Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өтірік өсіп, өрге шыққанда, шындық шырылдап, жылайтын болады

28.12.2023, 10:20 3233

Талғат  ТЕМЕНОВ,  Қазақстанның  халық  артисі:

«ADAL Adam» youtube арнасының сұхбат алаңына театр және кинорежиссер, сценарист, актер, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов келді. Ол Қазақстан Назарбаев жүйесі кезінде тозаққа айналғанын, идеология халықты алдауға құрылғанын жеткізді. Талғат Досымғалиұлы Қаңтар қырғынына мемлекеттік төңкеріс деп баға беріп, реваншистердің амалы жүзеге аспай қалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, елімізде Қайрат Сатыбалдылардың ықпалымен діни телеарналар ашылып, жастардың миы уланғаны жайлы айтты. Сұхбат барысында мәдениет саласының, соның ішінде кино, театр өнерінің жай-күйі, Мәдениет министрлігі, «Қазақфильм» АҚ-ның қызметіне және оны басқарғандардың қарым-қабілетіне, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Баян Мақсатқызы сынды тұлғаларға қатысты көзқарасын білдірді. Талғат Теменов әңгіме арасында Арал тағдыры туралы фильм түсіру басты мақсатының бірі екенін жеткізді.

ҚАЗІРГІ  ҚОҒАМ  ШОУҒА  АЙНАЛЫП  КЕТТІ

– Ассалаумағалайкүм, Талғат аға, қазақ өнеріне, мәдениетіне елеулі үлес қосып келесіз, ойыңызды ашық әрі терең айтатын қазақтың зиялы азаматтарының бірі деп те білеміз. Аға, айтыңызшы, қазіргі біздің мәдениет  саласы қай бағытқа қарай кетіп бара жатыр?  Қуанатын  жағы  қандай, әттеген-ай  жағы  қандай?

– Қоғам қайда кетіп бара жатса, мәдениетіміз сонда кетіп бара жатыр. Өйткені, «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» дей ме, біздің қоғам көмескі межелерді белгілеп, соған қарай кетіп бара жатқан секілдіміз. Алайда, жолымыз күңгірттеу, тұмандылау болып тұр. Сондықтан да қоғамның көрінісі қандай болса, мәдениеттің де, әдебиеттің де, руханияттың да белгісі сондай болады деп ойлап тұрмын. Қазақ халқы – негізінен алғанда, өзге жұртпен салыстырғанда бағы жанбаған елміз. Өйткені, біз жүз жылдан астам коммунистік, фашисттік қоғамның құрбаны болдық. Большевизм – бұл фашизмнің бір түрі. Елімізде осы Лениннің келуінен бастап қазақ халқының маңдайынан сор кеткен жоқ. Халық қырылды, тоз-тоз болды, мемлекет деген  аты болмаса, біз – ұлттығымыздан, болмысымыздан, берекемізден, мерекемізден айырылып қалған халықпыз. Сол жетпіс жылға созылған азаптан ке­йін, отыз жыл бойы  тозаққа  түстік. Тозақтың бір қасиеті – тозаққа түскен адам өзі тозаққа түскенін біледі, ол шындық екенін біледі. Бұрын жетпіс жыл бойы жадымызда шала шындық болса, отыз жыл бойы біз түгелдей шындықты жоғалттық. Шындық дегеніміздің өзі – күн мен түндей, су мен құмдай, аспан мен жердей бірінен-бірі ашық айтылатын нәрсе. Біз шындықтан ада болдық. Қай салада да шындықты, шын ойы­мызды айта алмайтын болдық. Жетпіс жыл бойы әңгімені ас үйде айтатын болса, бүгінде, тіпті, ас үйде де айтудан қалдық. Өтірік өсіп, өрге шыққанда, шындық шырылдап, жылайтын болады. Ең негізгі нәрсе – осыда. Қазіргі қоғам шоуға айналып кетті: саяси шоу, телевизиялық шоу, кез келген көріністің бәрі тек шоудан тұратын болды. Той мен шоудан. Қазақтың  күні  осы  екі нәрсемен байланысты. Шоу, саяси шоу, экрандағы шоу, содан кейін той. Той да – шоудың бір түрі. Үшінші, біреу қайтқанда, біреу қайтыс болғандағы өлім де – шоу. Сонымен, дүниенің бәрі тек шоудан тұратын болды. Бұл – біздің адасқан, шаршаған, шалдыққан көрінісіміздің бір түрі. Мен қазір бір адамның, болмаса екі адамның емес, қоғамның шаршағанын, шынайы шындықтан күдер үзгендігінің белгісі деп білемін.

– Бізде «Мәдениет» телеарнасы болды. Бірақ, ол жабылып қалды. Ал біздің мәдениетіміз өте бай. Бір телеарнаның контентін қамтамасыз ете алмайтындай қандай жағдайға душар болдық? Неге біздің өзіміздің төл, ұлттық мәдениетімізге арналған телеарнаның жанашыр­лары  табылмай  қалды?

– Бізде неше түрлі діни канал болды. Әлі де бар. Егер біз Ата Заң – Конституциямызды шын мәнінде бағаласақ, қадірлесек, оны үшінші сыныптың жаман оқитын баласындай «черновик» қылмасақ, егер сол Конституцияны, мына өркениетті Америка секілді өзгермейтін дүние жасағанымызда, басқаша болар еді. Яғни, біздің Ата Заңымыз бойынша дін мемлекеттен бөлек. Содан кейін, егер бізде Ислам дінін уағыздайтын телеарна болса, Қайрат Сатыбалдының желеуімен, қолдауымен, Бекболат, Тазабектердің басшылығының арқасында сондай каналдар болды. Әлі де жоқ емес. Өйтетін болса, мысалға неге басқа христиан, будда каналдары ашылмады? Өйткені үкіметте, биліктің басындағы қолында қаржысы бар, арқасын Алатауға тірегендей арқа сүйер азаматтары, ағалары болғаннан кейін сол каналдар ашылды. Бүгінде біз сол каналдар ашылғалы  бері 25-30 жыл болса, соның жемісін жеп отырмыз. Яғни, сол кездегі әртүрлі ағым жастарымыздың миын, ақыл-ойын жаулап алды. Кез келген жерде ретімен де, ретсіз де Құран бағыштап, анаған да, мынаған  да, сахнада да сол, экранда да сол.

– Яғни, театрда қойылым кезінде де, кинода да  сондай  ма?

– Иә, сондай ағым, сондай үрдіс пайда болды. Ал адамның өмірге келген миссиясы – «ертең өлемін, жұмаққа барамын, болмаса тозаққа бара­мын» емес. Адамның өмірдегі негізгі миссиясы – адами із қалдыру. Яғни, Айтматов айтпақшы, адамның өмірі – күнделікті адам болып өткізу. Негіз­гі миссиясы – осы. Адам, біз, осы отыз жылда дейік, руханиятымыз­ды тоздырып алдық. «Рухани жаңғыру» емес. «Рухани жаңғыру» деген – ақшаны шашу­дың бір түрі. Болды. Біздегі маған ұнамайтыны – науқаншылық. «Мына жылы рухани жаңғыру» деді, «Осы жылы пәлен кітап шығардық, пәлен музейді қалпына келтірдік» деді. Музей содан кейін қалпына келтіруді керек етпей ме? Болмаса, жүз кітап бір жыл шыққаннан кейін келесі жылы керек емес пе? Жоқ. Руханият терезеден енген салқын самал секілді, адам күнде руханиятпен өмір сүруі керек. Дін туралы тағы бір айта кетейін. Адамның болмысы, ғылым мен білім болмаған жерде, көмекке дін келе­ді. Соның ішіндегі ресми дін емес, өзге дін, басқа дін ағымдары келеді. Біздің қазақтың соры – сол басқа  ағымдар  ма  деп  қорқамын…

– Осы театр, кино саласына арнайы, әдейі енгізген  деп  ойлайсыз  ба?

– Көпшіліктің алдында жүрген, сұңғыла болып жүрген, айтыскер боп жүрген, тұлға болып жүрген адамдардың басын улаған кезде, олардың табынушылары да, жақтаушылары, оны іздеушілердің барлығы соның жанынан табылады. Сондықтан, дінмен айналысатын адамдар, дін саласы бізде соңғы 30 жылда пайда болды. Кешегі күнде идеологияның бәрі коммунистік идеология, сол большевизмнің асқағы болса, одан кейінгі жастардың көбі, ақылды, талантты балаларымыздың барлығы осы дінге кетіп қалды. Яғни, әлі күнге дейін осы адамдар өзінің өмірдегі жолын таппай жүр ме деп қина­ламын.

– Бұл  қауіп  пе?  Әлде…

– Бұл – қауіп. Қауіп болатын себебі… Осындайда есіме Мақаш «правитель» түседі. Мақаш «правитель» дейтін Атырау өңірінде үлкен болыс, елге қамқор бола білген кісі болған. Ол мектеп салдыр­ған. Сол кісіге бір рет ауылдың ақсақалдары келіп: «Осындай алты жігіт біздің жылқымызды алып, барымта жасап, тәртіпсіздік көрсетіп жатыр» депті. Сол кезде Мақаш «правитель»: «Алтауын Сібірге айдатамын, итжеккенге» депті. Сонда басқа жақтың ақсақалдары келіп: «Айналайын, Мақаш, сен осындай азаматсың, осындай сұңғыласың. Алайда, отыз алты баланы қайда қуамыз?» дегенде, «Қайдағы отыз алты бала?» деп сұрапты. «Әр баланың белінде алты баладан есептедік» дегенде, шал бетінен қайт­қан екен. Сол секілді біз әр дінге кеткен адамда алты баладан деп есептесек, қазақ халқының талай миллио­ны осы дінге бет алды деген сөз. Мені қорқытатын да,  алаңдататын да – осы мәселе.

– Енді дін деп отырғанымыз, әр нәрсені атымен атағанымыз  дұрыс  шығар, жат діни ағымдар ғой.

– Иә, бізге керек емес ағымдар. Мәдениет және ақпарат министрлігіне құлаққағыс етеміз. Өйткені, бізге қазір ең керегі – руханият. Құстың екі қанаты болатын болса, бір қанаты – экономика, екінші қанаты – руханиятымыз. Біз бір нәрсені ұмыта береміз. Ол біздің Ата Заңда жазылған. Біздің мемлекетіміздің ең үлкен байлығы – ол адам, адами ресурс. Баяғыда менің ұстазым Асқар Тоқпановтың бір айтқаны есіме түседі. Жиналыста заводтың парторгы шығып алып: «Біз биыл пәлен тонна руда өндірдік. Біз биыл пәлен тонна өндіріс шығардық» дегенде, «Маған ол емес, сен биыл қанша адамды бақытты қылдың, соны айтпайсың ба?» деген екен. Сол секілді біз отыз жылда қанша адамды бақытты қылдық? Әңгіме осында. Бұл Шекспирдің сөзінен туады. Қанша адам бақытты бола алды?  Бай болғандарды білеміз. Президентіміз Тоқаев санына дейін айтып берді. 162 деді ме? Ал бірақ қанша адам бақытты болды? Қазақ  халқының  Алла  берген таби­ғи байлығымыздың барлығын кешегі Қаныш­тар, ғалымдары­мыз,  ғұламаларымыз  тауып бергенде, 70 жыл, 50 жыл фашисттік большевизм ұрласа, соның  қалғанын  байшікештер  ұрлады.  Сондықтан да  қандай  байлық  болса  да,  халық  оған  ортақ  болуы тиіс. Өйткені, оның бабасы, ата-бабалары осы жер үшін қан төккен. Қазақ халқында жер үшін қан төкпеген бірде-бір адам жоқ. Қай үйде де, қай шаңырақта да, қай генетиканың барлығында біз осы Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап, аялап келдік. Енді ол тек жердің беті ғана емес, жердің астында да. Ал осыншама тауқыметпен, өлшеусіз бағамен, қыршындардың қанымен төгілген, суарылған даламыздың байлығын ат төбеліндей ғана байшікештер иемденді. Жалпы, халық далада отыр. Сондықтан бүгінгі қоғамда өкпеге емес, ашу-ызаға іші толған халық бар. Халықтың жартысы әлі құлдықтан арыла алмай отыр. Құлдықтың өзі бірнеше түрі болады. Қазіргі құлдық – бұл кредит. Кредиттің құлдары. Яғни, мемлекет, қоғам бізге, адамға қарау­ды, үңілуді қойды. Мені қынжылтатыны – осы. Осындай  қиын  кезеңде  бізге  идеология  қажет.

«ҚҰЛАҚТАН  ТЕПКЕН  ИДЕОЛОГИЯ»  БОЛДЫ

– Тоқаев туралы айтып қалдыңыз ғой. Бір сұрақ қойғым келіп отыр. Сіз Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы­да болдыңыз ба? Жалпы, сол кездегі және одан кейінгі Тоқаевтың, мемлекеттің позициясына қандай  баға  бересіз? Бір  үмітіңізді  оятты ма?

– Әрине. Қазақ халқы қашанда оптимист болған. Ертеңгі күнмен өмір сүрген. Бізді 30 жыл бойы алға сүйреген, оның алдындағы 70 жылда «ертең коммунизм болады» деп алдаса, 30 жылда біз «ертең дамы­ған 30 елдің қатарына кіреміз, дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосыламыз, біз сонау арабтар­дан, шейхтардан, Дубай мен Катардан артық өмір сүретін боламыз» деп, көшенің тілімен айт­қанда, «құлақтан тепкен идеология» болды. Дұрысы, идео­логия болған жоқ. Идеологияның барлығы адамды алдау­ға құрылды. Адамның бұл өмірдегі ең негізгі бол­мысы – шындықпен, үмітпен өмір сүру. Тіпті, шындықтың өзі құрыған, өлген кезде де адам үмітпен өмір сүреді. Біздің қазіргі сақтап қалған жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезі деп көктемді айтушы еді, Наурызда. Сол секілді осындай кезеңде біздің үмітіміздің соңғы салалары ғана қалды. Ендігі соңғы үмітіміз – қазіргі Президентіміз Тоқаев. Қазақ­ша айтқанда, үкілі үмітімізді осы азаматқа артып отыр­мыз. Егер қазіргі Президентіміз үмітімізді ақтамаса, онда қазақ халқының маңдайы­нан мәңгі соры кетпеген ел боламыз. Әбеңнің жазған романы еске түседі, «Соңғы парыз» деген. Егер мен роман жазсам, «Соңғы үміт» деп айтар едім. Қазақ халқы қазір соңғы үмітпен өмір сүріп отыр. Өйткені, жаңағы 162 байшікеш өз байлығын халықпен бөліспейді. Кеше бір детальды қарап отырсам, біз 30 жылда бас көтеретін, ойлайтын азаматтардың көбісін түрмеге тығып, қалғанын асып, атып өлтірген екенбіз. Бұл 37-жылғы репрессияның жалғасы секілді. Жаңағы айтқан қазақ елінің бақытты кезеңдері 25-ші жылға дейін болды. 1925 жылдан 1933 жылға дейін Голощекин мемлекет басына келді, Қазақстанға. Сол Голощекин келгеннен бастап, қазақ халқы нағыз қасіретті, тіпті, «ақтабан шұбырындыдан» да қиын дәуірді басынан өткізді. Біз осы кезеңдерде «ақ­табан шұбырындыда» батырларымызды, жауынгерлерімізді жоғалттық. Бірақ қиналса да, тозса да халық халық болып қалды. Біз жерімізді бермедік. Ал Голощекиннің кезінде, большевизмнің кезінде, біз елімізден, жерімізден де айырылдық. Талай өңір, мына жақтан Орынбор, ана жақтан Астраханьды, Өзбекстанға өз жерімізді бердік. Мәжбүрледі. Біз 30 жыл атом бомбасының құрбаны болдық, полигоны болдық. Одан кейін ашаршылықтың полигоны болдық. Яғни Голощекиннің сөзі бар екен. Ол 1933 жылы Москваға қайтқанда «Сен қайт енді, әйтпесе бір тал да қазақ қалмайды» десе, «Қазақ дейтін кім? Олар – малдар. Разве они люди? Их надо уничтожить» деген екен. Яғни қазаққа деген осыншама дұшпандық, өшпенділік,  жеккөрініштілік (ақырында әрине, оның да түбіне жетті, 1941 жылы өзін де атты Москвада) болар ма? Алайда, еврей Голощекин, қанішер Голощекин болып кеткенімен, оның артында паспортында «қазақпын» деп жазылған «Голощекин» бар. Оны қайтеміз? Яғни, қазір алды­мызда тұрған бір-ақ нәрсе – қайтіп қазақ халқы өзінің болмысын сақтайды, қайтіп қазақ елі бақытты ел болады, қазақ халқын қалай бай, жоқ, бай қылмай-ақ қояйық, тіпті бай қылса да онда тұрған түк жоқ, 20 миллион ол. Біз осы кедейшіліктен, жоқшылықтан, таршылықтан, құлшылықтан қайтіп халықты құтқарамыз? Міне, алдымызда үлкен мақсат, үлкен арман тұр. Осы жиырма-ақ миллион халықты қалай бақытты қылдыру керек? Оған материалдық ресурсымыз жетеді. Саяси шешім қабылдауға да мүмкіндік бар. Бізге керегі – ұлтына, халқына, еліне, жеріне, тіліне жаны ашитын азаматтар. Қазіргі мәселе – осында.

– Жаңа Голощекинды айтып қалдыңыз. Назарбаев жүйесі  мен  Голощекиннің  арасында  қандай  байланыс  бар?

– Екеуінде де ортақ нәрсе бар. Голощекиннің кезінде Сәкеннен, Ахаңнан бастап, бүкіл халық зиялы­сын «халық жауы» деп атты. Ал бергі заманда Алтынбек халық жауы ма еді? Заманбек халық жауы ма еді? Басқа адамдардың атын айтпай-ақ қояйын. Біреуі білсе, біреуі білмес. Мысалы, сол екі азаматты айтайық. Бұлар халық жауы ма еді? Керісінше, олар – халықтың сөзін сөйлеген, халықтың жоғын жоқтаған, халықтың мұңын іздеген азаматтар. Ал қаншама аты аталмаған, бірақ мен білетін азаматтар бар. Қаншама үлкен, жоғары қызметте істеп жүрген азаматтар үн-түнсіз кетті. Мен Аухадиев, Әуелбеков дейтін азаматты білетінмін. Одан басқа қаншама азамат болды. Мен бақытты адамдардың бірімін. Мен Сағадат Нұрмағанбетовты көрдім. Сонда ол кісі Ұлы Отан соғысында батыр болып келіп, елде алғашқы Қорғаныс министрі болып жұмыстан кеткенде, бір блокноты мен қаламын, сосын өзінің шкафында тұрған екі кітабы бар екен, сонысымен ғана кеткен. Мен үйінде болғанда осыншама таза, адал, кемеңгер адамды көріп таңғалдым. Мен кезінде Қонаевтың үйінде болғанда, оның соншама ғұлама, дана, қарапайым, қасиетті кісі екенін көріп таңғалған едім. Және іштей сол кісіге басымды идім. Әлі де басымды иемін. Димекеңнің отыз жыл бойы қадірін білмедік. Саясат солай болды. Неге? Өйткені, Димекеңнің абыройы, кемеңгерлігі, шапағаты, нұры біреулерге көлеңке болуы мүмкін деп қорықты. Ал көп адам сол Димекеңнің шапағатымен өскендер еді. Сол шапағатын көріп отырып, өзіне тас  атқан  адамдар  да  болды.

– Бірақ, Назарбаев кешегі өзінің кітабында Д.Қонаев­ты «өзімнің ұстазым» деп айтқан.

– Мүмкін. Мен кітапты оқыған жоқпын.

– Ұстазға лайық құрмет көрсете алды деп ойлайсыз  ба?

– Жоқ. «Менің ұстазым» дегенде, жақсы шәкірт өзінің ұстазына жағдай жасайды, жақсы шәкірт ұстазының туған күніне барады, жақсы шәкірт ұстазды қашанда құрметтейді. Бізге жетпегені – Назар­баевтың  ұстазына  деген  құрметінің  аз  болғандығы.

– Аз болғандығы ма, әлде жоқ болғандығы ма?

– Жоқ болғандығы. Егер сол кезде Назарбаев Димекең­ді алақанына салғанда, кешегі Қаңтар болмас еді деп ойлаймын. Өйткені, «арбаның алдыңғы дөңгелегі  қайда  жүрсе, соңғысы  сонда  жүреді».

– Яғни, Голощекин мен Назарбаев арасындағы байланыс – ойлы, саналы, елім-жерім деген тұлғаларды  қуғынға  ұшырату. Бір  ғана  байланыс  па?

– Өкінішке қарай, солай. Екіншіден, сол жаңағы айтқан, біз  жерімізден  айырыла  бастадық. Ең негізгісі – біз тілімізден  айырылдық. Тіл – елдің паспорты, халықтың  төлқұжаты. Тілі  жоғалған халық­тың  төлқұжаты  жоғалады.

БІЗДЕ  АБЫЗ  ҚАЛМАДЫ

– Аға, тағы бір сұрағым келгені, күні кеше ғана бірінші Президент ел алдына шығып, түрлі жиналысқа қатысып жүр, қыздары да түрлі мінберде көрініп жүр. Осы  жағдайлар  сізге  қалай  әсер  етеді?

– Бұл да – шоудың бір түрі. Маған шоулар қызық емес. Татарстанның президенті Шаймиев деген­ді көрген жоқпын, бірақ білемін, қадір тұтамын,  таны­масам да сыртынан сыйлаймын. Неге? Ол өзі кеткеннен кейін орнына қазіргі президент Рустам Нургалиев­ичті  қойды. Бірақ Минниханов­тың  бір ісіне де Шаймиев араласқан жоқ, араласпайды да. Мен Қазанға барып, сұрастырып білгенде, Шаймиев­ті бәрі баба дейді екен. Яғни, абыз деген ұғымда. Назар­баев өзі емес, оның қасындағы адамдар Назар­баевты азғырды десе болады. Егер дәл сол, мысалы, Шаймиевқа «кетпеңіз, кетпеңіз» дегендер болған шығар. Бірақ Шаймиевтің ақылдылығы, кемеңгерлігі, дер кезінде кетті. Және әлі күнге дейін сол татар халқының абызы болып қалды. Өкінішке қарай, бізде абыз қалмады. Әйтпесе, Назарбаевтың абыз  болатын  жөні  де, тегі де, орны да болар еді.

