Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мылқау кемпір

08.02.2024, 10:40 377

Ауылдың жоғарғы жағында тұратын үлкен ақ үй алыстан көзге ерекше көрінетін. Еңсе көтергеніне талай жыл болса да, әлі қалпын бұзбаған. Бұл үйде тұратын кішкентай қара кемпірді ауыл жақсы таниды. Өзі кіп-кішкентай болса да, тау қопарар күші бар. Жақында ғана 80 жасқа толды, сонда да болса қимылы ширақ. Үй шаруасын істегенде келінінен асып түседі. Талай жыл бейнет көрсе де шаршауды білмейтін ол тазалықты жаны сүйеді. Кейде келінінің олақ қылығына көңілі толмай, іштей таңдайын қағып, басын шайқап отырады. Бойынан қуаты кетпеген анасының үй тірлігіне араласқанын баласы мен келіні ұят санап, аса ұната қоймайды.

Тура  65  жыл. Біз  айтып  отырған  «қара  кемпір»  атанып кеткен Бәтес  әженің осы шаңырақта ғұмыр кешіп жатқанына осынша уақыт болыпты. Әке-шешенің Құдайдан сұрап алған жалғыз перзенті еді. Бір балаға зар болған анасы бірде: «Е, жаратқан ием, құлақ-аузы болмаса да бір бала берші» деп жалбарынып сұрайды. Көп ұзамай қырық­қа таяған шағында аяғы ауырлап, өмірге қыз бала әкеледі. Отбасына қуаныш болып келген Бәтесті бәрі алақанына салып аяла­ды. Қыз бой жетіп сөйлейтін жасқа жетіп, тілі шыға бастағанда оның  тілінің  мүкістігі  бар екендігі байқалады. Ол кезде қазіргідей медици­на дамы­ған заман емес. Осылайша мылқау қыздың күйін кешкен Бәтес­тің  өмірі  қиындыққа  толы  болып басталған еді. 15 жасқа толған шағында елді түгел жайлаған індеттен оның отбасы мүшелері қайтыс болып, жасөспірім қызға қамқор болар жақыны қалмаған еді. Сол сәтте ауылда адуын мінезімен танылған Күләш есімді әйел бар болатын. Өзі қырыққа келсе де дене бітімі бұзылмаған, сәнденіп жүретін. Шалының жасы алпысты алқымдаған. Екеуі бір баламыз болса деген арманда жүр еді. Осылайша жүргенде Бәтесті Күләш өз қамқорлығына алады. Мұны ауылдың үлкен­дері мақұлдады. Жиырма жасқа толғанша қызындай қамқор болып, бағып-қағып мәпелеп өсіреді. Артынша бойжеткен қыз­ды өзінің қосағы Мақсұтқа тоқал етіп қосуды ойға алады. Бұл ойын бірде Мақсұтпен оңаша қалған дастарқан басында айтып салды.

– Шал-ау, сенің жасың пайғамбар жасынан асып барады. Алла  бізге  перзент бермеді, енді бермейтін  де  шығар. Мына  Бәтес  бойжетіп тұр. Өзің жақсы білесің, сөйлей алмайтын мылқау қызды ешкім айттырып келе қоймас. Одан да сен осы қызды өзіңе екінші жар етіп ал. Бала туып жатса, оныкі емес, менікі  болады. Бәрін  өзімнің  қамқорлығыма  аламын, – деді.

– Тәйт әрі, не деп отырсың? Ел-жұрттан ұят емес пе? Ел алдын­да «бағып-қағып өсіремін деп қамқорлыққа алып, енді жас  қызды  тоқал  етіп  алды»  деген  сөзге  қалғым  келмейді.

– Елдің сөзінде шатағым не?! Мен солай шешіп отырмын. Болды. Бүрсігүні молда шақырып, неке қидырасың. Сонымен сөз бітті, – деп ашуланған бәйбіше бұл жолы шалының сөзін тыңдамастан  шорт  кесті.

Байғұс  Бәтесте қарсылық танытарға шамасы бар ма? Өзі тілдеп сөйлей де алмайтын болған соң тағдырдың бұл жазуына да үнсіз көндікті. Сөйтіп, Күләш олардың некесін қиып, Бәтесті Мақсұтқа тоқал етіп алып береді. Иә, мұндай шешімді қабылдау Күләшқа да оңай соқпағаны белгілі. Канша жыл бір жастықта бас қосқан қосағын өзге әйелмен қосу, әсілі, Күләш сияқты мықты әйелдің ғана қолынан келсе керек. Көп ұзамай Бәтестің аяғы ауырлайды. Күләш бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабыл­дады. Ішкі ойын жасыра алмаған Күләш:

– Бәтес қызым, баланы аман-есен туған соң бірден менің етегіме  саласың. Қанша бала тапсаң да, менікі болып қалады. Оларға мейіріммен қарап, бауыр тартып жүруші болма, – деп бірден  ескертті.

Бәтес  алғашқы перзентін өмірге әкелген сәтте Күләш өзі қасын­да  болып, ырым  бойынша етегіне салды. Бұдан кейін де араға  жылдар салып, өмірге ұл мен қыз келе бастады. Келісім бойынша Бәтес баланы босанады, қалған шаруаны Күләш өзі жайлы ететін-ді. Балалар өсіп, ер жете бастағанда Күләшты анамыз деп таны­ды. Ал Бәтес болса сол үйдің бүкіл тірлігін жасайтын қызметшінің кейпін­де жүрді. Алайда, олар ауқатты тұратын. Қырда мыңғырған малы бар. Үйдегі  барлық бейнет Бәтестің мойнына артылған. Өзі кішкентай болса да, қимылы шалт, ісі мығым келіншек әп-сәтте шаруаны шира­тып тастайтын-­ды. Үлкен қызы Гүлсім мектепте оқитын. Бірде сабақтан көңілсіз күйде үйге жылап келді. Күләш қызынан жылау себебін асығыс сұрай  бастады. Сонда көз жасына ерік бере алмаған Гүлсім:

– Анашым, мені туған кім? – деп сұрады.

