(қияли сатира)
Демалыс күні ішім пысты. Күнделікті тірліктен жалығып кеттім. Сізге өтірік, маған шын, қазақ ертегілерінің əлеміне саяхат жасадым. Кəдімгідей төбеден түскендей сол жаққа топ ете қалдым. Жазық далада жалғыз ағаш үй тігулі тұр. Ішіне кіріп бардым.
– Армысыздар, ағайын!
– Тəңір жарылқасын! – деді орта бойлы шал. Қасында кемпірі ұршық иіріп отыр.
– Ата, бұл қай ертегі?
– Қаңбақ шал. Мұндай ертегіні естуің бар ма?
– Əрине, бала кезімде əжем айтып беруші еді.
– Шырағым, баяғыда құлағымыз көп шулайтын, қазір тиыш. Соған қарағанда бүгінгі қазақтың балалары бізді көп біле бермейді-ау, – деп Қаңбақ шалдың кемпірі күңкілдеді.
– Кемпір, бұлар бізді не қылады? Өмірлері онсыз да ертегі ғой. Ол жақта қазір өңкей айтқыштар тұрады. Бізді ұмытты.
– Бəсе, солай ма?
– Балам, мұнда жай келдің бе? – деп Қаңбақ шал қасыма жақындады.
– Осы сіз түйені түгімен жұтатын жалмауыз дəулер мен біреуді біреуге айдап салатын жағымпаз, өтірікші, қу түлкіден қалай құтылып кеттіңіз?
– Ее, балам шамасы ертегіні дұрыс тыңдамаған екенсің. Оны неге сұрадың? Еліңде дəулер мен түлкілер пайда болды ма?
– Солай болып тұр. Ертегіші көп. Тыңдай-тыңдай құлағымыз жара болды. Олардың сазайын беретін сіз сияқты бір шал керек болып тұр.
– Естуімше сендерде жалғыз көзді дəулер үшеу емес көп қой. Қу түлкілер толып жүр. Оған менің шамам жетпейді. Алдар көседен көмек сұра, – деді.
– Ол қайда тұрады?
– Екі көлді кешіп, жеті қырдан асып өтіп жетесің.
– Алдарға баруға менің уақытым аз. Басқа амалы жоқ па? – дедім.
– Оған барлық қазақ ертегілерінің кейіпкерлері Ертөстік, Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақ, Күнекей қыз, тіпті Қылкеңірдек пен Шибұттар қол ұшын беру керек. Айтпақшы, менде «Ұр, тоқпақ» бар. Бұл қоғамыңды жайлаған жағымсыз кейіпкерлермен күресуге көп көмек береді, – деп, ағаш үйдің керегесінде ілулі тұрған тоқпақты қолыма ұстатты.
Қуанып кеттім. Өз елімнің таусылмайтын шым-шытырман ертегісіне қайта оралдым.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!