бөлімінің өңірлік жоба жетекшісі Ерік Қонақбаев, Ұлттық жобаны іске асыру және өңірлік даму департаменті жобалау бөлімінің топ жетекшісі Әнуарбек Хами ауданымызға арнайы келіп, жұмыс барысын қадағалаған.
Бүгінде құрылысы аяқталуға жақын нысанның барысы жайлы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бас мердігері «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Бақытжан Құрұмбеков:
– Құрылыс мерзімі 2023 жылдың тамыз айында басталған. Жоспарға сай биыл желтоқсан айында аяқтауға тиіспіз. Дегенмен барынша қызу еңбек етіп, қыркүйекте тапсырамыз деген талпынысымыз бар. Белгіленген учаскенің ауданы 28546 гектарды алса, ғимараттың жалпы ауданы 6812,2 шаршы метрді құрайды. Екіқабатты 300 орындық мектеп 6 блоктан құрылған. Арнайы асханасы, мәжіліс залы, лингофон кабинеттері бар. Әжетханасы ішінде орналасқан. Екі спорт залы бар. Жоғары және кіші сынып оқушылары бір-бірімен тоғыспайтын бөлек-бөлек есіктерден еніп, дербес блоктарда оқитын болады. Мәжіліс залы мен барлық арнайы кабинеттер заманауи жабдықтармен толықтырылады. Дауыс күшейткіш, проектор, интерактивті тақталар орналастырылады. Енді физика, математика, ағылшын сынды пәндердің өзіндік кабинеттері қарастырылған. Бір сабақ арнайы сол пән сыныптарында өтеді.
Қазір ғимараттың қабырғалары көтеріліп, қыш қалау жұмыстары аяқталған. Ішкі сылақ толық бітті. Жылу жүйесі тартылуда, электр жүйесі жүргізілді. Бірінші және екінші қабаттың терезелері салынуда, – деп жауап берді.
Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында салынатын 600 орындық мектептің құрылысы жақында жүзеге асады деп межеленуде.
Ж.ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!