Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлы ақынды ұлықтау – 3 миллиард теңге

23.01.2020, 9:15 429

«Кедейдің алдында байлығыңды айтып мақтанба» деуші еді. Халқы жамау киім, жарты көңіл болып отырғанда біздікілер қазынасындағы қаржысынан Абайдың 175 жылдығын 3 миллиард теңгемен атап өтуге бел байлапты. Аз мөлшердегі сома емес. Дамудың даңғыл жолында келе жатқан мемлекет болсақ та, ішерге ас, киерге киім таппай отырғандардың әлі де бар екенін жасырып қайтеміз.
Ұлы Абайды ешкім ұлықтамасын, ұмытсын деп жатқан жоқ. Қазақтың кемеңгері тек биыл ғана емес, өмір бойы насихатталса да ұлт әдебиетінің көкжиегін кеңейтуде кем іс болмайды. Бірақ, қарабайыр жұрт осынша қаржының қайда, қалай жұмсалатындығын білгісі келеді. Тарқатайық.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов аталмыш мерейтой ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жыл сайын бөлетін қаражаты аясында тойланатындығын айтты. Абай шығармаларының жинағы 10 шет тілінде шығарылып, оның өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен әдебиеттегі рөлі туралы үш деректі қойылымдық фильм түсірілмек. Сондай-ақ бас-аяғы 500-ге жуық іс-шара өткізіледі екен. Оның ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар көрінеді. Министрліктен тараған мына шаралардың арасында «апыр-ай» деп ауыз ашып қалатындай, елден ерегі жоқ. Бәрі осыған дейін де, кейін де өткізіле беретін жеңіл-желпі дүниелер.
Қалай десеңіз де, мемлекет миллиардтарды жұмсаудың ретін табады. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақ хандығының 550 жылдығын» атап өтуге 23 млрд теңге бөлінді. Той қай деңгейде өткізілді, оны қазанның иесі мен тойдың басы-қасында жүрген «шолақ белсенділердің» іштері біледі. Бізде осы тақылеттес өтіп жатқан және келешекте аталып өтетін той көп. Тайқазандағы миллиардтар алдағы талай тойларды күтіп тұр. Биліктегілер той тойлап жүргенде жағдайларын айтып жан-жақтан жамыраған бұқараның базынасына құлақ түреді деу бос әурешілік. Әлеуметтің әлеуеті жоғары болса, Үкіметтің ақшасына ешкім көз алартпас еді.
Абайдың 175 жылдығынан бөлек, биыл Әл-Фарабидың – 1150, Алтын Орданың 750 жылдығы да қоса тойланбақ. Президент бекіткен ресми қаулыға сәйкес бұл тұрғыда да іс-шаралар жұмысы басталып кетті. Тойы көп мемлекеттен екенімізді дәлелдеп-ақ жүрміз. Ойы жағынан да биік болсақ, жақсы еді.

Керім ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: