Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының өзектілігі ешқашан жойылмайтыны анық. Ғаламның өркендеуіне, қарапайым халықтың емін-еркін, тыныштықта өмір сүруіне бұл қос саланың тигізер пайдасы мол. Сондықтан да, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы мамандарын оқыту, перспективті кадрларды даярлау еліміздің даму жолындағы алғышарт саналуы тиіс. Осы тұста мектеп бітіруші түлектерді құшақ жая қарсы алып, жатын орынмен, сондай-ақ, шәкіртақымен қамтамасыз етіп, келешек кәсіби мамандардың қабілетін шыңдап жүрген көпсалалы колледждерді ерекше атап өткеніміз жөн. Соның бірі – Арал қаласындағы «Арал көпсалалы колледжі». 60 жылдан аса тарихы бар оқу орны күні бүгінге дейін жасөспірімдерге сапалы білім беріп қана қоймай, балалардың шығармашылық қабілетін шыңдаудан тайынған емес.
Арал көпсалалы колледжінің негізі Арал қаласының аумағында емес, ауданға қарасты Сульфат поселкесінде «Кәсіптік-техникалық училище» болып қаланған. Алғашында училище ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау үшін салынған. Сол уақыттары аудан шаруашылығына керекті тракторшы, кіші мал дәрігері, шопан-механизатор кадрларын дайындау мақсатында көбіне Ресейдің Чуваш, Башқұртстан секілді автономиялық республикаларының азаматтары оқып, бертін келе аймақтағы тың өлкелеріне жіберіліп отырған. Кейінірек, Арал аудандық кеңесінің шешімімен 1973 жылдың 17 мамырында оқу ордасы Арал қаласына көшірілді. 1970-80 жылдары Аралдың әр аумағындағы Қарақұм, Тоқабай, Шижаға секілді елді мекендерде филиалдар ашылып, училищенің ауқымы одан әрі кеңейе түсті.
Кәсіптік білімнің қара шаңырағы саналатын колледжде қазіргі сәтте 287 студент оқып жатыр. Оқу орнында ақылы оқу қарастырылмаған. Грант иеленіп, ай сайын стипендия алу үшін оқуға тапсырудың өзі жеткілікті. Көпсалалы колледж ауыл шаруашылығы мен кәсіби білімнен тыс, заман талабына сәйкес ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында да білім береді. Дәлірек айтар болсақ, маркетинг, есептеу техникасы, бағдарламалық қамсыздандыру оқу бағдарламалары бойынша да болашақ мамандарды дайындау жұмысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, тракторшы-машинист, автокөлік жөндеу слесары, электрик, құрылыс саласының мамандары да оқытылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деп қарапайым еңбек адамдарын ерекше құрметпен атап өтті. Рас, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне жауапты, түзде қызметте жүрген еңбек адамдарының абыройы қашанда биік болуы тиіс. Арал көпсалалы колледжінде бұл санаттағы мамандарға баса назар аударылған. Былтырғы бітіруші түлектердің 64 пайызы өздері оқыған мамандық бойынша жұмысқа тұрып үлгерген.
Жалпы ауданы 70380 шаршы метрді құрайтын көпсалалы колледждің 2 корпусы бар. Бірінде студенттер мамандыққа сәйкес арнайы пәндерді, бірінде күнделікті мектеп бағдарламасындағы пәндерді оқиды. 2 оқу корпусынан бөлек, 4 шеберхана, 5 зертхана, техникалық қызмет көрсету орталығы бар. Сондай-ақ, студенттер шығармашылығы үшін кітапхана, АКТ зал және де студенттер үйі жұмыс істеп тұр. Колледж ардагерлеріне деген құрмет ерекше. Ардагерлер үйінде студенттер колледж түлектерімен ашық әңгіме-дүкен құрып, тығыз байланыс орнатуды әдет қылған.
Колледж студенттері қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Көпсалалы колледждер арасында өтетін «WorldSkills» олимпиадасына қатысып, биіктен көрініп жүргендер жоқ емес. Мәселен, 2021 жылы Нұрдәулет Нұрбекұлы республикалық «WorldSkills» чемпионатына қатысып, сертификат иеленсе, Мейрамбек Жұбаев чемпионаттың облыстық кезеңінде 3-дәрежелі диплом алды.
Кәсіптік оқу орны аудандық көптеген мердігер компаниялармен тығыз байланыста. Практика барысында студенттер өздерінің салаларына сәйкес «Электр тарату тораптары» АҚ, «Аралтұз» АҚ, мемлекеттік «Халыққа қызмет көрсету орталығына» барып, тәжірибе жинақтайды. Тағы айта кететін жайт, колледжде дуальды оқыту бағдарламасы жүйеленген. Яғни, мұндағы студенттердің 28 пайызға жуығы аталған оқу бағдарламасы арқылы теориялық білім мен практиканы ұштастырып, шаруашылық, өндіріс орындарында параллельді түрде қызмет атқарады. Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Колледж білім берумен қатар тұрғындарға көмек көрсетуді де қолға алған. Колледж жанындағы ТЖО автомобиль жөндеумен айналысады. ТЖО-да тек қана өз ісінің мамандары ғана емес, колледж студенттері де жұмыс істеп, теориялық алған білімін іс жүзінде көрсетеді екен.
Өзінің ғибратты ғұмырын өнеркәсіп жолына арнаған, қазіргі Арал көпсалалы колледжінің директоры Нұралы Әбішевпен тілдесудің сәті түсті.
– Колледждің құрылғанына биыл 65 жыл толып отыр. Архивті ақтарып отырып бұл оқу орнында көбіне орыстар мен украиндардың оқығанын білеміз. Тың игеруді осы жақтан меңгеріп, Арқалық, Қостанай секілді өңірлерге жұмысқа жіберілген деседі. Сульфат поселкесінде негізі қаланған оқу орны уақыт өте келе аудан орталығына ауысып, бүгінге дейін жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгінде құрамымызда 80-ге жуық инженер-педагог қызмет атқарады. Алдағы уақытта материалдық-техникалық базаны нығайту ойда бар. Сонымен қатар, оқу орнына 65 жыл толуына сәйкес кітап шығаруды мақсат етіп отырмыз, – дейді Нұралы Қалиұлы.
Оқу ордасы «Кәсіптік білімнің қара шаңырағы» атанып кеткені бекер дүние емес. Аудан орталығында орналасса да, бұл көпсалалы колледждің кейбір облыс орталығындағы колледждерге дес бермейтінін, келешек мамандарға бар жағдай жасалып, оңтайлы қызмет көрсетіліп жатқанын байқадық. Бақытжан Бұйраев, Қуанышбай Ердіхалықов, Мұрат Сыдықов секілді азаматтардың да бұл білім ордасынан түлеп ұшып, елге пайдасын тигізуінің өзі тегін емес екені анық. Кәсіптік колледж жас мамандарды даярлауын тоқтатпай, биік белестерді бағындыра берсін дейміз.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ,
Арал қаласы,
Суретті түсірген автор
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!