Бұл сұрақ Күләшқа төбесінен жай түскендей әсер етті.

– Не болды, мен тудым.

– Бірақ, «Сен – мылқау әйелдің қызысың. Сенің туған шешең – сол» деп, сыныптағы балалар бүгін мені әбден мазақ етті.

Мұны естіген Күләштің ашулы кейпін көрудің өзі қорқынышты еді. Бойын ашу-ыза кернеген күйі мектепке бет алған ол мектеп директорынан бастап, сынып жетекшісін және сыныптағы оқушылардың ата-аналарын тегіс жинап, «осындай әңгіме енді қайтып қайталанбайтын болсын» деп ескертті.  Атышулы Күләштің қаһарынан бүкіл ауыл қаймығатын. Мұнан кейін бәрі ел ішіндегі сыпсың әңгімені тістерінен шығармайтын болды.

Уақыт өтіп жатты. Бесінші баласы 3 жастан асқан шағында Мақсұт ауыр науқастан көз жұмды. Бұл үйде екі әйел мен бес бала қалды. Күләш ерге бетер қарулы, сөзі өткір, мінезді әйел болған соң Мақсұттың малы мен шаңырағын шашау шығармай ұстады. Бәтес балаларын қанша жерден іш тартып жақсы көрсе де, бәйбішенің қаһарынан қаймығып, сырт көзге көрсетпейтін. Балалары да оған үй қызметшісіндей қарайтын. «Әй, Бәтес, ананы алып бер, мынаны апарып таста» деп жұмсап отыратын. Бәтестің күнделікті үй шаруасынан өзгені ойлауға шамасы да жетпей қалатын. Таңертең сиыр сауудан бастап, отын, тезек теру, малды суарып, жем-шөбін әзірлеу сынды жұмыстармен айналысатын.

Не керек, арада жылдар өтіп, балалар ер жетті. Бірі оқуға аттанып, бірі тұрмысқа шықты. Күләш қыздарын сән-салтанатымен ұзатып, ұлдарына өзі қалаған отбасының қызын келін етіп алып берді. Бұл кезде кәрілік жеңген оның да жасы сексеннен асқан еді. Бірде нар түйені ноқталамақ болған Күләшті бұлқынған нар жығып жіберіп, астауға құлайды. Сол құлағаннан аяғын сындырған Күләш төсекке таңылып қалды. Бәтес осы кезде оның бүкіл жағдайын жасады. Тамағын дәмді етіп дайындап, төсегін тазалап, бар қисық мінезіне көнді. Не дегенмен өзі жүріп, бар тірлікті өзі қолымен жасамаса оясынан шықпайтын Күләшқа төрт қабырғада, төсек тартып жатып қалу қиынға соқты. Өзінің дәрменсіз күйіне ызаланып, бар ашуын Бәтестен алатын. Мұндайда мылқау кемпір не десін, басын изеп айтқанын қылып жүрді. Күләштің аурудан айығар түрі болмады. Қайта күн өткен сайын әр жері мазалап, денсаулығы сыр бере бастады. Оған қоса кәрілік бар. Жасаған емінің әсері болмай жатты. Бірақ іштей балалары енді ел қатарына қосылып, немере сүйер шақта осындай бақытты күнді көре алмайтынын сезіп, қиналатын. Бірде Бәтесті шақырып:

– Бәтес, мен саған ешқашан мейірім көрсеткен емеспін. Тілің жоқ болса да, ақыл-есің түзу. Кейде өкінемін, саған қиянат жасадым-ау деп. Бірақ біле жүр, сен ең керемет жансың. Маған «ана» деген атты Алла сыйламаса да, сен сыйладың. Басында келіскендей балаларға өзіңнің туған анасы екеніңді сездірмедің. Марқұм Мақсұт та ұрпақсыз қалған жоқ. Сол үшін саған алғыс айтқым келеді. Міне, заман өтті. Менің күйім дәрменсіз, жүрегім сезіп отыр. Сен ұзақ жасайсың, бар қызықты көресің. Мына балалар сені түбіне «ана» деп құрмет тұтатын болады, – деп, ішкі сырын ақтарып салды.

Сол күні Күләш сандығының кілтін Бәтеске тапсырып, бар дүниесін аманаттады. Бұл сәтте Бәтес көзден жасы төгілгеннен басқа амалы болмады. Сөйлейін десе тілі жоқ, бейбақ ішкі толқынысын жеткізер амал таппай Күләшті құшақ­тап тұрып ұзақ егілді. Сол түні Күләш өмірден озды. Артындағы аңырап қалған ұл-қыздары аналық махаббатын аямаған жанды арулап көміп, ақтық сапарға шығарып салды. Айтқандай-ақ, қазір сексеннен асқан Бәтес балаларының бар бақытын көріп, немере мен шөбере сүйіп отыр. Бірақ қанша жерден балала­рын жақсы көріп тұрса да мейірленуге, немере-шөберелерін сүйіп, өбуге іштей тосылып тұрады. Әлде Күләштың аруағын сыйлағаннан осылай жасауды  ұйғарды ма, кім білсін?!

Назерке  МАРАТ,

Арал  қаласы

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: