Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы Әнуарбек Қалтаевты және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әбдіғаппар Әмірғалиевті 75 жас мерейтойымен құттықтады.
«Сыр өңірінде адал еңбек етіп, халықтың құрметіне бөленген жандар жетерлік. Парасат биігіндегі ардақты азаматтарымыздың арқасында әрқашан бекем бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан қаласындағы Ұлттық құрылтайда «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», – деген болатын.
Біз адал қызмет атқарып, саналы ғұмырын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына арнаған, елдің қошеметіне бөленген өздеріңіздей азаматтарға лайықты құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырдық», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шара барысында мерейтой иелеріне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Еңбек ардагерлерін Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы құттықтады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!