8-9 желтоқсан күндері облыс әкімінің қолдауымен «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық жобалар фестивалі өтеді. Дәстүрлі түрде өтетін бұл жоба – «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттары бойынша бір тәулік ішінде ІТ саладағы ерекше жобалар жасауды мақсат етеді. Аталмыш фестивальге көршілес мемлекеттермен қатар республиканың өзге де облыстарынан қатысушылар бақ сынаспақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ақпараттық технологиялар орталығының директоры Қанат Қараев хабарлады.
– Фестивальдің негізгі мақсаты – аймақтың дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушылығы бар жастардың жаңа жобаларына қаржылай қолдау көрсету болып табылады. Ауқымды шараға шалғай елді мекендерде тұратын ауыл жастарын тарту мақсатында 25 қараша мен 3 желтоқсан аралығында «Inno.Fest Roadshow» атты кездесулер өткіздік. Осы кездесуден кейін белсенді жастар қатары артады деп ойлаймыз. Жобаның жүлде қоры – 3 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ, әр секциядан үздік деп танылған жастарға Astana IT университетіне, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне, Болашақ университетіне, Қызылорда Ашық университетінің оқу гранттары беріледі. Сондай-ақ, фестиваль серіктестері бағалы сыйлықтарын табыстайтын болады, – деді Қанат Қараев.
Өз кезегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Kyzylordа Hub бизнес-инкубаторының» жетекшісі Жанарыс Түлекбаев жобаның еренкшілігіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық жобалар фестивалі жергілікті атқарушы органдардың жастарға берген үлкен мүмкіндігі деп білеміз. Осы жоба аясында көптеген жас өзінің идеясын іске асырып, жобасына қолдау тапты, білім гранттарына ие болды. Биыл да бұл жоба өз жалғасын табуда. 8 желтоқсан күні қатысушылар жобалар жұмыстары секциясында барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі. Олар 24 сағат ішінде өз жобаларын іске асырып, қазылар алқасына таныстыруы керек. Үздік деп танылған қатысушыны 9 желтоқсан күні студенттер сарайында анықтап, марапаттайтын боламыз. Барлық қатысушыларға сәттілік!, – деді Жанарыс Алтынбекұлы.
Айта кетейік, өткен жылы «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық жобалар фестиваліне 1700 жас ниет білдіріп, 200-ге жуық команда 3 бағыт бойынша өз жобаларын қорғаған болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!