Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастардың жанды жері – баспана

15.02.2024, 10:00 258

Елімізде жастарды баспанамен қамту мәселесіне жоғары деңгейде көңіл бөлініп келеді. Оны Президент Қ.Тоқаев та өз назарына алды. Өйткені, іске жарамды, идеясы мықты жас кадрдың үйсіз-күйсіз жүргені оның жұмысқа деген ынтасын төмендетуі мүмкін. Сол үшін ел дамуына үлес қосатын жастың үймен қамтылуы да – мемлекет үшін маңызды міндет. Осыған байланысты мемлекет басшысы өз сөзінде «Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі», – деген болатын. Ал Қызылорда облысында осыған байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Облыстық қоғамдық даму басқармасына хат жолдап, жауап  алған  едік.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылдың желтоқсанында өткен Жастар ісі жөніндегі кеңесте қызылордалық жастар үшін жеңілдетілген ипотекалық несие беруге бағытталған  «Сыр  жастары» бағдарламасының жүзеге асырылатыны туралы айтты. Облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда облыс­тық мәслихатының кезектен тыс 24 сессиясының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №172 «Қызыл­орда облыстық  мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №153 «2023-2025 жылдарға арналған облыстық  бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» шеші­міне сәйкес алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-на бюджеттік несие беру мақсатында 1,2 млрд теңге сомасында қара­жат бөлінген болатын. Бұл туралы облыстық қоғамдық  даму басқармасының басшысы  Алмасбек  Есмаханов  мәлімдеді.

– Бағдарламаны бірлесіп жүзеге  асыру  үшін  «Отбасы  банк»  АҚ  тарапынан     500   млн  теңге  қаржы  бөлінді.  Барлығы – 1 млрд 700 млн теңге. «Сыр жастары» бағдарламасының ережелері мен шарттары облыстық мәслихат­тың 2023 жылдың 17 қаңтарындағы №173 шеші­мі­мен бекітілген, – деді  берген  жауабында.

Өткен жылы 10 облыста жастарға арналған тұрғын үй беру бойынша бағдарлама әзірлеу тапсырылған болатын. Сол кездегі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырә­лі министрліктің кеңейтілген отырысында осы мәселені көтерді.

– Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша нақты жұмыстар жалғасады. Қазір өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 6 өңірде іске қосылды. Биыл жыл соңына дейін осындай бағдарламаларды 10 өңірде әзірлеу жоспарланған, – деді  экс-министр.

Елімізде 35 жасқа дейінгі 6 млн азамат бар. Оларды үймен ғана емес, қаражатпен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізіліп келеді. Мәселен, «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы дарынды жастардың идеясын қолдауға бағытталған. Былтыр бұл бағдарлама арқылы 33 жас 3 млн теңгеден қаржылай қолдау алған еді.

Былтыр Қазақстан жаһандық жастардың даму индексінде 150 мемлекет арасынан 63-орыннан 53-орынға көтерілген. Біздегі жастарға жасалған жағдай мен олардың өтінішін қанағаттандыру деңгейі жақсы жолға қойылған деген сөз. Жастардың дамуына көңіл бөлу – мемлекеттің келешегіне себілген дән деп  түсінуге  болады.

«Сыр жастары» бағдарламасы бойынша  2023 жылдың 12-26 қазаны аралығында «kezekte.kz» онлайн платформасының «Жастар»  ақпараттық  сервисі  арқылы  11  санат бойынша құжат қабылданып, конкурсқа 789  жастан  өтінім  түсті.  2023 жылғы 13 қараша күні өтінімдер толық қаралып, басқарма жанынан құрылған комиссия отырысында санаттар бо­йынша тұрғын үй квотасы  бөлінді. Нәтижесінде,  конкурсқа  құжат  тапсырған  100 үміткерге «Отбасы банк» АҚ ҚОФ-нан төлем қабілетін растаудан өту үшін жолдама берілді. Бүгінгі күні 35 үміткер ғана төлем қабілеттіл­ігін растаудан сәтті өткен. Барлық 100 үміткер төлем қабілеттілігін растағаннан кейін басқарма жанынан құрылған комиссия үміткерлерге пәтерлерді бөліп, ары қарай үшжақты келісімшартқа қол қойылып, пәтерлер табысталатын  болады.

Бағдарламаға сәйкес жастар және жас отбасылар жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен, үй бағасының 10% жарнасын жинап, жалпы құны  17 млн теңге тұратын тұрғын үйді ала алады. Бағдарламаға ҚР азаматы болып табы­латын, 35 жастан аспаған, тұрақты жұмыс істейтін, Қызылорда облысында тұрақты тіркеуі бар жастар қатыса алды. Бағдарламаға өзінің немесе жұбайының атында соңғы 5 жылда  үй  болған жастар, қатысып отырған санатына сәйкес жұмыс өтілі 6 айдан кем жастар қатыса алмайды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының  басшысы  осылай  дейді.

