Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданы үшін маңызы зор жобалар ұсынылды

31.01.2024, 15:35 438

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Арал ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев атқарылатын жұмыстарды баяндап, бірнеше жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Оның айтуынша, биыл ауданда 14 құрылыс жүргізіліп, 54 жоба-сметалық құжаттама әзірленуде және бірінші кезекте жоба әзірлеуді қажет ететін 35 бағыт анықталған. Бұдан бөлек, демеушілік есебінен 120 млн теңгеге жуық қаржыға 30 жоба дайындалуда. Олар – 24 әлеуметтік нысанды газдандыру, 3 абаттандыру жобасы және «Ерімбетжаға», «Тастүбек» елді мекендерін ауызсуға қосу, теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту.

«Хан» елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді 328 млн теңгеге қайта жаңғырту 2022 жылы басталды. Қазір қайта түзетулер жасалуына байланысты мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Аудан тұрғындары үшін маңызды жобаға түзетулер енгізіліп, жол мәселесі толық шешілген. Қалқымалы көпір мердігер мекеме есебінен 80-85 пайыз аяқталған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің жазуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жоба жүзеге асырылады, яғни, «Қызылжар-Шөмішкөл», «Самара-Шымкент-Бекбауыл», «Аққұлақ елді мекеніне кіреберіс», «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс», «Қаратерең-Жаңақұрылыс» автомобиль жолдары салынуда.

Моно және шағын қалаларды дамыту бағдарламасы негізінде өткен жылы басталған теміржол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысы жалғасын тапты. Биылға республикалық және облыстық бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді. Алайда, жобалаушы автор тарапынан ескерілмеген жұмыстарға байланысты қайта есептемелер жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттамаға түзетулер мен толықтырулар енгізілуде. Алдын ала болжам бойынша шамамен 800 млн теңге қаржыға қажеттілік туындауы ықтимал.

Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана құрылысы 2019 жылы басталған, қазір қабырғасын қалау 90% біткен. Былтыр «Көктем» елді мекеніндегі медициналық бекет салынып, бүгінде пайдалануға беруге құжаттары әзірленуде.

Сексеуіл кентін «көгілдір отынға» қосу 2022 жылы басталды. Жұмысты жалғастыруға биыл облыстық бюджеттен 88,1 млн теңге бөлінді. Толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен 290,1 млн теңге және Ұлттық қордан 436,1 млн теңге қажет етіледі. Сондай-ақ, өткен жылы басталған Арал қаласындағы №4 шағын ауданға газ желісін тартуды жалғастыруға республикалық бюджеттен 310,8 млн теңге, облыстық бюджеттен 30 млн теңге қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: