Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Сырдария ауданында «Руханият» орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» ТС басшысы Абзал Ералиев, өнер майталмандары қатысты. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы жаңа нысанның салыну мақсаты, ұрпақтар сабақтастығын сақтауда атқаратын қызметі туралы айтып, Сырдария ауданының даму динамикасына тоқталды.
«Бүгін – Сыр елі үшін айтулы, тарихи күн. Дәл қазір халықтың игілігі мен қуанышына қызмет ететін, аймағымызда бұрын-соңды болмаған жаңа сипаттағы, бірегей нысанның іргетасын өздеріңізбен бірге қалаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді» деген еді. Президентіміздің және Үкіметтің Сыр өңіріне жан-жақты қолдауының нәтижесінде ауқымды жобалар жүзеге асуда. Облыс бюджеті биыл 650 млрд теңгеден асты. Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Экономиканың тіректі салаларында тұрақты өсім бар. Тамыры терең, тарихы кенен Сырдария ауданы да серпінді өзгерістердің ордасына айналды. Биыл аудан бюджеті 11 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын жақсартуға бағытталуда.
Сыр елінің жауһар жәдігерлерін сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге және тәуелсіздіктің қасиет-құндылығын ұғындыруға әрбіріміз жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Осы жұмыстарды жүйелі әрі тұрақты негізде, бір орталықтан жүргізу мақсатында барлық 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарын салу туралы бастама көтеріп, шешім қабылдадық. Бұл – әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа оңтайландыру арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге, әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін тың жоба. Іргетасы қаланатын нысан Сыр руханиятына қалтқысыз қызмет ететін, алдыңғы буынның өмір жолын ұлықтап, жас ұрпақты тәуелсіздік рухында адал еңбекке, ізгілікке үндейтін нағыз руханият ордасы болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетейік, барлық ауданда бой көтеретін «Руханият» орталықтарындағы кітапханалар тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалардың артықшылықтары туралы айтып, «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деп атап өткен еді.
Жиында Мұрат Әбенов пен Хұсейін Әмір-Темір жиналған қауымды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Биыл «Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өңірде «Руханият жылы» жарияланды. Бұл кезең айшықты жобалар мен жағымды жаңалыққа толы болмақ. Атаулы жылдың бастауындағы алғашқы сый – Қызылорда қаласының төрінде 1000 орындық, сәні мен салтанаты келіскен «Өнер орталығы» ашылды. Қызылордада 650 орындық музыкалық колледж ғимаратының құрылысы жүруде. Өңірдегі барлық мәдениет үйі жанында «Адал адам» орталықтары жұмыс істеуде. Балалар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа баулып, өнерін өрістететін «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынуда. Жалпы құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары барлық аудан орталықтарында салынып, келер жылы пайдалануға беріледі.
Еске салайық, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында Сырдария ауданының Қоғалыкөл, Шаған ауылдарында су құбырлары жаңартылды. Тереңөзек кенті және Аманкелді елді мекенінің су құбырларын жаңғырту жұмыстары басталады.
Өткен жылы Қалжан ахун ауылы табиғи газға қосылып, халық «көгілдір отынның» игілігін көруде. Биыл С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов елді мекендеріне газ құбыры тартылуда. Жыл соңына дейін аталған ауылдар табиғи газға қосылып, келесі кезекте Шаған ауылы газдандырылады.
Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерін электрмен жабдықтау жұмыстары мерзімінде аяқталады деп күтілуде. Қазір Шаған, Қалжан ахун ауылдарының электр желілері жаңғыртылуда.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласынан Аманкелді ауылына дейінгі 30 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Былтыр ауданда 32 жобаға қаржы бөлініп, облыстық, аудандық маңызы бар және ауылішілік 78 шақырым жол жөнделді. Биыл Сырдарияда 28 шақырым жол жөнделуде және жаңа шағын аудандарға инфрақұрылым жеткізілуде.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында Сырдария ауданында 82 пәтердің кілті табыс етілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тереңөзек кентінде 1 мектеп салынады.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстағы алғашқы жаңа амбулатория Нағи Ілиясов ауылында пайдалануға берілді. Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілуде.
Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі аудандық спорт клубы күрделі жөндеуден өтті. Жақын күндері Бесарық ауылында спорт кешені пайдалануға беріледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!