– Жалпы облыс бойынша тұрғын үй алуға кезек­те  тұрған жастардың жалпы саны – 7 244.  Тарқатсақ, Қызылорда қаласында – 6 103, Арал ауданы – 63, Қазалы ауданы – 460, Қармақшы ауданы – 89, Жалағаш ауданы – 115, Сырдария ауданы – 63, Шиелі ауданы – 278, Жаңақорған ауданында 73 жас бар. Қызылорда облыстық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы №63 шешіміне сәйкес облыстық бюджеттен Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беруге бағытталған «Сыр жастары» бағдарламасын 2024 жылы жүзеге асыру үшін 1,2 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Бүгінде «Отбасы банк» АҚ тарапынан қаржы бөліну жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы бағдарламаны жүзеге асырушы ретінде Қызылорда қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі  бекітілді, – деді  басқарма  басшысы.

«Сыр жастары» бағдарламасына жас мұға­лімдер, дәрігерлер, журналис­тер, мәдениет  және  спорт саласының қызметкерлері, әлеуметтік сала мамандары, коммуналдық қызмет, ішкі істер бөлімі және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қаты­са алады. Бұл бағдарламаның жүзе­ге асуына 1,2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап елімізде алғаш рет «Жасыл ипотека» бағдар­ламасы басталды. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – жасыл стандартқа сәйкестендірілген және энергия үнемдейтін тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға мүм­кіндік қарас­тырылған. Алғашқы жарнасы – 20 па­йыз. Бұл тура­лы  «Отбасы  банкі» АҚ Қызыл­орда  облыс­тық филиа­лы директорының орын­басары Дастан Тасыбаев өңірлік комму­никациялар қыз­ме­тінде  өткен  брифингте  мәлімдеген  еді.

– Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен баспаналы болып жатқан азаматтар қатары көбейіп келеді. Солардың ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында кезекке тұрған 10 мыңнан астам адам үйлі болса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 1 247 азаматтың баспана мәселесі оңынан шешілді, ал «Шаңырақ» бағдарламасымен 6 мыңға жуық отбасы жаңа қонысқа көшті. 2023 жылы да жаңа бағдарламалар жүзеге асырылып, жастардың баспаналы болуына үлкен мүмкіндіктер қарастырылады. Қазіргі таңда баспаналы болуға ниетті азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 2023 жылы enpf-otbasy.kz платформасының көмегімен 487 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алу, ипотекалық несие­ні төлеу немесе емделуге біржолғы зейнет­ақы төлемдерін пайдаланды, – деді Дастан Нуриддин­ұлы.

Айта кетейік, жоғарыда айтылған «Сыр жастары» тұрғын үй беру бағдар­ламасына несие­ні бөлу төмендегі 11 санат бо­йынша  (сала­лар  бойынша)  жүргізіледі.

1. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері: облыстық, қалалық және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін жоғары және орта буын медицина қызмет­керлері.

2. Білім беру саласының қызметкерлері: тиісті жоғары және орта білімі бар облыс­тық, қалалық және республикалық білім беру меке­мелерін­де жұмыс істейтін педагог қызметкерлер.

3. Бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері: мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік коммуналдық мекемелердің қызметкерлері.

4. Мәдениет саласының қызметкерлері: мәде­ниет саласындағы шығармашылық одақ­тың мүшелері, мәдениет саласындағы мекеме­лердің қызметкерлері. Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жас композиторларды, музыканттарды, артист-актерлерді, кинематографистерді (актерлер, режиссерлер, сцена­ристер, операторлар, продюсерлер, суретші-деко­раторлар), жазушыларды, суретшілерді, қолөнершілерді, мүсіншілерді, дизайнерлерді, сәулетшілерді облыстық мәдениет және спорт басқармасының жанынан құрылған комиссия арқылы іріктеу жүргізіп, қамту жоспарлануда.

5. Спорт саласының қызметкерлері: облыс­тың спорт саласындағы ұйымдарда еңбек етіп жүрген спортшылар мен жаттықтырушы-оқытуш­ылар.

6. Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ қызметкерлері: жоғары оқу орындарының, қала­лық және республикалық ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметк­ерлері.

7. Журналистер: тікелей өндірістік қызметпен айналысатын журналистер мен БАҚ қызметкерлері.

8. Әлеуметтік сала қызметкерлері: халықты әлеуметтік  қорғау саласындағы ұйымдарда жұмыс  істейтін  қызметкерлер.

9. «Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі №376 қау­лысымен бекітілген Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың Қызылорда филиалының қызметкерлері.

10. Екінші деңгейдегі банк филиалдарының қызметкерлері.

11. Жұмыс өтілі көрсетілген жұмыс орны­нан анықтама болған жағдайда құрылыс, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету сала­сының  қызметкерлері.

Өтініш берушілерде балл тең болған кезде бірінші болып өтініш берген қатысушы басым­дыққа  ие  болады.

Иә, жастардың жанды жері – баспана. Ал олардың бар сенері – мемлекеттік бағдар­ламалар. Әйтпесе, қазіргі нарық заманында үй алудың басқа тетігі жоқ сияқты. Демек, сырбойылық жастар «Сыр жастары» бағдарламасы бұл түйткілдің тарқатылуына сеп болатынына сенімді.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: