Ресейдің импершіл билігі – Алексей Навальныйдың қазасына тікелей жауапты. Путиндік режимге басты қарсылас болған ол ресейлік демократияның елеулі үміті сияқты көрінетін. Жиырма жылдан астам уақытқа созылған бұл күресте демократтар өз лидерінен айырылды. Бұрынғы серіктесі, журналист Олег Кашин: «Навальный не оппонент Путина, а его жертва» дегені құлаққа қонады. Жасырын жендеттер «Новичок» уын шашып қастандық жасаған тұста ол артынан ерген жұртына: «Егер мені өлтірсе – берілмеңдер!» дегені бар еді. Қазір бүкіл әлемнің прогресшіл күштері Навальныйдың қазасына қайғыра көңіл айтуда.
Навальный кім еді?
Алексей Навальный Ресей елінің патриоты, «Коррупцияға қарсы күрес» қорын басқарды. Ресейдің президенттігінен үміткер, орыс халқының ауыр халін жеңілдетуді көздеген саясаткер болатын. Билікке таласқандар арасында ол өзін демократ етіп көрсетуге ұмтылды. Алайда іс жүзінде ол өзін орысшылдықты ту еткен нағыз импершіл тұлға, шынайы шовинист ретінде танытты. Ресейдегі орыс халқынан басқа жұртты көзге ілмейтін.
2007 жылы жазушы Захар Прилепинмен бірге тек орыс халқының ғана құқығын қорғайтын ұлттық-демократиялық «Народ» қозғалысын құрды. Сол үшін Г.Явлинский басқаратын «Яблоко» партиясынан қуылды. Оның шовинистік көзқарастары толықтай өзімен бірге кете қоймаған шығар.
Ксения Собчактың «Дождь» телеарнасындағы сұхбатында: Навальный «Өзбекстанда Пушкиннің кім екендігін ешкім білмейді» деп өзбек халқын надан, сауатсыз деп жала жапқаны есімізде. Бұл өзбек елінде үлкен ашу-ыза туғызған. Қырым түбегін аннексиялаудан кейін оны Украинаға қайтаруға қатысты Навальный: «Қырым ары беріп, бері қайтарып жүретін бутерброд емес, ол енді Ресейдің бөлшегі!» дегені бар. Осынысымен оппозиционер Украинаға қарсы соғыстың жақтаушысына айналған.
2011 жылы мамыр айында Навальныйға Мәскеудегі Абай ескерткішінің жанында митинг өткізуге рұқсат берілген тұста Абайды «непонятный казах» дегені ашуымызды келтірген. Навальный Ресейдің Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Әзірбайжан және Түркменстан елдерімен визалық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Бәлкім өміріндегі ең есте қаларлық әрекеті де сол болған шығар.
Біз сондықтан Навальныйдың қазасына жыламаймыз, көздің жасын бұламаймыз. Дүниеден қысастықтан өткен адам баласы ретінде жанымыз ашиды. Сондықтан да иманы саламат болсын дейміз.
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!