– Қаңтар оқиғасын мемлекеттік төңкеріс деп бағалауға бола ма?

– Желтоқсан мен қаңтар айы – қашанда қазақ халқының соры. Димекеңді 1956 жылы ма, алғашқы рет 16 желтоқсанда Хрущев алған болатын кезінде. Екіншісі – мына кешегі Желтоқсан оқиғасы болды, Колбиннің кезінде. Үшіншісі – Қаңтар оқиғасы. Қазақ тарихындағы қанмен жазылған кезеңдер. Қаншама боздақ қырылды, қаншама шаңырақ ортасына түсті, қаншама тағдыр сынды. Тіпті, нақақтан-нақақ атылып кеткен сәбиге дейін болды. Бұл – біздің қаралы күндеріміздің бірі. Бұл – мемлекеттік төңкеріс. Тоқаевтың уыстан шығып бара жатқанын кешірмегендіктен жасалған дүние. Оны ұйымдас­тырғандар – О.Сүлейменов айтпақшы, сол Назарбаевтың қасындағы жандайшаптары. О.Сүлейменов айтқандай, бұл – сол елдің, өңірдің реваншсымағы. Орындалмаған реванш. Олардың өкініші бойынша. Бірақ олар бір нәрседен ұтылды деп ойлаймын. «Біз Тоқаевты қорқытып, үркітіп қуамыз да, орнына қайтып келеміз» деп. Жоқ. Олар Тоқаевты үркітеміз деп ойлады. Тоқаев оған көнбеді. Өйткені, Тоқаев­тың  бір сенетіні – халқы. Тоқаев халыққа сенді, халық Тоқаевқа сенді. Бұл біздің плюсіміз болса, ал енді одан кейінгі репрессия болғанда, сол Тоқаев­тың атын жамылған қанішер деп айтуға болады, оңбаған­дар қалай да оны қаралап, Президентке қара күйе жағуға тырысып, адамның ақылына сыймайтын фашизмге дейін барды. Тырнақтың астына ине тығу, тырнақ жұлу, үтік басу – бұл енді қатыгездіктің ең жоғарғы сатысы. Халықты тағы да ашындыру үшін, қайтадан алаңға шығару үшін жасалған нәрселер. Мұның бәрі эмоциямен келген зат емес, мұның барлығы – дайындалған  дүниелер.

РУХЫ  МЫҚТЫ  АДАМ  ЕШҚАШАН  ЖЕҢІЛМЕЙДІ

– 1986 жылдан бері деп айтайық, барлық Мәдениет министрін білесіз. Осы театр, кино саласында жүріп, бәрінің қабілетіне, атқарған қызметіне куә болдыңыз. Солардың ішінде нағыз Мәдениет министрі мына  кісі еді деп  кімді  айта  аласыз?

– Қазақ өнерінің тарихында 3 министр болды дейді. Ол – Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков. Одан кейін де 2-3 министр болды: Мұхтар Құл-Мұхаммед жаман істеген жоқ, Иманғалиға мүмкіндік бермеді. Алайда басқалардың барлығы әртүрлі саладан келді. Соның ішінде, тіпті, боксшылар да келді министр болып. Серік Ашляв дейтін боксшы болды. Сонда Әуезов театры­на келіп, «Тренировкаларыңыз қандай болып жатыр?» деп сұраған екен. Осындайда еске түседі. Францияның президенті Шарль де Голльдан «Сіз мәдениет министрін қалай көресіз?» деп сұрағанда, оның айтқан сөзі: «Менің Қорғаныс министрім нашар  болса, Франция бір соғыста жеңіледі, егер Ауыл шаруашылығы министрі жаман болса, Франция халқы бір жыл аш қалады, ал егер Мәдениет минист­рі нашар болса, француздар елу жылға кейін қалады». Сол секілді, өкінішке қарай, біздің Мәде­н­иет министрімен бағымыз жанбады. Мәдениет дейтін – халықтың моторы, қанаты. Өйткені, мәде­ниет пен білім бұл руханиятқа тіреледі. Руха­ният дегеніміз – осы. Алла Тағала адамды жаратқанда білек-күшінен басқа, рухы болады. Рухы мықты адам ешқашан жеңілмейді. «Отанды білекпен емес, жүрекпен қорғау керек» дейді. Жүрек деген – ол рух. Негізгі әдебиеттің де, мәдениеттің де, білімнің де, ғылымның да тоғысатын жері осы руханиятқа келіп тіреледі. Руханияты мықты жерде мықты рухы бар ұрпақ тәрбиеленеді. Ал рухы мықты халық ешкім­нен жеңілмейді, ешкімнің алдында бас имейді, ешкімге бас игізбейді, ешкімге төбесін таптатып қоймайды. Міне, рухы мықтылар – осылар. Ғылым академиясын жауып тастадық кезінде. Көптеген инс­титут жабыл­ды. Кезінде Білім және ғылым министрлігі қазақ балаларын үш тілде оқытамыз деп бәле қылды. Бір апалар «Ивановтың системасымен» деп детдомның балаларына қыстың күні үстіне суық су құйып, шынықтырмақ болды. Қаншама бала суықтан қайтыс болды. Оны ешкім білмейді. Қара­гөз қанша бала сатылып кетті шетелге. Осының барлығы – рухы жоқ адамдардың билік басында болғандығының  белгісі.

– Мысалы, Иманғали Тасмағанбетов аз ғана уақыт Мәдениет министрі болды. Енді ол кісі министр болмай-ақ мәдениет саласына көп үлес қосқан тұлға деп білеміз. Соның ішінде оның мәдениет үшін, өнер үшін,  руханият  үшін  істеген  осы  жұмысы  ерлік  еді  деп  айта  аласыз  ба? Қайсы  жұмысын  айта  аласыз?

– Иманғали – талантты азамат. Иманғалидан билік басындағылар именеді, қаймығады, қашып жүреді. Неге?  Иманғалида  ақыл  бар,  сезім  бар. Сосын Иманғали ешкімнің алдында бұқпантайламайды, өз ойын әрқашанда айтады. Өкінішке қарай, билікте Иманғалидай бес жігіт болғанда басқаша болар еді. Иманғалиды сондықтан да бір орнында, бір қызметте 1,5-2 жылдан артық ұстаған жоқ. Өйткені, ол – барған жерінде қашанда халықтың махаббатына бөленіп отырған, халықтың сый-сияпатына оранған азамат. Бірақ, оның артынан да неше түрлі өсек, неше түрлі болмаған ғайбат сөздерді айтып отырды. Әлі күнге дейін оның бақшасына атқан тастар тоқтаған жоқ. Әлі де атылып жатыр. Бірақ, Иманғали – қазақ халқы үшін ұшан-теңіз еңбек атқарған, әлі де атқаратын азамат. Оның қолынан көп  нәрсе  келетін  сұңғыла  саясаткер.

– Сіздің досыңыз ғой. Жиі сөйлесіп тұрасыз ба?

– Сөйлесіп тұрамын. Өйткені, Иманғали – Мәде­ниет министрі болмай-ақ мәдениетке үлкен ықпал еткен, мәдениет үшін талай тер төккен азамат. Ресейде елші болып жүргенде Әлия мен Мәншүкке қазақ батырларының үлкен ескерткішін орнат­ты. Одан басқа Францияда Мұстафаның басына тақтайшасын қойды. Ол істеген істер ұшан-теңіз. Оның бірін білсе, бірін білмейді. Бірақ негізінде, мен ойлаймын, осы 30 жылдықта қазақ халқына, қазақтың руханиятына еңбек еткен екі азамат бар: бірі – Әбіш Кекілбаев, екіншісі – Иманғали. Осы екі азамат болмағанда, бүгінгі шыққан биігіміз де төбе  болып  қалар  ма  еді?

