Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітапхана қоржыны «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен толықты

23.11.2023, 18:25 466

 «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы – қазақ әдебиетінің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған туындыларын жарыққа шығаруды көздейтін бірегей жоба. Бұл – қазақ әдебиетін модернизациялау, әлемдік деңгейге көтеру сияқты игілікті мақсат жолындағы нақты қадамдардың бірі. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қоры «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы бойынша жарық көрген кітаптармен толықты.

Қазақ әдебиетінде сұранысқа ие қаламгерлердің бірі Нұрғалымұлы Ұларбектің үш бөлімнен тұратын «Сөз тарту» кітабына зерттеу, сұхбат, эссе, мақалалары енген. Бірінші бөлімде қазақ детективінің атасы атанған майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығын арқау ете отырып кейіпкердің қисапсыз қиындықпен өткен балалық шағы, соғыс өртіне шарпылған жастық шағы туралы сыр шертеді, екінші бөлімде әдебиет, мәдениет және өнер жайында осы саланың белгілі тұлғаларының ішкі сырына үңіліп, олармен сырласа отырып бүгінгі жас буын талғамын таразылайды. Соңғы бөлімде қоғамдағы түйткілді мәселелер туралы мақалалар мен тағылымды тұлғалар жайындағы эсселер топтастырылған.

  Жас ақын Бақаш Ерғалидің «Тылсым түн» кітабына тұнық та сырлы лирикаларымен қатар түннің тылсым әлеміне бойлаған өлеңдері топтастырылған. Сурет пен образға, ой мен ішкі толғанысқа толы жинақтың өзіне тән ерекшелігі, жаңашыл қолтаңбасын байқауға болады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, талантты жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жан» атты жаңа жинағына «Көш», «Құса», «Көкжал», «О дүниедегі кездесу», «Дауыс», «Жылап аққан тамшылар», «Ажал», «Жұбаныш», «Жан», «Алланың әмірі», «Жатбауыр», «Жын», «У», «Тор» тәрізді таңдаулы әңгіме-хикаяттары топтастырылған.

Өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен келген талантты жас ақын Жәнібек Әлиманның «Жұлдызымның жорығы» атты жыр жинағы  – ақынның екінші кітабы. Жас ақынның тұнық сезіммен көмкерілген өлеңдері енген «Серт» атты алғашқы кітабы 2015 жылы жарық көрген еді.

Қарағандыда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» байқауының жеңімпазы, ақын Айзада Рахымжанованың «Алтын тамыр» өлеңдер жинағы жыр сүйер қауымды баурап алары анық.

Журналист Ержан Жаубай құрастырған «Қазақтың жылқыға қатысты мақал-мәтелдері» жинағы алғашқы еңбегі. Қазақ атауы жылқы ұғымымен біте қайнасып, бірігіп кеткендігі сондай бұл екі ұғымды бір-бірінен бөле қарау мүмкін емес.

Бұл көшпенділердің дала философиясын тамыршыдай тап басып көрсетер қысқа да, нұсқа мақалдарды оқи отырып жылқы жануарына қатысты ерекше үш жағдайды түсінуге болады. Бірінші: Жылқы психологиясын меңгеру; Екінші: Жылқы бағымы; Үшіншісі: Жылқыны пайдалана білу.

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі сын жанрының жалауын жоғары ұстап жүрген зерделі сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлының еңбектерінде жаңа леп, тосын ойлар өріліп отырады. Сыншы қаламынан туған «Ақ жауын», «Қазақты сүю», «Қарлығаш дәурен», «Жүрек сөзі», «рух жыры» секілді еңбектері ұлт руханиятының дамуына айтарлықтай үлесін қосқан туындылар. «Мұқағали ғасыры» атты кезекті туындысы да оқырман қауымға жаңа қырынан көрініп, рухани дүниеміздің өсіп, дамуына сүбелі үлес қосатыны даусыз.

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің  «Қалам ұшындағы миф» атты жинағына қалғымайтын қалам иелері туралы әдеби эсселер топтастырылған. «Жазушы мен тарихшы» роман-эссесінде де қаламгерлік миссия алға тартылады. Кейіпкерлердің тағдыры әртүрлі болғанымен, жинаққа енген шығармалардың барлығының тақырыбы бір. Мұнда қаламгерлік пен қайраткерлік қатар өрілетін өмірдің тылсым да құпия һәм жұмбақ сырлары шертіледі.

Әдебиет сүйер қауым!  «Жаңа қазақ әдебиеті»сериясымен жарық көрген кітаптармен танысып, оқуға шақырамыз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: