Кейінгі жылдары халықаралық терроризм ауқымы, келтірілген залалдары мен жиілігі адамзаттың ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Оның ішінде діни экстремизмнің орны бөлек. Діни экстремизм – көп жағдайда саясатпен бірігіп, қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін құрал.
Осы орайда Сыр еліндегі Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінде жеке құрамның өзге діни ағымдарға еріп кетпеуі, терроризм мен экстремизмнің құрбаны болудың алдын алу мақсатында кездесу өтті. Жиынға Қызылорда облысының Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің аға маманы-теолог Бақтияр Оспан, Қызылорда облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Амангелді Құлахметов және 5547 әскери бөлімінің әскери полиция бөлімшесінің бастығы, подполковник Қайтар Иманқұлов қатысты.
Теолог Бақтияр Есенгелдіұлы зайырлы мемлекет, діни экстремизм мен терроризм ұғымдары, деструктивті діни ағымдардың және интернет желісі арқылы діни білім алудың қауіптілігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында сот шешімі бойынша тыйым салынған экстремистік, террористік ұйымдар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар жат ағымдардың жетегінде жүрген азаматтардың қоғамға қауіп тудыратын тұстарына тоқталып өтті.
Полиция майоры Амангелді Изатуллаұлы мен подполковник Қайтар Иманқұлов жеке құраммен әңгімелесу барысында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл нысандарын, әлеуметтік желілерде діни экстремизмнің алдын алу әдістерін тілге тиек етіп, құқықтық сауаттылыққа ерекше назар аударды. Сондай-ақ жеке құрамға экстремистік бағыттағы құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік бары түсіндірілді.
Кездесу соңында жат ағымның жетегіне еріп, оның құрбанына айналған жандар туралы бейнероликтер көрсетілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!