– Қырымбек Көшербаев  ше? Осы қатарға  қосуға  бола  ма?

– Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер дейді бұны. Әбеңнің ізін басқан інілері ғой. Кейінгі толқын. Әбеңнің жасаған он ісінің біреуін ғана Қырым­бек жасаса, Қырымбек бақытты болар еді. Қырымбек те істеген шығар, тырмысқан шығар. Бірақ, мына  екі  азаматтай  руханиятқа  істеген  жоқ.

ҰЛТТЫҚ  ТӘРБИЕДЕН  АСҚАН  ИДЕОЛОГИЯ  ЖОҚ

– Киноиндустриясы дамыған елдер – Франция, АҚШ, Үндістан, Ресей. Мына тұрған Қырғызстан мен Өзбекстанда да бұл сала ілгері кетіп қалды дейді мамандар. «ӨзбекFilm», «Мосфильм» өздері кино түсірмейді. Бірақ, өзінің алаңын кино түсіруге береді. Ал біздің «Қазақфильм» өздері түсіреді, бірақ, киноларын кинотеатрлар арқылы көрсетуге, солар арқылы табыс табуға мүдделі, мұқтаж болмағандықтан, тек мемлекеттің ақшасына қарап отыр. Яғни, мемлекеттің ақшасына қараған соң, сондай бір психология бар сияқ­ты. Бәсекеге қабілетті емес кинолары архивте шаң басып жатыр. Неге «Қазақфильм» және оның айна­ласында жүрген режиссерлер, сценаристтер конкуренцияға төтеп бере алмай жатыр? Неге тоқырап тұр?

– Жалпы, кино дегеніңіз өзі үш түрлі болып бөлінеді: қазіргі шоуға  айналған комедиялар, ештеңе ойламайтын,  ештеңеге  алаңдамайтын, құр бекер 2-3 адамның арасындағы ситуацияны экранға шығару, кино деп атап, ақша табу. Бұл артында, сөзінде береке жоқ, сюжеті сюжет емес, айтатын ойы, идеясы болмаған нәрсенің барлығы – сабынның көпіршігі. Біріншісі, бір қолмен ақша тауып отырып олар қоғамды, көрерменді азғырды деуге болады. Екіншісі – авторлық кино. Бұл – халықтың өте аз пайызы ғана көретін кинолар. Кезіндегі Бергман, Феллинилердің шәкірттері бізде де бар. Бізде де сондай ойлы режиссерлер бар. Үшіншісі – нағыз халықтың жоғын жоқтап, мұңын қозғайтын кинолар. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекет киноға әлі де қаржы бөлуі керек. Себебі, кино – идеология. Халық­ты елге, жерге танытатын өнердің бірі де бірегейі – кино саласы. Сондықтан, егер мемле­кетке имидж керек болатын болса,  ең алдымен киноны орнына қою керек. Өкінішке қарай, біздегі заңның барлығы, керісінше, кино өндірісін дамытуға емес, кино өндірісін тоқыратуға арналған заң секілді көріне­ді. Мәдениет министрлігінің қасы­нан, «Қазақ­фильмнің»  ортасынан Ұлттық киноны дамыту  орталығы  құрылды. Онда жиырма шақты адам – эксперт мүше­сі. Сол эксперт мүшесінің қанша пайызы қазақша оқиды десеңіз, санағанда бір-екі адамнан кейін бітеді. Яғни, ұлттық ана тілінде, мемлекеттік тілде сценарийді оқымаған адам ұлттың жоғын жоқтайды дегенге мен сенбеймін. Бұл жердің бәрінде де бір-ақ нәрсе бар. Ананың айт­қаны, мынаның айтқаны деп емес, осы кино ертең экранға шыққанда ұрпақты, жасөспірімді, келешекті қалай тәрбиелейді? Әңгіме осында болуы керек. Ал соны оқып отырғандардың киноға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Яғни, эксперттерді таңдау, олардың әрқайсысы жеке-жеке ғұлама болғанда ғана басқаша болады. Сонда ғана Мәдениет министр­лігінің айтқан сөзі оң болады. Мысалы, мен осы жолы қатыстым, Әуезовтің «Айқарагөзімен». Өтпей қалдым. Неге? Сол менің жазған сценарийім­ді «оқып едім, мына жері дұрыс немесе бұрыс» деп бір адам айта алған жоқ. Себебі түсінбегендер. Әйтпе­се мен эксперттің мүшесі емес біраз адаммен сөйлес­тім. Соның ішінде академиктер де бар. Менің сценарийіме айтылған сөздер, тілектер енді «нағыз кино болатын» деп отыр. Әңгіме мен қазір өзімді емес, қазақ киносының ертеңі не болады деп, соған алаңдаймын. Өкінішке қарай, тағы да осы жемқорлықтың арқасында «Қазақфильмді» кімдер басқармады? Біреуі өртті болды, біреуі от болды, біреуі шоқ болды, біреуі жоқ болды. Әйтеуір, қазақ киносында да басшыға жарымай қойдық. «Мосфильмге» 90-жылы құлап жатқан жерінде Шахназаров келді. Бүгін­де «Мосфильм» – үлкен бір концерн, мемлекеттің ішіндегі мемлекет. Ал Алма­тының әкімдері «Қазақфильмнің» жерін алғысы келді, оның жеріне қызықты, оны жоқ қыламыз деді. «Қазақфильм» жетім баланың күйін кешіп отыр. Егер «Қазақфильм­де» кино түсіретін болса, оның проценті, яғни, өзінің алатын салығы ұшан-теңіз болғандықтан, елдің бәрі ол жерден қашып кетті. Менің ойымша, «Қазақфильм» суреткердің қашатын жері емес, суреткердің жиылатын жері, бас қосатын орта болуы керек. Бұл талантты актерлар, режиссерлер, драматургтардың ақылдасатын, бас қосатын, пікірлесетін алтын ұясы болуы  керек. Сонда  ғана  қазақ  киносы  өседі.

– Ұлттық киноны дамыту орталығы сізден басқа 150 адамның сценарийін қабылдамаған. Бұл орталық Арыстанбек Мұхамедиұлының кезінде құрылды. Көпшілігі айтады, мемлекеттен бөлінген қаржыны уысында ұстап отыру үшін осы орталықты құрған дейді.

– Енді кімнің қалай құрғанында емес, әңгіме «Қазақфильмнің» құрығанында болып тұр.

– Қазыбек Иса сияқты депутаттар да: «Бұл орталық – сол кездегі министр «Қазақфильмге» ел киноларына арналған қаржыны тікелей жібермей, тәуелді етіп, әсер ету үшін ойлап табылған құрылым. Қазір бұл орталық «Қазақфильмді» ғана емес, яғни қазақ фильмдерін  тұралатып  бітірді»  деп  ашық  айтты.

– Бір-ақ қана қағида бар. Ананы, мынаны кінәлай бермей, қандай болуы тиіс деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келген кезде «Қазақфильм» Мәдениет министрлігі қарауынан шығып, тікелей министрлер кабинетіне бағынуы тиіс. Мысалы, бұрын «Қазақфильм» мемлекеттік комитетке қарайды, коми­тет министрлер кабинетіне қарайды. Яғни, Мәдениет министрлігінің қатысы жоқ еді. Бізде қазір Мәдениет министрлігі болғандықтан, «Қазақфильмде» бір басшы, одан кейін продюсерлік орталық, содан кейін Мәдениет министрі. Қазақтың сөзі бар: «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген. Біз қазір «Қазақ­фильмнің» мәселесін қайтадан қарауы­мыз керек. Әсіресе, заңдарды. Меніңше, кезінде арзанға, бекерге «бармақ басты, көз қысты» қылып, ұлтқа жаны ашымайтын, халыққа қызмет етпейтін, елдің емес, қалтасының қамын ойлайтын адамдарға кинотеатрдың, прокаттың бәрін беріп қойдық. Сондықтан да олар қазақ киносынан гөрі Американың киносын, яғни, қалтасының қамын ойлауды алға қойған. Бұл – ұлтқа жасалған кінәраттың бірі, ұлтқа деген, руханиятқа жасаған қиянаты. Егер біз елдің ертеңін ойласақ, болашаққа үміт артсақ, бала-шаға өсіріп отырсақ, ертеңгі күнге алаңдайтын болсақ, ең алдымен жаңағы айтқан руханиятқа, соның ішінде әдебиет пен мәдениетке, киноға көңіл аудару керек. Себебі, интернетпен, ТикТокпен өскен ұрпақ алысқа  бармайды.

– Яғни, біздің тарихи фильмдерге, қоғамды, халық­ты тәрбиелейтін  фильмдерге ғана ақша бөлу керек. Сондай  сценарийлерді  қабылдау  керек.

– Иә, ұлттық киноға. Ұлттық кино дегеніміз – ұлттық мінез бар кино. Ал енді қазақша сөйлеп, қазақ­тың әдет-ғұрпына қарсы келетін, қиянат келе­тін киноның бізге керегі жоқ. Кезінде бір Білім министрі «Біз ағылшынша оқысақ, өркениетті елдің қата­рына қосыламыз» деп бөсті. Яғни, біз қасымызда тұрған Алатауға арқа сүйемей, сырт жердің төбесіне арқа сүйегендей болып тұрмыз. Қазақ халқындағы ең маңызды дүние – ол ұлттық кодымыз, тәрбиеміз. Ұлттық тәрбиеден асқан академия жоқ. Бізде адам баласын қашанда реттеп келген. Әсіресе, қазақ халқын, Алаш елін, барлық жерін аман-есен құтқарып келген бір-ақ қана сөз болды. Ол «ұят» дейтін сөз еді. Аспаннан түскен төрт кітаптың төртеуінде де осы сөз бар. Әсіресе қазақ үшін «ұят болады» деген сөз «халық жауы» деген сөзден де биік. Біз – ғасырдан-ғасырға түрмесіз болған мемлекетпіз, прокурор, адвокаты болмаған елміз. Бірақ біз – ғасырдан-ғасырға инабатты келін, сөз ұғатын ұл, батыр  жігітті  тәрбиелеген  халықпыз.

– Осындай қасиеттерді оятуға фильмдер әсер етеді ғой. Тоқаев тарихи фильмдер түсіріңдер деп тапсырма берді. Соны біз орындай алдық па?

– Әзірге жоқ.

– Осы кино саласын, әсіресе, мемлекеттің бөліп жатқан линиясы бойынша «жемқорлық» деген дерт пайда болды. Мысалы, «Қазақфильмнің» «Қасым хан» фильмін түсіруге жауапты топтың жетекшісі Ахме­тов «қаржы жымқырды» деген айыппен сотталды. Бұл  саланы  қалай  сауықтырамыз?

– «Қазақфильмнің»  жемқорлығы,  «Қасым  ханның» сценарийін Ақан Сатаевтың әйелінің жаз­ғаны, әрине, менің жынымды келтіреді. Бірақ ол – өткен күн. Оған байланбайық. Менің айтып тұрғаным, Қытайда бір үлкен философия бар екен: «Бір күндікпен емес, мың күніңмен, мәңгілікпен өмір сүру керек» дейді. Осы тұрғыдан келген кезде біз ұлтымызға біткен бойымыздағы жоғалып бара жатқан, уысымыздан шығып бара жатқан қасиеттерді шамамыз келгенше қайтаруымыз керек. Бұл жаңағы айтқан руханият, рух болса, соның ішіндегі үлкен бір қасиет – тек бір ғана «ұят болады» деген сөзбен ұрпақ тәрбиелегенбіз. Бүгінде «ұят болады» деген  сөз  жоқ.

– Қазір жоқ. Кинолардың бәрі боғауыз, орысша-қазақша  аралас  сөздер,  жаргондар.

– Қазақта  тағы  бір  сөз бар «көргенсіз» деген. Бұл – көргенсіздік.

– Жаңа сөзіңіздің арасында айттыңыз ғой, жеңіл-желпі, ойын-сауыққа құрылған фильмдер деп. Оның бастауында Баян Мақсатқызы, Нұрлан Қоян­баевтар осындай комедиялық жанрда фильмдер түсіруде. Сіздің ойыңызша, ол фильм емес шығар, бірақ сондай туындылар. Туынды деп те айту сіздің тарапыңыз­дан қиындау. Бірақ осындай дүниелер шығара бастады, қазір жаңбырдан кейінгі саңырау­құлақтай қаптап кетті. Қазір «шымшық сойса да, қасап­шы  сойсын»  деген  қағида  адыра  қалды,  аға.

– Кезіндегі ойлы, тәрбиелі, ғажап әдеби туындылар болған кезде (әсіресе ХІХ-ХХ ғасыр басында) детектив жанры, сосын орыстар «Қызыл шам» деген эротикалық жанрдағы туындылар пайда болды. Және олардың тиражы әлдеқайда көп болатын. Алайда, шын әдебиет, шын поэзия, шын өнер – мәңгілік. Спорт та, өнер де уақытпен өлшенеді. Спортта секундтар адамның тағдырын шешеді, ал өнерде уақыт жылдармен, тіпті ғасырлармен де өлше­нуі мүмкін. Өйткені, Абай жазған кітаптар, оның фило­софиясы, оның поэзиясы әлі күнге дейін өзінің құнын да, қадірін де жоғалтпаған болса, Шәкен Аймано­втың да киноларының құны әлі жоғалған жоқ. Түсіне білетін көрермен үшін, түсіне білетін ұрпақ үшін. Осы тұрғыдан келген кезде мен осы елдің, осы жердің жай ғана азаматы, ойын бүкпей айтатын тұлға ретінде мені тыңдаған тыңдармандардан, мені көрген көрермендерден бір-ақ қана сұрауым бар. Мүмкін болса, шамаларыңыз жетсе, балаларыңызды екі нәрсеге – ана тілін үйренуге және кітап оқуға үйретсеңіздер деп айтар едім. Бұл – менің  адам  ретіндегі сұранысым.

БІЗГЕ  БАПТАУ  мен  САҚТАУ  ЖЕТІСПЕЙДІ

– «Тобырды халыққа айналдыратын – ол театр, кино» деп айтқансыз. Енді өздеріңіз шын фильмдерді, шынайы туындыларды қашан шығарасыздар? Халық  салыстырмалы түрде көруі керек қой. Қазір қаптап кетті. Қазақта мақал бар ғой, басқалар да, сіз де жүректеріне жақын алмас. «Ит жоқта шошқа үреді» деген. Былайша  айтқанда, қазір шошқалар үріп жүр.

– Менің ойымша, шенеунік – су басындағы мұрапшы дейді. Яғни, әр салаға жауапты адамдар, министр бола ма, орынбасар бола ма, басқа бола ма, осы  адамдар өздеріңіз қойған сұраққа біздер жауап беру үшін жағдай жасасын. Өйткені, «базар­да мың кісі бар, сүйгеніңе сәлем бересің» дейді. Бәйгеге қосқан жүз аттың жүзі де келмейді, біреуі ғана келе­ді. Шенеуніктің мықтылығы дегенде, жаңағы Ілияс Омаров­тың, Өзбекәлінің, Т.Жүргеновтің мықтылығы, көрегенділігі – сол бәйгеден келген аттарын баптай білуінде. Бізге баптау мен сақтау жетіспейді. Біз  өзіміздің  ұлдарымызды не баптай алмаймыз, не сақтай   алмаймыз. Гуманистік кино керек. Гуманизм дегеніміз термин болғанымен, оның ар жағында адамды сүю, адамды құрметтеу болуы керек. Біздің кейіпкерлеріміз экраннан, сахнадан боқтап жатса, ол кино емес. Өмірдегінің бәрі экранға шыға берсе, онда  ол  экран болмайды. Мыса­лы, театрдағы Ғабең  «хас  сұлудың  көз  жасындай  мөлдір  өнер – театр»  дейтін  болса,  мен  айтар  едім, «Кино да – хас сұлудың  көзіндегі тұнып, төгілмей тұрған моншақ». Сондықтан өнер мен әдебиет­тің ең негіз­гі  миссиясы – адамды  құрметтеу. Бағанағы айтқандай, осы 30 жылда қанша адамды бақытты қыла алдық? Ал өнердің негізгі миссиясы – адамды бір жарым сағат бойы бақытқа бөлеу, бақытты қылу. Сол  кинодан немесе қойылымнан шыққаннан кейін  адам өзін бақытты сезінсе, яғни бір күні бақытты болса, екінші күні де бақытты  болатынына  мен  сенемін.

– «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильміңізді мен көрдім. Бала кезден көріп келе жатырмыз ғой, жалық­паймыз, әлі де көре береміз. Сондай бір тамаша туынды. Соның ішінде бір ерекше эпизод бар, аға. Әскери көлікпен Арал деген жазуы бар кемені тиеп, алып келе жатқан эпизод. Осы бір үзік кадр арқылы Ауған соғысының мәселесін, Арал тағдырын сөйлете білгенсіз. Бұл болашаққа жасалған жоспардың бастауы ма?

– Адамзаттың алдында екі ғана үлкен проблема бар. Біріншісі – экологиялық апат. Екіншісі – ядролық соғыстың апаты. Ядролық соғыс теоретикалық нәрсе болатын болса, ал экологиялық апатты біз басы­мыздан өткерген адамдармыз. Біз Семейдің атом бомбасы сынағынан аман қалдық, халық болып қалдық. Ендігі мәселе – Арал мәселесі. Кеше ғана интернетте жүр, Солтүстік Мұзды мұхитта үлкен бір айсберг бөлініп шығып, салмағы бірнеше триллион тонна, ол бері қарай келе жатыр дейді. Оның себебі – Аралдан ұшқан тұздың Солтүстік Мұзды мұхитқа барып қонуы. Ал мұз кез келген нәрсені ерітеді. Яғни, біз – экологиялық апаттан да аман қалмаған, бағы жанбаған елміз. Қазіргі мақсат сол. Аралды жоғалттық, енді маралымызды жоғалт­пасақ екен, табиғатымызды сақтасақ екен деген менің бір-ақ қана тілегім бар. Менің бір жазғаным бар, әлі де жазып біткен жоқпын, орысшасы «От Распутина до Путина» деп аталады. 1861 жылы Александр І крепостное правоны жою туралы заңға қол қойды. Сол кездегі оқымаған, білімсіз, аяғында шәркейі бар, Ахаң айтпақшы, «қара шекпендер» қазақ даласына келді. Біз содан бастап ұлт ретінде, халық ретінде үлкен күйзеліске түстік. Одан кейінгі олардың жендеттері Голощекин бастаған жауыздар біздің елді қырды, жойды. Содан кейінгі жауыз­дары галстук таққан, портфель асынғандары Аралды, Семей­ді құртты. Осы тұрғыдан келген кезде ТикТок алысқа апармас, интернет құтқармас. Бізді аман алып қалатын – біліміміз, ғылымымыз, өнеріміз. Осыларды сақтау керек. Мен дін туралы айтқан жоқпын.

– Арал туралы фильм түсіру ойыңызда бар ма?

– Мен қазір Қызылорда облысының әкімшілігімен осы мәселе бойынша сөйлесіп отырмын. Менің азамат ретіндегі деректі фильм жанрындағы жасаған дүнием бола ма деп ойлаймын. Өйткені, Несіпбек Айтовтың бір өлеңі бар еді: «Аққудың көз жасындай көлге тамған» деген. Сол секілді, менің азамат ретіндегі Аралға тамған көз жасым болардай бір  кино  жасасам  деймін.

– Қолдау  бар  ма?

– Анау күні Бакуде, кеше Ташкентте болған кезде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы Арал мәселесін көтерді. Әрине, көп­теген эконо­микалық проблема да, комбинаттың жарылуы да сол кісіге келе береді. Алайда, әр азамат өзінің ісімен айналысып, өзінің өмірдегі миссиясын орындаса, халқымыз әлдеқайда бақытты болар еді. Яғни, миссиясы дегенде мен суреткер ретінде Арал проблемасын, трагедиясын басқаша айтар едім, көрсетер  едім.

– Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев  мұны  қолдап  отыр  ма?

– Иә,  қолдап отыр. Көрерміз енді, әлі де ұсақ-түйек  дүниелері  бар. Дей тұрғанмен, қол­дайды  деген  үміттемін.

МЕН  ТОЙДАН,  ШОУДАН  ШАРШАҒАН  АДАММЫН

– Ресей президенті Путин ЛГБТ қозғалысына түбеге­йлі тыйым салды. Қазақстанда да солай жасау керек деп ойламайсыз ба? Қазақтың бір зиялы азаматысыз ғой. Мысалы, қайбір жылы кино үйі жын-ойнақ­тың ордасына, түнгі клубқа айналғанын білеміз. Баспасөзде шу болды. «Біздің киногерлердің, әртіс­тердің арасында да біртүрлі адамдар көбейіп бара жатыр» деп дабыл қақты. «Қоғамды экран арқылы тәрбиелейді дегендердің сиқы осындай болса, басқа қандай үміт, қандай қайыр?» деген ғой, аға.

– Яғни, айтып отырған мәселенің барлығы себеп емес, бұл – салдары. Жаңағы айтқан діни ағымдар, ЛГБТ, наркомандар, алкоголиктар, қазіргі синте­тикалық наркомания – ЭКСПО-ның бізге берген сыйының бірі. Біз ЭКСПО-да «Ойбай, қазақ халқын жер бетіне жария қыламыз» деп дүмпуді ұрдық, ұрандаттық. Оның бәрі – сабынның көпіршігі.

– Сонда ЭКСПО-ның түк пайдасы болған жоқ дейсіз ғой?

– Ақшаны миллиардтап-миллиардтап шаштық. Қаншама адам түрмеге тоғытылды. Сол ЭКСПО-ның арқасында бұрын Қазақстанда болмаған синтетикалық наркомания келді. Мен бұны кәсіби мамандармен сөйлескенде білдім және сол рас. Яғни, ЭКСПО-ға дейін Қазақстанда синтетикалық наркомания болған жоқ. Бізде өзіміздің Шу бар. Енді бүкіл қаланың барлығында синтетикалық наркома­ния  бар.

– Кім алып келді оның барлығын?

– Осы ЭКСПО-ның кезіндегі сырттан келген қонақтардан басталды. Одан кейін қазақтың балалары сондай «талантты» ғой, бірден үйреніп алды, ЛГБТ-ны да, наркоманияны да. Бірақ мәселе мұнда емес. Қазіргі  мәселе:  «Жалпы ұлтты қалай сақтау  керек?», «Ұлтты қалай тәрбиелеуіміз керек?». Жаңағы  әке-шешелеріміз айтатын «ұят болады»  деген сөздің қадірін түсіне білген кезде қазақ халқының қайта жаңғыруы содан басталады.

– «Махаббат бекеті» десе, сіз еске түсесіз, Талғат Теменов десе, «Махаббат бекеті» фильмі ойға оралады. Кинодағы барлық кейіпкер де көрерменге танылды. Барлық сондағы кейіпкердің жұлдызын жақты, бағын ашты деуге толық сеніммен айта аласыз ғой? Соның ішінде Баян Мақсатқызының да бағын осы фильм ашты, солай ғой? Сіз өзіңіз бағын аштым деп сеніммен айта аласыз.

– Иә, қазақта сөз бар, «бұлақты көрсең, көзін аш» дейді.

– Енді сол «Махаббат бекетінен» кейін махаббат туралы  фильм  сондай  деңгейде түсірілді деп айта аласыз  ба?

– Қазақ киносын айтатын болсам, есіме түспей тұр. Өйткені махаббат дегеніңіз – бұл романтикалық кезең. Адамның ғашық болатын, әлемді сүйе­тін, табиғаттың гүліне, тасына, топырағына көз тоқтатып қарайтын, әлемге ғашық болатын шақ. Бұл – таза кезең. «Құдай-ау, қайда сол жылдар, махаб­бат қызық мол жылдар, ақырын-ақырын жылыстап, алыс­тап кетті-ау құрғырлар» деп Абай айтқан, Абай жоқтаған махаббат қызық мол жылдар – кез келген адамның бойында болатын үлкен құбылыс, Алланың берген сыйы. Ал өнердің берген миссиясы, соның ішінде әдебиет пен киноның поэзиядан бөлек миссиясы, біз неғұрлым әлемді сүйетін, адамға ғашық болатын, адамды құрметтейтін, адамды аялайтын дүние жасауымыз керек. Осы үшін мемлекеттің миссиясы  да  тек  осыған  байланысты.

– Талғат Теменов өзінің кейіпкеріне, Гүлназға, яғни, Баянға ғашық болды дейді. Әйтпесе, мұндай ғажап туындыны, мұндай сезімді, мұндай махаббатты осыншалықты бере алмас еді дейді. Ол  сөздің  жаны  бар  ма?

– Мен повесті 1977 жылы жаздым, Талдықорған театрында  актер  болып жүрген кезім. Сол кезде «Жалын» журналына Тұтқабай Иманбеков дейтін, қазақ әдебиетіндегі үлкен бір ағайымыз «Талғаттың гүлі мен назы» деп жазып, көлемді мақала берді. Мен  ол  кезде Москвада оқып жүргенмін. Өкінішке  қарай,  кітап өте аз тиражбен шықты. Осыдан 4-5 жыл бұрын ба, әлде 2-3 жыл бұрын ба, түнде бір қыз қоңырау шалды. Еңіреп, жылап тұр. «Талғат аға, мен бұрын естігенмен, оқымаған екенмін, «Гүлназ» пове­сін оқып, зар еңіреп жылап отырмын, жанымды қоярға жер таппай отырмын! Мұншама сұлу дүние­ні қалай жаздыңыз?» деп сұрады. Егер киноның болмысында, драматургиясында, өзегінде, повес­те осындай таза махаббат болмаған болса, кино болмас еді. Яғни, киноның негізгі өзегі қай фильм болса да, оның сценарийіне байланысты, повестің кез кел­ген бетін ашып қалғанда, әрбір бетінде, әрбір жолында, әрбір абзацында төгіліп тұрған жыр болса, төгіліп тұрған сыр болса, мен бекер  тербемедім  деп  ойлаймын. Соның  арқасында кино да солай болып шықты.

– Енді аға, бір адамды осы бір себептен құрмет­теу­ге лайық, оны  кешіруге лайық деп кейде айтып жата­мыз, енді Баян сіздің шәкіртіңіз ғой. Оның қай қылығы, қай ісі үшін оны бір кешіруге, құрметтеуге лайық  деп ойлайсыз?

– Жалпы, мына қоғам жаңағы айтқан экономикалық, тұрмыстық қиналыстан туған өкпе, ызасын сыртқа шығара алмай, анадан-мынадан іздейді. Соның ішінде сол Баянды көріп отырып қызғанатындар бар, оны көреалмаушылық дейді. Соның бақытты болғанын сөз қылатындар жетіп артылады, қазақ «әр кәллада бір қиял» дейді. Біреудің отбасына, шаңырағына тиісудің керегі жоқ деп ойлаймын. Өз басым, Баянмен сөйлеспегелі талай жыл болды. Екіншіден, менің білетінім, бүгінгі мәдениетте, руханият­та Баянның өз орны бар, өзінің еңбегімен, талантымен, қабілетімен дәлелдеген қазақтың дарын­ды қыздарының бірі. Егер аруларымыздың бәрі Баяндай, қолынан іс келетін, еті тірі, әдемі, ақылды қыз болса, онда нұр үстіне нұр болар еді. Баян секілді қыздардың жақсы жағынан үлгі алуға тырысу керек.

– Ескі жүйе туралы да біраз айттық, Назарбаевтың қай сөзі, қай ісі, қай әрекеті үшін оны кешіруге лайық деп  ойлайсыз?

– Енді оны кешіретін, ол, біріншіден, сотталған адам емес, мен оны соттауға хақым да, құқығым да жоқ. Бірақ мен Назарбаевтың бір ісі үшін ризамын, ол біздің шегарамызды бекітіп берді. Міне, Назарбаевтың қазақ халқына жасаған ерлігі. Ал оның басқа істеріне, оның бала-шағасына, жақын тумаларына менің қатысым жоқ, оларды мен айтқым келмейді. Өйткені ол – менің  деңгейімнен басқа нәрселер, менің  адами болмысыма келмейтін, олардың  мен қабылдамайтын қасиеттері бар. «Исаның жолы бір басқа, Мұсаның жолы бір басқа» дейді, менің жолым олардан бөлек кеткен адаммын. Мен мүмкін физикалық тұрғыдан олар отырған жиналыста отырған болармын, олар өмір сүрген қалада тұрған болармын, бірақ менің жолым басқа! Сондықтан да бүгін мен жиналыстарға, тойларға көп бара бермеймін, барғым да келмейді. Өйткені тойдан, шоудан шаршаған  адаммын.

– Осыған ұқсас сұрақ болсын, 8 жылға сотталып кеткен Арыстанбек Мұхамедиұлының қай ерлігі бар деп ойлайсыз, ақтап алуға болатын?

– Қазір «Слова пацана» дейтін орыс сериалы шығып жатыр, елдің құлап, сүрініп жатқан киносы. Оның артында «Слова пацанада» бір философия бар: «лежащего не бьют» дейді, қазақша айтқанда, «сүрініп жатқан адамды тебудің керегі жоқ». Арыс­танды соттады, үй-мүлкін тәркіледі, адамның алдын­да да таяқ жеді. Қазақша айтқанда «ұят болды» деген сөз осыдан шығады. Арыстан өзі қолынан іс келетін ақкөңіл жігіт еді, Назарбаевты құртқан қасындағы уәзірлері сияқты Арыстанның да қасындағы  адамдары  сенімсіз  болды.

– Уақыт бөліп келгеніңізге, мәнді-мағыналы әңгіме айтқаныңызға мың алғыс! Шығармашылық табыс тілейміз! Алдымызда  жарқырап  жүре  беріңіз!

Сұхбатты  жүргізген  Дәурен  СЕЙТЖАНҰЛЫ.

Қағазға  түсірген  Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: