Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қасқырға қой бақтырып» жүрміз бе?

23.01.2020, 8:35 585

Естеріңізде болса, 2019 жылдың 15 қаңтарында Қарағанды облысындағы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тапты. Ашығын айту керек, бұл қылмыс қоғамдық резонанс тудырып, елді дүр сілкіндірді. Қорықшының өлімінен кейін ғана сол саланың жоқ-жітігі ақырындап айтыла бастады.

Жыл жылыстаса да қаза тапқан қорықшының жанкешті әрекетін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Бірақ «жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, қорықшының барлығы Ерлан Нұрғалиевтей қызметіне адал емес боп шықты.

16 қаңтарда «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Қармақшы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары және «Охотзоопром» РМҚК өкілдерімен бірлескен рейдтік іс-шарасы кезінде аудан орталығынан  15 шақырым жердегі «Тышқантам» деп аталатын аумақтан «Ланд Крузер ЛЗ76» маркалы автокөлігі тоқтатылған. Мәліметтерге сүйенсек, олар «Охотзоопром» қызметкерлері екені белгілі болған. Құзырлы орган өкілдері автокөлікті сырттай қарау кезінде автокөліктің артқы бамперінен қан іздерін байқап, жүргізушіден жүк салғышты ашуды талап етеді.

– Өз кезегінде, автокөлік жүргізушісі және жанында отырған  «Охотзоопром» ӨБ РМҚК-ның  2  қызметкері полицейлердің талаптарына бағынудан бас тартып, оқиға орнынан автокөлікпен бой тасалаған. Одан кейін полиция қызметкерлері қашқан автокөліктің артынан жүріп отырып «Охотзоопром» тұрағында ұстаған. Автокөлікті тексеру барысында 1 дана тегіс ұңғылы қару, пышақ және прожектор табылып, заттай дәлелдеме ретінде алынды. Сонымен қатар, автокөліктің артқы жүк салғышынан 1 дана ақбөкен аңына ұқсас өлі жануар денесі анықталды, – деп хабарлады Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бүгінде ұсталғандардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынса, қалғандарына қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-бөлігінің 2, 4-тармақтары бойынша (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу, адамдар өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. 

Біз осы «қасқырға қой бақтырып» жүрген жоқпыз ба?

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: