Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық құндылық – бабадан мирас

15.04.2024, 18:00 586

Ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген.

Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы –  тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері –ұлтымыздың рухани байлығы. Сол  ұлттық  құндылықтарымыздың арқасында біз  өзіміздің  ұлттық  қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз.  Сондықтан да  «кешеден бүгінге  сол  құндылықтарымыз  қалай жетті, ертеңгі  күнге  жеткізе  аламыз ба?» деген  сұраққа  жауап  іздеп  көрдік.

Абай атамыз: «Адамды заман билемек, заманға жаман күйлемек» дейді. Бұл әлемдік даму жолын түсінуге мүмкіндік береді. Біз үшін жасанды, виртуалды әлемде жоғалып кетпеу, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық болмысымызды, ұлттық бірегейлігімізді және рухани ерекшелігімізді сақтап қалу аса маңызға ие. Осы  тұста Оқушылар  сарайында  үйірме  жетекшілері үйірме  жұмыстарында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімдерді меңгерген, бәсекеге қабілетті, саламатты ұрпақ тәрбиелеу жүйесін жетілдіріп  келеді.

Оқушылардың ұлттық құндылық қасиеттерін қалыптастыру негізінің  бірден-бірі – орталықтағы   жүргізілетін тәрбиелік іс-шаралар. Осындай тәрбие жұмыстарын ұлттық құндылықтар негізінде мынадай іс-әрекеттер арқылы ұйымдастыруға   болады. Мысалы үйірме  сабақтары, оқу үдерісі, тәрбие  сағаттар, ата-аналармен жұмыс, мекемеаралық   байланыстар  т.с.с. Атап айтқанда,   «Абайдың  сөзі – ақылдың  көзі», «Жолбарыс  жырдың  жалғасы», «Тарих  маусымы», «Зерде» интелектуалды  сайыстарды, «Наурыз қоржыны» акциясы «Әдепті  әдепсізден  үйрен», бес  тас,  ойыны, бестемше,  робо  асық  ату, робо  қыз қуу, робо арқан  тартыс   ойындары, жеті  атаны  білу  парыз және  т.б.

Міне,  осындай  ұлттық  сипаттағы  тәрбиелік  маңызы  зор іс-шараларды  есеп  үшін  емес,  баланың  ұлтжанды  болып  өсуіне  бағыттап   ұйымдастыра  білсек,  ұрпақ  алдындағы  парызымыз  орындалғаны. Ал  ұлттық  төл  өнерімізді,  халық  әндерін, күйлерді, жыр мен  термемізді келешек  ұрпаққа  аманаттау – бұл  біздің  қосымша   білім  беру  педагогтеріне   артылған  міндеттердің  маңыздылығы. Сыр өңірі – ғасырдан-ғасырға атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнердің дәулеті қонған киелі топырақ. Заманында небір атақты  жыраулар өмір сүрген. Қазақ – жаратылысынан қашанда өнерге өте жақын халық. Өз заманында талай сал-сері, күміс көмей әнші, жыр жампозы, жыршыларды туғызған халықтың бүгінгі ұрпағы да бұл салаға келгенде қара жаяу емес.

 Қазіргі таңда дәстүрлі әнді дәріптеп, халық арасында насихаттап, өткен мен бүгінді жалғап, оны  балалардың  санасында жаңғыртып, бойына  дарытып, дамытып  жүрген  үйірме  жетекшілерінің  еңбегі  зор  дер  едім. Осы  ұлттық өнер арқылы өскелең ұрпақтың бойына қазақтың дәстүрі мен тұрмысын, адамдық мінезін сіңдіре аламыз. Ата-бабадан мирас болған ұлттық болмыс пен ұлттық өнерді ұмыт қалдырмаудың бір жолы – оны   жас  ұрпаққа   үйрету. Ұлттық  өнерді  балалардың  бойына  сіңіріп  жүрген  жыр-терме,дәстүрлі  ән, күй  өнері үйірмелерінің  мақсаты  айқын, мәртебесі  жоғары.

Ұлттық  құндылықтарымызды тек  қана  дәстүрлі  өнер  бағытындағы  үйірмелер  ғана  емес, Негеш  дамыту  аймағындағы  5  жастағы  балаларға  да  сауат  ашу, математика, айналамен  танысу, еңбекке  баулу  сабақтарында  ұлттық  құндылықтарға  негіздеп  өту де  балаларға  ерте  жастан ұлтымыздың  салт-дәстүрін, әдебін, отбасылық  құндылықтарды, үлкенге  деген  құрмет  пен сыйластық  қағидаларын, ұлттық  өнеріміз бен  қол  өнерімізді  де дәріптеп қана  қоймай   бойларына  сіңіру – басты міндеттеріміз.

Оқушыларды  өнерге  баулып  қана  қоймай,олардың  тәрбиелі  ұрпақ  болып  қалыптасуларына  да  көңіл  бөлеміз. Қыз  бала  тәрбиесіне   орталықта  аса  мән  беріліп, қазақтың  қолөнерін  дамыту  мақсатында кілем, ұлттық  нақыштағы  ойыншықтар  тоқу, қыздардың  епті  болуына, үй  шаруасына  және  де  өз  өзіне қызмет  көрсету, шығармашылықтарын   жетілдіру  мақсатында   шебер  қолдар, жас  модельер  үйірмелері  де  жұмыс  істеп  өз  нәтижесін  беруде. Толық  оқу  бағдарламасын  аяқтаған  оқушыларымыз  орта  арнаулы және  жоғары  оқу  орындарын  тәмамдап,  өз  кәсіптерін  ашып  еңбектеніп  елге  қызмет  жасауда. Яғни  ата-бабамыздан  келе  жатқан  ұлттық  қолөнерімізді   ұрпақ  бойына  сіңіріп, елдің   батасын   алып  өсіп-өркенін  жайып,  ұлттық  құндылығымызды   ұрпақ  бойына  дарытып  келе  жатқан  киелі  үлкен  ұжымбыз.

Оқушылардың  патриоттық  сезімдерін, рухани-адамгершілік  мәдениетін  қалыптастыру   бойынша  да  педагогтеріміз Қорқыт  ата  бабамыздың  кесенесіне, киелі  Түркістанға  экскурсиялар барысында «Менің  Отаным – Қазақстан»,  «Отан – Ана»  ән байқауы, «Туған  жер – алтын  бесігім», «Туған  қаламның бояулары», «3 D Қызылорда», т.б   байқаулар  ұйымдастыру  арқылы  да  дамытып  келеді.

Жалпы оқу барысында да, үйірме ішінде де, үйірмеден  тыс уақытта да халықтық педагогика мен ұлттық салт-санаға негізделген осындай әрекеттер өскелең ұрпақтың білімді әрі тәрбиелі боп қалыптасуына зор ықпалын тигізеді.

Алтынай АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,

Қосымша білім беру оқу-әдістемелік

орталығы директорының орынбасары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: