Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар денсаулығы – қоғамның демографиялық тұрақтылығының негізі

16.05.2024, 10:00 476

Рас. Тақырыпты жастардың денсаулығын елдің демок­ратиялық әлеуетіне тікелей байланыстырып қойдық. Бірақ бұл – біздің емес, әлемдік және отандық денсаулық сақтау мамандарының дабыл қағып жатқан тақырыбы. Бүгінде жастардың  денсаулығы жеке басының әл-ауқатының мәселесі  ғана емес, сонымен бірге елдің әлеу­меттік, демографиялық көрсеткіші болып отыр. Керек десеңіз, жастар арасындағы денсаулыққа байланысты мәселелер мемле­кеттің экономикалық және саяси дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Көп естіп жүрген «бола­шақ – жастардікі» деген тіркестің шынайы мағынасы да осыны меңзейді. Жастардың дене денсаулығы, даму белсенділігі төмендеген сайын, сенім артатын өскін азайып бара жат­қаны байқалады. Жастар арасында денсаулығына кедергі келтіретін, жиілеген ауру-сырқат түрлеріне тоқталайық. Әлеумет білуі тиіс мына 5 белгі жақындарыңызда болса, медициналық ем қабылдауы тиіс. Ақпараттық тасқын дәуірінде бұл тақырыптар­дың қозғалуы мен ашық айтылуында әбестік жоқ. Қажет  жерін  түртіп  алып,  өзгелерге  айта  жүріңіз.

Әңгімеміздің  әлқиссасын  семіз­діктен бастайық. Жастар арасындағы семіздік 2 типті қант диабеті, жүрек ауруы және гипертония сияқ­ты бірқатар созылмалы ауру­ға әкелуі мүмкін күрделі мәселе болып қала береді. Егер семіз­дікті жай ғана жара­тылыс деп қабылдап жүре берсеңіз, соңы өлімге, онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін. Қант диабе­ті, жүрек-қан тамырлары аурулары және денсау­лықты нашарлататын басқа да жағдайлар қаупі­мен байланысты семіздіктің алдын алу үшін сарапшылар жастар арасында физикалық белсенділікті арттыруды және тамақ­тануды жақсартуды ұсынады. Естігенде қарапайым боп көрінгенімен, іске асыру кезінде жоғары нәтижеге жет­кізеді. Бұл туралы отандық эндокринолог дәрігер Гүлжан Аманбай  әлеуметтік  желідегі  парақшасында  іштегі қарынды, майды, артық салмақты қалай  тастау  керегін  айтып, пікір  білдірді.

– Артық  салмақтан арылудың  ең оңай әрі жоғары әсер  етуші  жолы – азанғы  уақытта   ашқарынға  жаяу жүру. Осы  арқылы  аурулардың  алдын  алып,  денсаулығын  түзеп, стрес­тен  құтыла алады. Ол аз  десеңіз, күні  бойы  көңілді  жүруіңізге  септігін  тигізеді,  – дейді  дәрігер.

Жастар арасында психикалық бұзылулардың саны жыл са­йын өсуде. Мұндайда бүгінгі буынның саны азайып ғана қоймай, стрес­ке тәуелділік те артып барады. Депрессия, мазасыздық және тамақтану­дың бұзылуы көбіне жасөспірім кезден басталады. Психика­лық денсаулыққа жеткіліксіз көңіл бөлу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Оның алдын алу үшін стигманы азайтуға және отба­сы мен қоғам тарапынан қолдау көрсетуге бағытталған білікті психология­лық көмекке, білім беру бағдарламаларына қол жеткізуді жеңілдету керек. Неге десеңіз, бүгінгі  буынға психологиялық, моральдық тегін  қызмет көрсететін психологиялық  орталықтар мен  мамандар  жоқтың  қасы.

Нашақорлық – жастықты ұрлап ғана қоймай, түгел өмірді күл-талқан етеді. Жастардың денсаулық бұзылысына себепкер келесі фактор – осы. Алкоголь, темекі және есірткі  ұзақмерзімді ден­саулық  бұзылысы салдарына  әкелуі  мүмкін. Әдетте  бұл  дерттің  алдын  алу үшін қарапайым қадамдардан бөлек, мемлекеттік деңгейде арнайы денсаулық сақтау бағдарламаларын дайындау керек секілді. Сондай-ақ зиянды өнімдердің қолжетімділігін азайтуға бағытталған  саяси  қадамдар  жасаған  жөн.

Жастар  жыныстық  жолмен  берілетін инфекцияларды көп жұқтыруда. Бұл туралы ақпарат жасырын болғанымен, оны емдеу, күресу ашық түрде жүзеге асырылады.Жастар репродуктивті және басқа да денсаулыққа қатысты күрделі мәселелерге әкелетін ЖЖБИ-­ды жұқтыру қаупіне ұшырайды.  Жастарға  жыныстық  сауаттылық   тұрғысынан  білім  беру, контрацепцияға қол жеткізу және қауіпсіз жыныстық ақпараттандыру науқандарын  ұйымдастыру  арқылы  мәселені  азайта  аламыз.

Соңғы кезде жиілеген «жазатайым оқиғалар» жастардың мүгедек, ауру, отбасына масыл болуына әкеп тіреуде. Жарақаттар, соның ішінде көлік оқиғалары мен спорттық жарақаттар жастар арасындағы өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Яғни жастарда қауіпсіздік туралы білім беру бағдарламалары, қоғамдық орындарда және спорттағы қауіпсіздік ережелерін жақсарту және жол қозғалысы қауіпсіздігіне бағытталған заңнаманы ақпараттандыру жағы әлсіз болып тұр.

Кез  келген медициналық мәселенің, денсаулық жағдайдың алдын  алу және хабардар ету – жастардың денсаулығын жақсартудың кілті. Саламатты өмір салтына қолжетімділікті арттыру, психикалық және физикалық денсаулықты қолдау әрбір елдің саясатындағы басымдық болуы тиіс. Біз жастарда кездесетін денсаулық мәселелерінің тек бесеуін айтып өттік. Естіген құлаққа кірісу керек дүние айтылды. Әрбір айтылған ұсыныс – тек біздің емес, тұтас елдің санасында сайрап тұрған дүние. Сондықтан, көңіл бөліп ғана қоймай, кезек күттірмей іске кіріскен жөн. Елдің демократиясы маңызды деген сөзге сай іс әрекет болса, мақсаттың орындалғаны.

К.ҚҰРМЕТ

Суретті жасаған: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: